Қазақстанда екінші нарықтағы тұрғын үйге арналған цифрлық ипотека іске қосылады

Елімізде «Цифрлық ипотека» жобасы аясында екінші нарықтағы жылжымайтын мүлікке нотариалдық мәмілелерді онлайн рәсімдеу пилоттық режимде басталды.
Алматы, NEGE. Тиісті бірлескен бұйрыққа ҚР Әділет министрі Ерлан Сарсембаев пен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Аталған жоба азаматтарға пәтерді сату-сатып алу мәмілесін қашықтан – банк қосымшасы немесе сайты арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Өтінім беруден бастап несие шартын рәсімдеуге, сатып алу-сату келісімін бекітуге және меншік құқығын тіркеуге дейінгі барлық процесс толық цифрлық форматта өтеді. Бұл үшін бейнеқоңыраулар, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және мемлекеттік деректер базаларымен интеграция қолданылады.
Пилоттық жобаға қатысу үшін екінші деңгейлі банктер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуы, жеке деректерге қол жеткізуді бақылау сервисіне қосылуы және мемлекеттік жүйелермен интеграцияны қамтамасыз етуі қажет.
Екінші нарықтағы тұрғын үйге «Цифрлық ипотека» қалай жүзеге асады
Жоба шеңберінде қашықтан рәсімдеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Ипотекаға өтінім беру– Сатып алушы банк сайтынан немесе қосымшасынан «Цифрлық ипотека» бағдарламасын, «Екінші нарықтағы тұрғын үй» өнімін таңдайды.
– Тұрғын үй бағасын, бастапқы жарнаны, қарыз мерзімін және өтеу әдісін енгізеді.
– Ай сайынғы төлемнің алдын ала есебін алады.
– Жеке деректерді өңдеуге келісімді SMS пен Дербес деректерге қол (ДДҚ) жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі арқылы растайды.
2. Алдын ала шарттар
– Банк өтінімді қарайды, қарыз сомасын, пайыздық мөлшерлемені, мерзімді, ай сайынғы төлем мен артық төлемді көрсетеді.
– Бас тартылған жағдайда балама ұсыныс беріледі.
3. Жылжымайтын мүлік туралы ақпарат
– Сатып алушы пәтер және сатушы деректерін енгізеді.
– Сатушыға SMS арқылы жеке басын және меншік құқығын растау сілтемесі жіберіледі.– Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінде меншік құқығы мен шектеулер автоматты түрде тексеріледі.
– Тәуелсіз бағалау жүргізіледі.
4. Банктің соңғы шешімі
– Сатып алушы банк ұсынған соңғы шарттарды көріп, оларды растайды.
– Өтінімді қарау үшін комиссия төленеді.
5. Сатып алу-сату шартын рәсімдеу
– Мәміле офлайн немесе толық онлайн форматта жүзеге асады.
– Онлайн мәміле банк сайтында/қосымшасында бейнеқоңырау және ЭЦҚ арқылы жүргізіледі.– Сатушы мен қажет болған жағдайда жұбайы (зайыбы) видеоидентификациядан өтеді және келісімін ДДҚ сервисі арқылы береді.
– Нотариус деректерді тексеріп, шартты бекітеді және қатысушылармен бейнеқоңырау өткізеді.
– Барлық тарап қол қойғаннан кейін нотариус мәмілені БНАЖ және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесінде тіркейді.
6. Құжаттарға қол қою және несие беру
– Несие және кепіл шарттарына қатысты құжаттарға ЭЦҚ арқылы қашықтан қол қойылады.
– Банк қарыз сомасын сатып алушының есепшотына, одан кейін сатушының есепшотына аударады.
– Мәміле туралы жазбалар банк/платформа тарапында 15 жыл сақталады.Бірлескен бұйрық 22 қыркүйектен бастап күшіне еніп, 12 айға дейін қолданыста болады.