26 Қаңтар 14:45

«Апат туралы ақпаратты 20-30 секунд бұрын жеткізе аламыз» – Қырғыз маманы

Молдобеков
Фото: ғаламтордан

Былтыр 26-28 қыркүйекте Алматыда «Орталық Азиядағы жер сілкінісін болжау, сейсмикалық қауіпсіздік пен қатерді бағалау» XI Қазақстан-Қытай халықаралық симпозиумы өткен еді. Оған Орталық Азия, Қытай, Ресей және басқа да бірқатар елдерден 130-дан астам ғалым қатысып, сейсмологиялық ғылымды, кешенді сейсмомониторинг жүргізуді, жер сілкінісінің алдын алу жүйелерін дамыту мәселесін талқылады.

Шара барысында Орталық Азия жерді қолданбалы зерттеу институтының директоры Болот Молдобековпен әңгімелесудің сәті түскен.

– Мұнда Қырғызстанда тестілік режимде жасалған ерте хабарлау жүйесін таныстыру үшін келдім. Бұл режим 6 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір біз оны қайта жабдықтап, жаңа бағдарлама жасадық.

Біз бүгіннің өзінде Орталық Азияда аймағында болатын сейсмикалық құбылыстардың ықтималдығын 89-90 пайыз анықтап, сенімді ақпаратты тіркедік. Сондықтан біз сейсмикалық оқиға туралы ақпаратты Алматыға, Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарысты басқару орталығына 20-30 секунд бұрын жеткізе аламыз.

Біз қазақстандық әріптестермен екі жылдан бері бұл жүйе жөнінде сөйлесіп келеміз. Енді оны қабылдаудың уақыты келген сияқты. Орталық Азияның ТЖМ екі жыл бұрын Алматыда кездесіп, кез келген апатты алдын ала ескерту жөніндегі жүйе құру туралы мәселе көтерген.

Алматы
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда жер сілкінісі тіркелгенде көбінесе эпицентрі Қырғызстан мен Қытай делінеді. Маман ретінде айтыңызшы, таяу арада күшті жер дүмпуі болуы мүмкін бе?

– Болжам жасау – абыройлы іс емес, бірақ жасау керек. Алайда мені сейсмикалық оқиғалар мен қауіптерді бағалауға қатысты мәселе көбірек алаңдатады. Осы бағалаудың нәтижесінде ықтималдық сейсмика картасын жасауға және оның негізінде жер сілкінісіне төзімді ғимараттар салуға болады.

Мысалы, Қытайда апатты алдын ала ескертетін жүйе жұмыс істейді. Оқиғаға фиксация жасау қалыптасқан. Сондықтан біз бәріміз қауіпті аймақта өмір сүретіндіктен, бірлесіп әрекет етуіміз керек. Егер сейсмикалық станцияларды біріктірсек, әлдеқайда шынайы болжам жасауға болады.

Болжам жасау үшін көп фактор керек. Мәселен, жануарлар әлемі өзін қалай сезінеді? Әлдеқандай дауыстар шығара ма, жоқ па? Жер массивтері, тектоникалық жарылыстар қандай жағдайда? Егер осы фактордың бәрін кешенді түрде зерттесек, сонда ғана болжам айтуға болады.

Одан бұрын жер сілкінісінің қай жерде болғанын анықтау үшін мониторинг жасау жүйесін жүзеге асыру керек. Біз ұжымдық қауіпсіздікті ойлауымыз қажет. Қазақстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда болған жер дүмпуі бірыңғай жүйеге енсе, бұл жүйе азғантай уақыт бұрын белгі берсе де, ауқымды зардап болмас үшін ыстық суды, газды, жарықты дер кезінде сөндіруге мүмкіндік береді. Сондықтан осы бағдарламалық жүйені жасақтау қолға алынды.

Қырғызстан үшін бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін италиялық компания жасап берген болатын. Бірақ көбіне жаңсақ ақпарат беріп келді. Алайда, өзіміздің станциялар Қытайдағы, Үндістандағы, Тибеттегі жер сілкінісін тіркеп отырды. Кейін ресейлік компаниямен бірлесіп TSS бағдарламасын жасақтап едік, 89-90 пайыз нақты мәлімет берді. Содан кейін ғана халыққа алдын ала ескерту жасауға болады.

қырғызстан
Фото: ғаламтордан

Түркияда жер сілкінісі бүкіл әлемді дүрліктірді. Бұдан қаншалықты сабақ алдық?

– Бұл мәселемен Сейсмология институттары ғана емес, ең алдымен ТЖМ айналысып, шұғыл ескерту жасауы тиіс. Түркиядағы жойқын жер сілкінісі сейсмология саласында мониторинг жасаумен айналысатын ғалымдарды ойландырып қойды. Сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау үшін, халықтың едәуір бөлігінен айрылып қалмау үшін сейсмикалық жағынан қауіпсіз ғимараттар салуымыз керек.

Біздің институт ұзақ мерзімді болжам жасаумен емес, он жылдан бері қолданбалы аспектімен айналысып келеді. Бірінші, ерте анықтау жүйесін жасақтау, екінші – жаңа карта жасау, үшінші – халықты алдын ала ескерту жүйесін интеграциялау. Сол үшін Бішкек қаласындағы 11 ғимаратқа арнайы датчиктер қойылды. Бұл құрылысты жобалаушылар үшін табиғи параметр десе болады. Ең бастысы, ерте ескерту жүйесін құруға септігін тигізеді.

Қазақстан Қытай елімен интеграциялық мәмілеге келгені дұрыс па?

– Біз айтып отырған мәселе Қытайда он жылдан бері жұмыс істейді. Олар Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына 18 мыңнан астам сейсмикалық станция орнатты. Сондықтан Қытай жер сілкінісі жөнінде 80-90 пайыз нақты ақпарат тарата алады. Міне, бізге де, Қазақстанға да осы жөнінен бірыңғай интеграция жүйесі ауадай қажет.

Қазір бізге Қазақстан тарапынан сейсмикалық мәлімет жетіспейді. Екі елдің шекарасына сапалы, мықты желі керек. Бұл желі жоғары болған сайын болжам да, ақпарат растығы да нақты келеді.

Редакциядан: Бұл өткен күздегі сұхбат болса да, соңғы күндері мәселенің маңызы арта түсті. Мамандар 23 қаңтарда Алматыда болған күшті дүмпудің кіндігі Қырғыз-Қытай шекарасында болғанын айтты. Ендеше, бұл мәселені зерттеуді үш ел НЕГЕ бірлесіп қолға алмасқа?