19 Наурыз 17:57
...

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: Ғылым академиясындағы 1 жыл 8 ай уақытым босқа өтті

Ғалым
Фото: Фото: ғаламтордан

2019 жылы 19 наурызында сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, президенттіктен кететінін жария етті. Сол жылы 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Бес жылда не өзгерді? Ғылым саласының тасы өрге домалады ма? Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, профессор Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ тілшімізге түсініктеме берді.

– Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылған. Кеңес одағының қолы соғыстан енді босап, ел-жұрттың аш-жалағаш кезі. Соған қарамастан кеңес үкіметі ғылымға зор маңыз беріп, қазақ елінде өзінің ұлттық ғылым академиясы болсын деп шешім қабылдады. Ғимаратын салып, одан төменгі паркке дейінгі жерді академияға берген. «Осы жерден ғылыми-зерттеу орталығы, инстутут, лаборатория ашыңдар» деген. Яғни, академияның заң жүзіндегі деңгейі өте жоғары болды. Кез келген министрліктен бәсі биік еді.

Академия
Фото: ғаламтордан

Қаныш Сәтпаев ғылымға не керек, бәрін жасады. Оған ешкім кедергі болмады. Академияның өзінің автобазасы, емханасы, демалыс орны, тіпті үй салатын құрылыс компаниясы болды. Инстиут, зертханаларды айтпағанда, сол замандағы озық технологияның бәрін алған. Сол ғалымдар Қазақстанның ғылымын, өнеркәсібін дамытуға орасан зор үлес қосты. Олардың ашқан жаңалығы әлі күнге дейін қолданыста. Мысалы, сол кезде ашылған электр станциялары әлі күнге дейін жұмыс істейді. Ал тәуелсіздік кезде мұның бірі де ашылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, академия – мемлекет ішіндегі мемлекет болды.

Сол 2003 жылы «жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, академиктер жиналыс ашты. «Кеңес одағынан қалған сарқыншақпыз. Мемлекеттік деңгейіміз бар. Бүкіл дүниежүзінде ғылым академиялары – қоғамдық ұйымдар. Біз де сондай қоғамдық ұйым болсақ, жұмысымыз өркендейді» деп сол кездегі президент Н.Назарбаевқа үндеу жолдады. Яғни, олар Ғылым академиясынан мемлекеттік статусты алып тастап, орнына қоғамдық ұйым болуды көздеді. Содан кейін Назарбаев бұл үндеуге бірден қол қойды. Осылайша, 50 жыл өмір сүрген Ғылым академиясы мәртебесінен айырылды. Бұл қате шешім болды.

Бұдан кейін Орталық Азия мемлекеттеріне де әсер етті. Бірақ олар зерттей келе мұның пайдасынан гөрі зияны көп екенін білді. Ресейде Путин жеке араласып, жүздеген академикті қабылдап, ақыр соңында ғылымға академиктер жауапты, ал институттар орналасқан жерге үкімет жауапты делінді. Ал Қазақстанда ғылымға да, ғимарат пен жерлерге де академиктердің өздері жауап берген. Нәтижесінде ғылыми активтің бәрі талан-таражға түсті. Академия бір бөлек, ғылым бір бөлек кетті. Істеп тұрған ғылыми жүйенің тоз-тозы шықты.

ғалым
Фото: Ақорда

2022 жылы президенит Тоқаев Ғылым академиясы жөнінде тарихи шешім қабылдады. Ол бұрынғы президенттің бұйрығын жойып, Ғылым академиясына қайтадан мемлекеттік мәртебе берді. Бұл – өте маңызды шешім. Алайда, Тоқаевтың ұсынысына шабармандары, министрлер өзінше, өз түйсігіне сәйкес түзетулер енгізді. Ұлттық Ғылым академиясы – акционерлік қоғам деген статусқа ие болды. Яғни, жаныңнан ештеңе істей алмайсың. Егер зертхана ашқың келсе, министрліктен рұқсат сұрауың керек. Үстіңнен қарайтын директорлар кеңесі, қамқоршылар кеңесі бар. Ал олар «ақша жоқ» деп рұқсат бермейді. Біз министрліктің тапсырмасы бойынша таңнан кешке дейін түкке керегі жоқ қағаз толтырамыз. Бізді «алып кел, шауып кел» адамы ретінде ұстап отыр.

Қазір парламентте заң қаралып жатыр. Біріншіден, Ұлттық ғылым академиясы кем дегенде Назарбаев университеті сияқты статусы болуы керек. Бұл оқу орны тәуелсіз, министрлікке бағынбайды. Оның өз құрылтайшысы, өз қаржысы бар. Соның арқасында 10 жыл ішінде білікті профессорларды шақырып, жоғары жалақы төледі. Керемет ғимарат пен зертханалар салып, әлемдік деңгейдегі оқу орнына айналды. Дәл осы статус Ғылым академиясына да керек.

Президент жанындағы Ғылым академиясы атына сай, президентке ғана бағынып, өз бюджетін белгілеуі тиіс. Академияның институт, зертхана ашып, маман шақыруға, яғни ғылым жасауға құқығы болуы керек. Бізде мұндай ештеңе жоқ. Осы ұсынысым Парламентте қаралып жатыр. Сонау Сәтпаевтың кезіндегі мәртебеге қайта оралмасақ та, еркіндік беріп, қағаз жазумен емес, ғылыммен айналысуымыз қажет.

Ғылым академиядағы 1 жыл 8 ай уақытым қағаз жазумен босқа өтті. Қойшыға да мал бағу үшін астына ат, қолына қорғану құралын бересің ғой. Ал бізде ешқандай құрал-сайман жоқ. Осының бәрін президентке айттым. Заң қабылданса, академияның жағдайы, статусы анықталуы тиіс.