Арайлым Әбдуалиева: Волонтерлер үшін барлық жағдай жасалған

Бүгінде елімізде волонтерлік бағыт барынша дамып келеді. Әр өңірдің волонтерлері өз аймағында ауқымды жобалар атқарып, халықтың қошетіне бөленуде. Nege.kz порталының бүгінгі кейіпкері Жамбыл облысы волонтерлерінің аймақтық Фронт-офисінің жетекшісі, Жамбыл облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің директорының орынбасары Әбдуалиева Арайлым Әділбекқызы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап берді.
– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, волонтерлікке қалай келдіңіз?
– Есімім – Арайлым. Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары қызметін атқарамын. Волонтерлікті 2014 жылдан бастадым. Сол кездерде волонтерлердің командасын, тобын жинақтадық. Оларды көшбасшылыққа үйреттік. Волонтер деген кім? Ол қандай қызмет атқарады? Осы сауалдарға жауап беретін дәрістер өткіздік. Кейіннен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырдық. Волонтерлермен бірлесіп үй-үйді аралап, отбасылардың әлеуметтік жағдайын, қандай көмек керек екенін анықтап, база жинақтадық. Осылайша, волонтерлікке бет бұрдық.
2016 жылдан бастап ЭКСПО-ға волонтерлерді жинадық. Жүз волонтерді ЭКСПО бойынша дайындап, арнайы лагерь ұйымдастырдық. 100 волонтерді дайындықтан өткіздік.
– Жамбыл облысы волонтерлерінің аймақтық Фронт-офисінің жетекшісі ретінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Біздегі Фронт офис Жамбыл облысында 2020 жылы ашылды. Оны облыс әкімінің қатысуымен аштық. Сол уақыттарда карантин басталып кетті, төтенше жағдай орнап, пандемия болды. Волонтерлердің негізгі жұмысы әлеуметтік қызметке ойысты. Телефонда байланыста отырдық. Кейбірі азық-түлік, дәрі-дірмек қажет етіп хабарласа бастады. Үлкен кісілер зейнетақымды шешіп беретін адам керек деген соң, зейнетақы таратумен айналыстық.
Телефонға қоңырау шалады, көп балалы аз қамтылған отбасыдан шықтық, қазір тамаққа қаражат таппай отырмыз дейді. Сол кезде бірінші топтағы волонтерлер барып, ол отбасы шын мәнінде азық-түлікті қажет ете ме деген мәселені өз көзімен көріп келеді. Содан кейін екінші топ барып азық-түліктерін таратып беріп отырды. Карантинге жабылған отбасыларға түскі ас таратып бердік, одан кейін қан тапсыру акцияларын өткіздік.
Біздің өз жобаларымыз бар. Фронт-офис сол жобаларды жүзеге асырады. Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығы атынан бізге жаңа ғимарат берілген. Сол ғимараттан 9 волонтерлік ұйымды кабинетпен қаматамасыз еттік. Қазір 9 волонтерлік ұйым өздері жеке кабинеттерде отырады. Одан кейін қалалық жастар орталығында екі волонтерлік ұйым отырады. Жамбыл облысы бойынша нақты тіркелген 13 волонтерлік ұйымымыз бар. Одан кейін 110-нан астам бастамашыл топ жұмыс істейді. Олар клуб ретінде ашылған. Әр ауылдық округтерде, аудандарда, оқу орындарда бар. Барлығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ай сайын Республикалық Фронт-офиске есеп беріп отырамыз.
Тұрақты түрде өткізетін акцияларымыз да бар. Соның бірі «Зейін» жобасы. Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балалардың ағылшын тілін үйренуге, компьютерлік курстардан өтуге жағдайы жоқ. Сол себепті оларды «Зейін» жобасы арқылы ақысыз оқытамыз. Одан кейін сабақтастық бағыты бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар орталығының тәрбиеленушілеріне жыл сайын экскурсия ұйымдастырамыз. Сол орталықтың балаларын Тараз қаласының көрнекті орталықтарына, тарихи орындарына, мұражайларға алып барамыз.
Одан кейін «Қоғам сақшысы» деген жобамыз бар. Бұл жобаның аясында кәмелеттік жасқа толмағандар көшеде жүрмеуі үшін түнгі рейдтер жүргізіледі.
Одан кейін қазір қала көшелерінде жарнамалар ілініп тұрады. Олардың қазақшасы дұрыс жазылмай жатады. Кейбір жерлерде қате жазулар тұрады.Солардың дұрыс жазылуын қадағалаймыз, дұрыс емес жазуларды иесіне ескертеміз.
МАИ қызметкерлерімен жолда жол қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды тоқтату бойынша жұмыстар жүргізіледі. Одан кейін волонтерлер граффитти жазуларды өшірумен айналысады. Жалпы Жамбыл облысында он мыңнан астам волонтеріміз бар.
– «Қамқор» әлеуметтік дүкені туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– «Қамқор» әлеуметтік дүкені 2019 жылы алғаш рет Тараз қаласында ашылды. Одан кейін барлық аудандарда аштық. Қазіргі таңда Тараз қаласында 3 дүкеніміз, аудандарда 10 дүкеніміз бар. Былтыр Жамбыл ауданында тағы бір дүкен ашылды. Жалпы алғанда «Қамқор» әлеуметтік дүкенінің саны - 14. Қазіргі таңда ол дүкендер аз қамтылған, көп балалы отбасыларды, жалғыз ілікті қарияларды киіммен қамтамасыз етеді. 2020 жылы "Волонтерлер жылында" пандемияның кезінде облыс әкімі дүкенге киімдер берген болатын. Ол киімдерді біз Жамбыл облысындағы барлық дүкендерге таратып бердік. Олардың барлығы таза киімдер.
Отбасылар келіп, өздеріне қажетті киімдерді алды. Бұл дүкенге мекемелер немесе тұрғындар киімдерін әкеліп береді. Сол киімдерді волонтерлер үтіктеп, тазалап, жуып, ілгішке іліп қояды. Олардың кір жуғыш машиналары, үтіктері бар. Одан кейін ірі сауда орындарында «Қамқор» дүкенінің жәшіктері орналасқан. Сол жәшіктерге қайырымды жандар киім-кешектерін, ойыншықтарын қойып кетеді. Волонтерлер аптасына бір рет барып жәшіктегі киімдерді дүкенге алып келеді.
– Қазақстандағы волонтерлердің әлеуеті қай деңгейде?
– Бізде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылықты ажырата алмай жатады. Қайырымдылық деген ол белгілі бір азаматтың, кәсіпкердің қаржы бөліп беруі. Ал волонтерлік дегеніміз ол белгілі бір іс-әрекетті көрсетеді. Мысалы, қайырымды азамат қаражатын бөліп, волонтерлерге берсе, волонтерлер оған азық-түлік, керек заттарды сатып алады. Сатып алған азық-түліктерді реттейді, жинайды, оны таратады. Бұл белгілі бір іс-әрекетті көрсетеді. Осы ұғымды халық арасында дұрыс түсіндіру керек сияқты. Қайрымдылық бөлек, волонтерлік қызмет өзінше бөлек. Кейбір азаматтар хабарласып, волонтерлерден қаражат сұрайды. Біз қолымызда тұрса немесе белгілі бір кәсіпкерлер бөліп беріп жатқанда ғана тауып бере аламыз. Осы жағдайды халыққа дұрыс түсіндіру керек сияқты.
Волонтерлік қызмет бізде қарқынды деңгейде дамыған. Волонтерлік туралы заң 2015 жылы шықты ғой. Ал волонтерлік деген түсінік бізде бұрыннан бар болатын. Ата-бабамыздан келе жатқан «Асар» деген дәстүрімізді алып қарайық. Бір азамат үй соғып жатса, ауылдың барлық адамы барып, бірлесіп көмектесіп жатады. Ол да волонтерліктің бір түрі ғой. Бізде бұрыннан бар, бірақ оны қазір заманауи тілмен «волонтерлер» деп атайды. Қазір волонтерлердің саны көп. Олардың қатарына қосылғылары келетіндер де жетерлік.
– Волонтердің бойына қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
– Волонтердің бойында, ең бірінші, жауапкершілік болу керек. Мысалы, волонтер болғаннан кейін көп тапсырма беріледі. Былайша айтқанда мойныңа жүк артылады. Артылған жүкті жауапкершілікпен алып шығуың керек. Сонымен қатар әрбір волонтер мейірімді, ержүрек болу керек деп ойлаймын. Мысалы, бізде медициналық-волонтерлер бар. Басқа волонтерлер де әртүрлі жағдайдағы балаларды көреді, денсаулығында ақауы бар үлкендерді көреді. Көбі ондай жағдайда шошынып қалып жатады. Сол себепті ержүрек болуы керек. Ондай жағдайға төтеп беру керек, шыдай алу керек.
– Волонтер болып жүріп, есіңізде ерекше қалған оқиғалар болды ма?
– Есімде қалған оқиғаны айтып берейін. Бір әйел адам көмек сұрады. Мүмкіндігі шектеулі әйел адам екі баласымен ата-енесінің үйінен кетіп қалыпты. Тұратын жері жоқ, далада қалған. Күйеуі қайтыс болып кеткен екен. Осы оқиғаны естіп көзімізге жас алдық. Ол кісіге көмек беретін адамдарды іздедік. Волонтерлердің арасында пәтер іздеп жүрміз. Өзіміз көлік таптық. Көлікке салып алып Тараз қаласынан пәтер іздедік. Қаланың бұрыш-бұрышын аралап, пәтерлердің жағдайын көрдік деңгейін салыстырдық. Ол кісі мүмкіндігі шектеулі жан болғаннан кейін жүріп-тұруына ыңғайлы үй іздестіріп жүріп, түнге қарай үй таптық. Пәтерді тапқанмен, енді сол пәтерге төлейтін қаражат жоқ. Ең болмағанда бір айлық ақысын төлеп беруіміз керек. Ол кісі ары қарай зейнетақымнан төлеп отырамын, қазір қаражатым жоқ деп жағдайын айтты. Содан бәріміз қаражат іздей бастадық. Кәсіпкерлерге, Тараз қаласының блогерлеріне хабарластық. Солай хабарласып жүріп пәтердің бір айлық ақысын жинадық. Одан кейін азық-түліктерін таптық. Қазіргі Amanat партиясынан қоймада кәсіпкерлерден жиналған азық-түлік бар болатын, азық-түліктерді сол жақтан алдық. Пәтердің қаражатын төлеп бердік. Осы оқиға қатты есімде қалыпты.
– Волонтерлікті дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Қазір волонтерлерді «Халық алғысы», «Шапағат» деген медальдармен марапаттап жатыр. Волонтерлер үшін барлық жағдай жасалған. Біз де волонтерлерге Фронт-офис ретінде, Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы ретінде жағдай жасап отырмыз. Мысалы, волонтерлерді көлікпен қамтамасыз етеміз. Өзіміздің «ГАЗель» автокөлігіміз бар. Сенбілікке бару үшін құрал-саймандар қажет болады. Оларды біз тауып береміз. Пандемия кезінде волонтерлерді көшеде жүргізбеді. Сол себепті біз оларға волонтерлік деген куәлігін дайындап бердік.
– Сұхбатыңызға рахмет!