24 Тамыз 17:13

Ат жақсысы кермеде... Түрмелердегі жағдай қандай?

Фото:

Қылмыскердің жазасы қалай және қайда өтелетінін сот шешеді. Қазақстан Республикасы бойынша 80 қылмыстық атқару жүйесі бар. Түрмедегі тәртіпке баса назар аударылып жатыр. Сол себепті қазіргі таңда еліміздегі түрмелердің ахуалы қалай? Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қандай шаралар қолданылып жатыр?

Nege.kz сайтының сауалына ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма басшысы, әділет подполковнигі Бибігүл Серікқызы Мұңайтпасова жауап берді. 

Б.Мұңайтпасова.

 Түрме реформасы дегеніміз не және бұл шара белгілі бір жүйеге түсті ме?

– Пенитенциарлық жүйені реформалау халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Оларға – ұстау жағдайлары, тамақтандыру, медициналық көмек, сотталғандардың құқықтың жағдайын жақсарту, олардың жұмыспен қамтылуын арттыру жатады. 

«Қылмыстық заңнаманы жетілдіру және жеке тұлғаның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша» заңға енгізілген өзгерістердің арқасында денсаулығына байланысты босату туралы ұсыныстарын қарау 10 күнге қысқартылды, кездесулер саны жылына 2 күнге ұзартылды, шағымдарды электрондық форматта жолдау құқығы енгізілді.

Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы ақпанда қабылданған жаңа қаулысының арқасында сауқаттар мен сәлемдемелердің салмағы (14-тен 20 кг-ға дейін) ұлғайды, өзімен бірге алып жүруге, сәлемдемелерді мекеме жанындағы дүкендерден сатып алуға рұқсат етілетін заттардың тізімі кеңейтілді.

Өткен жылы қазақстандық колонияларда азық-түлік өнімдері мен бірінші кезекте қажетті тауарларды сатып алу үшін «Электрондық дүкендерді» енгізу жұмыстары басталды. Сауалнама нәтижесінде бұл жаңалыққа сотталғандар мен олардың туыстары оң баға берді. Бұдан басқа, пробация қызметінің есепке алынған адамдарын бақылаудың техникалық құралдары енгізілуде, атап айтқанда, жазаны өтеу тәртібін бұзатын сотталғандарға қатысты электрондық білезіктер пайдалану қарастырылып жатыр.

Сотталғандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Соқыр аймақтарды» қоспағанда, пенитенциарлық мекемелерді жаппай бейнебақылаумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Медициналық қызметті денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылдан бастап бұл функция толығымен Денсаулық сақтау министрлігіне өтеді. 

Сонымен қатар, жаза орындаудың ашықтығы мен айқындығы, қоғамдық-бақылау комиссияларының жұмысы басты жолға қойылады. Олар жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтарының сақталуына тәуелсіз мониторинг жүргізеді. 

 Қазіргі эпидахуалға байланысты түрмедегі жағдай қандай?

– Бүгінгі күні сотталғандар мен тергеудегілер қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Короновирустық инфекцияның жаңа штамдарын жұқтыруға және таратуға жол бермеу бойынша шаралар күшейтілді. Ол үшін Палаталар мен кабинеттер желдетіледі, кварцталады, сондай-ақ маска режимі қатаң сақталады.

Пенитенциарлық мекемелердің қызметі Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25.12. № 67 қаулысына, соңғы енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен 2021 жылғы 14 шілдедегі № 32 қаулысына сәйкес ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, елде COVID-19 ауруының өсуінің қолайсыз болжамын, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдардың көп жиналуын ескере отырып, ҚАЖ мекемелерінде режимдік объектілерде ұсталатын адамдар арасында осал топтарды вакцинациялау арқылы аурудың өршуінің алдын алу және оған жол бермеу мәселесі пысықталды.

Айта кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцинациялау алдында міндетті түрде егілетін адамды тексеру жүргізіледі. Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар болған жағдайда үдемелі созылмалы аурулары және аллергиялық реакциялары бар науқастарға вакцина салынбайды. 

 Түрмеде сотталғандармен тәрбие жұмысы қалай жүргізіледі?

– Пенитенциарлық мекемелердегі сотталғандармен тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мекемелерде сотталғандарды түзеуге, яғни олардың заң талаптарын сақтауға, еңбек етуге және өзге де қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға, білімдерін және мәдени деңгейлерін арттыруға, оңалту бағдарламаларына қатысуға ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Бүгінде түзеу мекемелерінде жалпы білім беретін 50 оқу орнының орта білімі жоқ 1261 сотталғанға есігі ашылды. 

Қазақстан Республикасының Конституциясында 30 жасқа толмаған азаматтарға міндетті түрде орта білім алу көзделген, бұл талап қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде де міндетті түрде сақталады. Сонымен қатар, 30 жастан асқан сотталғандар да орта білім ала алады.

Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бас бостандығынан айыру орындарында 2020-2021 жылдарға арналған оқытуды кейс-технологиялар, яғни мектеп мұғалімдерінің тапсырмаларды мекеме қызметкерлеріне беру арқылы ұйымдастырды.

Оқу жылы басталар алдында ҚАЖ мекемелері оқушыларды оқыту үшін қажетті барлық заттармен: дәптерлермен, қаламдармен, қарындаштармен және т.б. қамтамасыз етеді. Сотталған оқушылар сыныптарға жасы бойынша емес, білім деңгейі бойынша қабылданады. Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында ҚАЖ Комитеті адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы (PRI) өкілдерінің және жобаның сараптамалық қолдауымен «VNIMANIYE.KZ», «Өкіну», «Болашаққа хат», «Менің өмірімдегі бақытты күн» тақырыптары бойынша ең жақсы шығармаға арналған әдеби онлайн-конкурс ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Бір ай ішінде ҚАЖ-дың 73 мекемесінен 490 сотталған әдеби байқауға қатысуға ниет білдіріп, 519 шығарма дайындаған. 

– Түрмеден босап шыққандар қалай бақыланады?

– Қылмыстық-атқару кодексінің және  «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес бас бостандығынан айырудан басқа заңмен айқындалған жаза түрлерін орындау кезінде сотталушының мінез-құлқын түзеу және қалыптастыру, оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету пробация қызметінің міндетіне жатады.

Қолданыстағы заңнамада ҚАЖ мекемелерінен босатылған адамдарды жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру бойынша бақылауды пробация қызметі істейді. Тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны бойынша есепке алынғандарды тексеру, сондай-ақ профилактикалық әңгімелесу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. 

Маржан Сәбет, Алматы.

Тегтер: