Ассалаумағалейкум, Димаш!
Димаш Құдайбергеннің Жапонияға сапары талай уақытқа азық болар оқиғаға айналды. Тіптен, тарихи деп бағаласақ та артық емес. Бұл жайында БАҚ-тан бастап, түгел әлеуметтік желі таңдана, таң қала жазып жатыр. Димаш шыны керек ешбір өлшемге сыймайтын өнерінің арқасында феноменге айналды. Рас, 40 рулы қазақ, түбі бір түркі жұртына ғана емес, ол – адамзаттың феномені.
Күншығыс елі алтын айдарлы қазақ баласын қалай бағалап, құрметтейтінін ұшақтан түскен замат көрсетті. Отандасымыздың табаны жерге тимей жатып қазақ тілінде хабарландыру беріп, күтіп алған жапондықтар өнердің табынушысы, өнерпаздың шын жанашыры екенін байқатты. Тіптен, жанкүйерлерден келген сыйлық қауіпсіздік қызметінің тексерісінен өтіп барып сыйланғаны жәй ғана жүрдім-бардым айтып өтер жайт емес. Мұның астарында әлемдік мәдениетке деген жауапкершілік бардай түйіледі.
Түйсікке сүйенсек, жапондықтар Димашпен қоса қазақты танығысы келгендей. Ізденген, ұлтты зерттегені көрініп тұрды. Түгел қазақтың мінез-құлқы, салт-санасы сынға түскен кезеңде Димаш миссиясын мінсіз атқарды. Өнерімен адамзаттың ардақтысына айналған ол осы жолы кішіпейілдік, кең таным мен ойлы сөздері арқылы жапон халқының өзін таң дай қақтырғаны рас. Ол ол ма, Димаштың домбыраны қалай түсіндіргенін көріп, өзіміздің қазақтар да таңдай қағып, таңырқады.
Отандасымыздың өнерін мықты мамандар сынап, саралап, жік-жікке бөліп бағасын арттырып келеді. Сөз баққан журналист болғасын, біз Димаш жауап ретінде айтқан сөздерге тоқталмақпыз.
Жапон тілшілері Димашқа: «Бірінші рет елге келдіңіз, қалай екен?» деп төтесінен сұрақ қойды. «Мал-жан» түгенделмесе де, Димаш әдептілігінен, көргендігінен танбай сөз басын «Ассалаумағаллейкумнен» бастады. Сұхбаттасушы жапондықтарды қазақшалап «аға, әпке» деп жылы тартып, бауырмалдықты, қазақы мінезді көрсеті. Жапон халқымен амандасуды да естен шығарған жоқ. Осыдан кейін барып сұраққа ойысты Димашымыз. Еңбек етуден алдына жан салмайтын күншығыс елі Димаштың бағындырған биігі еңбектің арқасы деп ойласа керек, журналистердің кезекті сауалы вокал жаттығулары жайлы болды. Дәл осы тұста ол тікелей жауап берсе де болушы еді, бірақ олай етпеді. «Осы күнгі Димаш болуым ұстаздарым еңбегінің арқасы» дегенде жапондықтар таңырқап қалды. Бұл өнерпаздың ұстаз мәртебесін жүрек түйсігімен ұғына білгені.
Бір оғаш көрінгені жапон журналистерінің «танымал болсаң да, Қазақ еліңді ұмытпай жүресің» деген сауалы. Аудармашының қалай жеткізгенін кім білсін, Димаштың парыз ұғымын ортаға салғаны ойлылығын танытты. «Алланың, ата-ананың, елдің алдында өтелмейтін азаматтың мәңгілік парызы бар. Мен қазақ елінде туғаныма мақтанамын» деген сөз ұғына білгенге астарлы-ақ.
Димашымыз домбыра атағын бір-ақ ауыз сөзбен аспандатып жіберді. «Домбыра – қазақтың жаны, рухы. Ол аспаптан да үлкен дүние» деген жауапты әп сәтте тілге тиек еткен Димаш үлкен жүректі тұлғаның кейпінде көрінді. Және өз сөзін «Қазақстанға қош келдіңіздер» деп аяқтады. Мәдениет – шет-шегі жоқ мұхитқа ұқсаса, өнер – айдында қалқыған кемеге ұқсайды. Адамзат баласына ортақ ұлға айналған өнерпаз Димаш Құдайбергеннің кемесі қазір өзгеден оқ бойы озық. Татарстанның халық әртісі Альберт Асадуллин Димаш жайлы тебіре: «Тегіне зер салсақ, Құдайберген екен, ол шынында да Құдай жаратқан ерекше жан» деген-ді.
Біз де Құдай берген отандасымыз Димашқа тілекші бола отырып, «Ассалаумағаллейкум» дегіміз келеді.
Арман Құдайберген