Ассамблеяға – 30 жыл: Нақты белес пен тегеурінді міндет

Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл.
Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Соған орай, президент 23-24 сәуір күні Астанада ассамблеяның кезекті сессиясы өтетіні туралы өкімді хабарлаған. Бұл мерейлі басқосуда қандай мәселе сөз болады? Инстиут 30 жылда қандай шаралар атқарып, нендей жобаларға мұрындық болды?
Наталья Дементьева, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:
Ассамблея кеңесші қызметтен конституциялық құқыққа ие болды

– Қазақстан халқы ассамблеясы 30 жылдың ішінде жан-жақты трансформациядан өтті деуге болады. Сонау жылдары Ассамблея институты құрылған кезде консультативті, яғни кеңесші қызметін атқарған еді. Қазір уақыт өте келе мәртебесі көтеріліп, конституциялық құқыққа ие болды. Яғни, Конституцияға енгізілген түзетулер мен өзгерістерді қабылдағанға дейін Парламент мәжілісінде 9 депутат, ал түзетуден кейін ассамблея атынан сенатқа 5 депутат тағайындалды. Бұл мүмкіндік Ассамблеяның мәртебелік ерекшелігін көрсетеді.
Бейбітшілік пен келісім саясаты, халық бірлігі – мемлекеттіліктің қалыптасуы мен нығаюының және дамуының қуатты факторы екенін дәлелдейді. Бұрын ассамблея елдегі этностардың мүддесін білдірсе, бүгінде азаматтық қағидатқа, ортақ мақсат-міндеттерге, сондай-ақ біріктіруші құндылықтарға негізделген барлық этносты біртұтас ұлт ретінде біріктіру жұсысын жалғастырып келеді.
Сол сияқты ассамблея көптеген бастаманы табысты жүзеге асырды. Оның ішінде Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Әйелдер ассамблеясы, «Жомарт жан» қайырымдылық орталықтары, Жас ғалымдар клубы, Медиация кеңестері, одан өзге еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істейтін 34 Достық үйі бар. Бұл азаматтық құрылымдар республика бойынша мыңнан астам этно-мәдени бірлестіктерді тарта отырып, қоғамдық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келді.
Дегенмен, ассамблеяның қызметінде ерекше орын алатыны – еріктілердің көмегімен ұйымдастырылатын қайырымдылық институты. Мысалы, «Жүректен – жүрекке» жобасы аясында былтыр су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1700 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл көмектің жалпы сомасы – 800 млн теңгеден асты.
Сондай-ақ, ассамблеяның ең басты жетістігінің бірі – экономикалық, мәдени-әдеби салалардың өрлеуіне негіз болатын ел тыныштығын сақтау және мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу. Бүгінде мемлекеттік тіл – барлық этносты біріктіруші факторға айналды. Мемлекет ассамблея арқылы Қазақстан этностарының тілі мен мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Бүкіл қазақ қоғамын дамытатын жалпы ұлттық міндеттерді жүзеге асыруда. Ал ассамблея институтының 30 жылдық мерейтойын атап өту аясында 200-ден астам әртүрлі іс-шара, оның ішінде республикалық және өңірлік форумдар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, этно-мәдени фестивальдер және қайырымдылық акциялар, тағы басқа іс-шаралар жоспарланған. Ең бастысы, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және мәдениетті дамытуға ықпал ететін жобаларға ерекше мән берілмек.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламент сенатының депутаты:
13 қоғамдық жобаның бесеуіне 5 сенатор жауапты

– Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісімнің нағыз алтын көпіріне айналды десек артық болмас. Екіншіден, биыл ассамблеяның құрылғанына – 30 жыл. Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай талай жұмыс атқарылды және бұл жалғасын тауып келе жатыр. Ассамблея қандай қиын сәтте де Қазақстан халқымен бірге жасап келеді. Осы тұрғыда институттың негізгі жобаларын атап өтсем деймін. Бұл «Мың бала», «Ұлы даланың ұлтаралық қатынас тілі», одан бөлек түрлі қайырымдылық іс-шаралар өткізеді. Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына, еліміздің қоғамдық келісімін, бірлігін нығайтуға қатысты Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде маңызды жобалардың өзі бір төбе.
Жыл сайын жалғасын тауып келетін «Қайырымдылық керуені» атты жоба аясында ассамблея меценаттары, бизнес өкілдері жан-жақты көмек беріп, қолдау көрсетуде. Осы тұрғыда айта кету керек, олар «Жүректен – жүрекке» акциясы шеңберінде былтыр су тасқынынан зардап шеккен өңір халқына көмегін ұсынды.
Тағы бір жайт – Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған бес сенат депутаты заңнамалық жағынан ғана емес, түрлі бағытта, бірқатар қоғамдық жобаны өз тізгініне алған. 13 қоғамдық жобаның бесеуіне жауаптылық қызмет атқарып келеміз. Мәселен, өзім «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» атты жобаға жетекшілік етемін. Сол сияқты қалған төрт депутаттың атқаратын жобасы бар. Бұл жобаның бәрі қазақ тілін дамытуға септігін тигізіп, бірлік пен татулықты креативті түрде дамытуға жол бастайды. Себебі, қазір креативтік индустрия тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Алдағы сессияда осыған көбірек назар аударатын сияқтымыз.
Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Ассамблея құрылымдары қызметі күшейтіліп, этномәдени бірлестіктердің ықпалы артты

– Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды оқиға. Биылғы сессияның ерекшелігі – оның Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі. Бұл үш онжылдықта Ассамблея елдегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау жолында үлкен жұмыстар атқарды.
Соңғы жылдары Ассамблея Қазақстан қоғамында тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдай отырып, Ассамблея этносаралық татулықты сақтау, қазақстандық патриотизмді дамыту, сондай-ақ, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытында кешенді іс-шаралар жүргізді. Әсіресе, аймақтардағы ҚХА құрылымдарының қызметі күшейтіліп, этномәдени бірлестіктердің ықпалы артты. Бұл қадамдар өңірлердегі қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастырды. Сонымен қатар, Ассамблея жастар саясаты, волонтерлік қозғалыстарды дамыту, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру бағытында да белсенді жұмыс атқаруда.
Алдағы сессияда бірнеше маңызды мәселелерге назар аудару қажет деп санаймын. Біріншіден, этносаралық келісімді сақтау тетіктерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу маңызды. Қазіргі геосаяси ахуал мен жаһандық сын-қатерлер ұлттық бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Осы тұрғыда, Ассамблея мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы мен этносаралық үйлесімділікті нығайтуда қандай жаңа қадамдар жасау керектігін талқылауы тиіс.
Екіншіден, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің құқықтық негіздерін нығайту мәселесі өзекті. Қазақстанның құқықтық кеңістігінде толеранттылық пен ұлтаралық татулық қағидаттарын бекіту маңызды. Сонымен қатар, заңнамалық тұрғыдан Ассамблеяның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту қажеттілігі туындап отыр.
Үшіншіден, Қазақстан халқының тарихи жады мен ұлттық бірегейлігін сақтау жұмыстары күшейтілуі тиіс. Жаңа ұрпақтың ел бірлігі мен ортақ құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыру үшін білім беру саласында Ассамблеямен бірлескен жобалар қажет.
Төртіншіден, Ассамблеяның жастар арасындағы беделін арттыру мақсатында жаңа бастамалар қолға алынуы керек. Жастарға арналған әлеуметтік және мәдени жобаларды көбейту арқылы біз болашақ көшбасшылардың бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыра аламыз.
Қорыта айтқанда, алдағы сессияда Ассамблеяның осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарын талдап, келешектегі стратегиялық бағыттарын нақты айқындау қажет. Бұл іс-шара Қазақстан халқының бірлігі мен мемлекетіміздің тұрақты дамуы жолында маңызды қадам боларына сенімдімін.