29 Наурыз 13:16

Астанада жаңа жол өткелі салынбақ

Фото:

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте елдегі автожолдардың мәселесі сөз болды. Осы тұста автожолдар тақырыбы 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылуы керек «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының ең маңызды бөліктерінің бірі екенін айта кеткен жөн.

Брифингте NEGE тілшісі Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлына осы жоба шеңберінде жасалып жатқан жұмыстарға қатысты сауалдарын жолдаған еді.

Амангелді Әуезханұлы ОКҚ алаңында

– Жыл басында Роман Скляр республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдар үлесін 2025-ке дейін 100%-ға жеткізуді көздеп отырғанын айтты. Автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құраса оның қанша бөлігі жаңаруы тиіс?

–Бүгінгі таңда республикалық жолдар желісінің тоқсан екі пайызы нормативті жағдайда екенін айта кеткім келеді. Ал жергілікті жолдар желісінің сексен пайызы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

–Екі ай бұрын үш шақырым жол жөндеуден өтсе қазіргі статистика қандай? 2023 жыл бойынша нормативті жолдар үлесі қаншаға жетпек?

–Осы жылдың аяғында жөнделген жергілікті жолдар сексен жеті пайызға жетеді, ал республикалық маңызы бар жолдарды тоқсан үш пайызға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елдегі жол-көлік оқиғалары алты пайызға, олардан қайтыс болған азаматтар саны жеті пайызға және жараланғандар алты пайызға өскен екен. Жергілікті маңызы бар жолдар, айналма жолдарды жөндеу мен жаяу жүргіншілер өткелдерін салу нәтижесінде бұл жағымсыз көрсеткішті азайтуға бола ма? Оған қатысты қазір жасап жатқан жұмыстарыңыз бен алдағы жоспарларыңыз қандай?

–Сұрағыңыз өте дұрыс. Біз биылға дейін қырық тоғыз елді мекеннің айналма жолын салғанбыз. Сонымен қатар жолдың үстімен өтетін он тоғыз жаяу жүргіншілер өткелдері салынған. 2025 жылға дейін жетпіс сегіз елді мекеннің айналма жолын салу жоспарымызда бар.

Сондай-ақ биыл тағы да он жол үсті өткелін салуды көздеп отырмыз. Оның сегізі Алматы, екеуі Ақмола облысында болады.

Қосымша айта кетсем, жолдың бойында тоқсан төрт камера қойғанбыз. Қазір оның отыз үш камерасы жұмыс істеп тұр. Өздеріңіз білесіздер, мына жол қауіпсіздігінің басты кепілі – көлік жылдамдығын реттеу. Көп жағдайда оны асырып жібереді. Біздің жолдар екі жолақты болғаннан кейін қарсы жолаққа шығып кетеді де апаттар орын алып жатады. Содан адамдар зардап шегеді.

фото: ғаламтордан

– Ол камераларды өздеріңіз қадағалап отырасыздар ма сонда?

–Біз қазір тоқсан төрт камераның бәрін Ішкі істер министрлігімен бірге бақылап, жылдамдықты реттейтіндерді қойып жатырмыз. "Сергектер" жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Қазір «Астана-Бурабай» жолында да тұр олар. Онда жылдамдыққа рұқсат берілгені жүз қырық шақырым. Бірақ  ол жерде 180-200 шықырыммен жүреді.

Ал екі жолақты жолдарда жылдамдықты жүз шақырымнан асырмау керек. Жол қозғалысында көлік жылдамдығын асырғандар үшін айыппұлдар түсіп те жатыр.

Спикердің айтуынша, биыл бірқатар ірі жоба жүзеге асып жатыр. «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» дәлізінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Құрты-Қапшағай» учаскелерін қайта жаңарту жалғасып жатыр. Жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланып отыр екен.

Тегтер: