AQR банктердің артын ашады

«Ұлттық Банк атқарып жатқан банктерді кешенді тексеру (AQR) процессі аяқталғаннан кейін, біраз банктің жағдайы белгілі болып қалуы мүмкін. Халықты шулатпас үшін AQR-дың толық есебі жалпақ жұртқа жария етілмейді дейді» Nege.kz порталының экономикалық сарапшылары.
Тек кешенді тексерудің жалпылама қортындысы қысқа күйінде жарияланып, қалған маңызды шешімдер жабық есік жағдайында қабылданады.
Жалпы бұл жаңалықтың мәні неде? Бұдан кейін банктердің банкроттығы тоқтап, қаржы саласында тұрақтылық орнай ма? Біз сұрау салған қаржыгерлер «мемлекет ұлттық банк арқылы банктерге көмек көрсетуді бұдан әрі де» жалғастырады дейді. Тек AQR арқылы, банктердің қазіргі шынайы жағдайын біліп алу қажет болып тұр.
Fitch Ratings өз есебінде Ұлттық Банк төрағасына сілтеме жасай отырып, 2020 жылдың бірінші тоқсанында қаржылық қолдаудың жалғасатын мүмкіндігін келтіреді. Қазір оның нақты көлемі мен қолдау түрі белгісіз. Ол Ұлттық Банк (ҰБ) тарапынан субординарланған қарыз беру, не болмаса Үкімет тарапынан проблемалық кредиттерді сатып алу сценарийлері бойынша жүзеге асуы ықтимал. Биылғы жылдың үшінші тоқсаны бойынша, капиталдың жылдық табыс деңгейі (ROAE) 28 пайызға жетсе де, кейбір банктер капиталдың азғантай ғана қорын жинақтай алған. Берілген несиелерге қатысты да түйінді мәселелер бар.
AQR-дың алғашқы сатысы аяқталып, қай банктің қандай күй кешіп отырғаны негізінен белгілі болса да, ол ақпаратты жариялау қаржы нарығына үлкен толқулар әкелетіні анық. Сондықтан ҰБ дәл қазір бар ақпаратты жайып салады деуге сену қиын.
Risk Takers телеграмда АТФБанк, Jysan Bank, Пәкістан ұлттық банкі, Tengri банктерге С рейтингін тағайындап, оны активтердің сапасыздығы, 90 күн бойы қайтарылмаған несиенің көптігі (NPL), капиталдың жетімсіздігі мен провизиялар көлемінің көбеюімен түсіндіреді. Бірақ, мысалы, тізімдегі алғашқы екі банк S&P бойынша В- рейтингіне ие және өздерін ірі қаржы институттары қатарына жатқызады. Сонымен бірге, Цеснабанк Jysan болмай тұрып, оның проблемалық активтерін үкімет өз мойнына алып, Проблемалық кредиттер қоры арқылы мәселесін шешіп берген. Қысқа уақытта тағы қиындыққа ұшырайтындай не болды?
Risk Takers жазып отырған банк тәуекелдерінің ішінде назар аударатыны бағасы құлаған активтер үлесінің көп болуы. Сондай-ақ, барлық банктерге қаржылық есептің толыққанды еместігі айып ретінде тағылып отыр. Қаржылық есеп ресми сайтқа жарияланатындықтан, жасыратын не бар деген заңды сұрақ туады. Ал AQR-дан банктер ештеңе жасыра алмайды. Демек, қазір билік шындықты біледі. Біздің ойымызша, клиенттерінің ішінде шағын және орта бизнес өкілдері көп, қарапайым халық депозит ұстап отырған қаржы институттары қиындыққа ұшыраса, ең алдымен халықтың өз қаржысын қайтарып алуына мүмкіндік жасалуы керек.
Nege.kz