Асауға тұсау. Инфляцияны НЕГЕ қораға қамай алмаймыз?
Ұлттық Банк жыл қортындысы бойынша инфляцияны 8,5 пайыздан асырмауға ниетті. Тіпті мемлекет басшысына тиісті уәде де берілген. Енді берілген уәде орындала ма?
Коронавирус келмей тұрып ел басшылығы инфляцияның 4-6% коридорында тұрақтап тұрарына сенімді еді. Пандемия мен коронакризис қатар келген сәтте, дағдарыстан қорқып, инфляция бойынша болжам ресми түрде 11 пайызға дейін көтерілді. Артынан 8,5%-ке түсті және Ұлттық Банк осы межені сақтап тұру бойынша өзіне міндеттеме алды.
Тақырыпқа орай: Минус 1,8%? Ұлттық Банк есебі НЕГЕ экономистерге жақпады?
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы инфляция жыл қортындысы бойынша 8,3% болады деген пікірде. Қазақстанға арналған арнайы шолуында халықаралық институт биыл ел экономикасы 3 пайызға құлап, келесі жылы 2,5%-ға көтеріледі деп болжайды.
«Қазақстандағы инфляция теңге бағамы құлдырамай тұрып көтеріле бастаған. Және бағаның одан сайын артуы ықтимал. Мамырда азық-түлік бағасы өткен жылғы 7,9% -дан 10,7% -ға өсті. Азық-түлік қымбаттаса, керісінше азық-түлікке жатпайтын тауарлар арзандады».
Елдегі инфляция 9% деңгейден аспауы мүмкін деп жазады, қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Инфляцияның өсуіне халық арасындағы тұтынушылық сұраныстың төмендеуі кері әсерін береді. Бірақ, импорттың өсуі мен экспорттық табыстың төмендеуінен құнсызданатын теңге, ұлттық қор қаржыландыратын үкіметтің айтарлықтай шығындары инфляцияға дем беріп отыр».
«Үкімет пен Ұлттық Банктің экономиканы ынталандыру шаралары тұтынушылық белсенділікті күшейтуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, отандық өндіріс дамымағандықтан, әрі карантин кезі болғандықтан валюта бағамы мен инфляцияның өсуіне әсер етеді».
Инфляцияны 8,5 пайыз деңгейінде тұрақтату үшін экономикалық өсім бойынша біраз бастаманы құрбандыққа шалу керек болады. Халықта ақша көп болса, ол азық-түлікті молынан алады, тиісінше тамақ бағасы қымбаттай бермек. Ал халықта ақша жоқ болса, кедейшілік деңгейі артады.
Тақырыпқа орай: Теңге толқындары. 440 алам деген асу ма еді?
Дүниежүзілік Банк болжамы бойынша, елдегі кедейлер саны биыл 800 мың адамға жетпек. Демек әрбір 23-ші қазақстандықтың мойнына кедейлік қамыты киіледі.