«Аннексия» ма, «уақытша басып алынған аумақ» па?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Deutsche Welle тілшісі Жанна Немцоваға берген сұхбаты әлемдік баспасөздің назарынан тыс қалмады. Әдетте, мемлекет басшысының пікірлері ел ішінде ғана талқыланып келсе, бұл жолы халықаралық саясат сахналарында да күбір-күбірге түркі болып тұр. Әсіресе, Украина мен Ресей арасындағы дау-дамайға Астананың ұстанымы жайында айтылған сөздері. Тоқаев журналистің сауалына: «Аннексия – тым ауыр сөз», – деп жауап берген болатын. Ресей ақпарат көздері «
Қазақстан Ресейдің Қырымды алуын аннекция деп есептемейді» деп жалаулатып жіберді. Украинаның сыртқы істер министрлігі болса, өз наразылығын білдіріп те үлгерді.
Тарқата айтсақ, Тоқаев Ресейдің әлемдегі алар орнын, қазақ-орыс шекарасының әлемдегі ең ұзын шекара екенін айта келе, елдің солтүстігіндегі алып көршімізбен арадағы одақтастық қарым-қатынасқа тоқталды. «Қырым аннексиясы Қазақ билігіне үрей туғызбады ма?» деген сауалына президент былай деп жауап берген еді: «Аннекция – тым ауыр сөз. Украинадағы оқиғалар Қазақстан үкіметін үркіткен жоқ. Бізде Ресей Федерациясымен өзара сенімге құрылған тату көршілік қатынас бар. Біз бастапқыда-ақ Ресей басшылығының ақыл-парасатына сендік».
Қазақ қоғамы ішінде бұл мәлімдемеге көзқарас алуан түрлі болып отыр. «Қазақстан халықаралық саясатта ашық пікір білдіруге әзірге даяр емес» деушілер де бар. Мәселен, ұлт-патриоты, саясаткер Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде: «Қырым аннексиясына қатысты тәуелсіз пікір білдіру үшін алдымен мықты тәуелсіз экономика, ұлттық идеология, мықты мектептер мен университеттер, тиімді әскер құру керек. Алдағы жылдары осымен айналысуымыз қажет. Біз ФБ-да (фейсбук – авт.) отырып кез келген нәрсені жаза береміз. Өйткені, ел үшін жауапкершілігіміз жоқ. Ресеймен ашық жанжалға бару біз үшін аса қолайлы сәт емес қазір», – деп, Тоқаевқа араша түскендей болды. Тіпті, Президенттің аузына мұндай пікірді салған «спичрайтерлер» деп, белгілі тұлғалардың атын атап, түсін де түстеді.
Әйтсе де, қоғам қайраткері Болат Әбішев бұған сенбейді. Ол қазіргі президенттің даладан келген адам емес екенін, ұзақ жылдардан бері біздің сыртқы саясатты басқарып келген тұлға, кәнігі дипломат екенін, сыртқы саясат мәселелерін бес саусағындай жақсы білетінін, ешкімнің көмегінсіз ойын, ұстанымын нық жеткізе алатынын алға тартты.
«Тоқаев әлдеқандай аппаратшының сөз жазып бергенін күтіп отырмайды. Оның ұстанымына біреулер ықпал ететін болса, олар бұл деңгейдегі адамдар емес, ірі, өзінен лауазымы жоғары тұрғандар. Ол адамдардың Ақордада отыруы, тіпті де, міндетті емес. Оның мәлімдемесі барлық мәселе бойынша еліміздің солтүстік көршіге тәуелді болып тұрғанын көрсетеді. Бұл ұстаным – халқымыздың басым бөлігінің ұстанымы дей алмаймын», – дейді бұрынғы депутат.
Бір анығы, осы уақытқа дейін бұл мәселеде аса сақтық танытып келген қазақ билігі соңғы кездері Ресейге ұнамды мәлімдемелер жасай бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да ілкіде: «Ресейдің ұстанымын түсінуге болады, Ресейдің біз үшін орны бөлек», – дегені бар.
Дипломатияның қыр-сырын жақсы білетін саясаттанушы Расул Жұмалы аннекция терминіне егжей-тегжейлі тоқталып, президент сөзінің себеп-салдарына үңілуге шақырады. «Қырым тақырыбы, Украина мен Ресей арасындағы соғыс – өте күрделі мәселе. Бұл жерде түрлі факторлар бар. Ресейдің сесі бар», – дейді саясаттанушы.
Сарапшының сөзіне қарағанда, «аннексия» сөзін Украина тарапы да қолданбай, айналып өтуге тырысады екен. Себебі «аннексия» басқа елдің жерін қосып алып, басыбайлы құрамына кіргізуді білдіреді. Украина мұнымен келіспейді. Украина тарабы ресми түрде «уақытша басып алынған аумақтар» деп атайды.
«Тоқаев, бәлкім, осыны меңзеді ме екен? Осындай халықаралық терминдерді елдің бәрі бүге-шігесіне дейін айыра білмегендіктен, мұның салдарына абай болу керек еді. Ресейде, қазақ қоғамының өзінде де қалай қабылданатынын ойлау керек еді», – деп, сарапшы мемлекет басшысын бұдан былай терминдерге аса мұқият болуға шақырады.
Рас, мұны Ресейдің үгіт-насихаты жақсы кәдеге асырып отыр. «Қырым мәселесінде Қазақстан бізді қолдады, біздің жағымызда» деп бөркін аспанға атты. Шынтуайтында, Қазақтан билігі ресми түрде Қырымды – Ресейдің бөлігі деп ешқашан таныған емес. БҰҰ-да дауыс беру кезінде Қазақстан ұдайы қарсы шыққан немесе қалыс қалған. Ресейді іс жүзінде емес, сөз жүзінде ғана қолдайтыны байқалады.
«Бұл мәселелерде Ресейді қолдағаны ресми құжаттарда болмаған және болмайды деп үміттенемін. Қырым мәселесі болсын, Донбас мәселесі болсын, Оңтүстік Осетия мен Абхазия болсын, Қазақстан Ресейдің ығына ешқашан жығылған емес. Қырымға келетін болсақ, Ресейдің жасағаны – халықаралық заңдарды өрескел бұзу. Мұнымен мүлде келісуге болмайды. Бүгінгі күнге дейін Ресейдің Қырымға қатысты тұғырын қолдап отырған бірен-саран мемлекет қана бар. Олар – Венесуэла, Сирия, Солтүстік Корея сияқты былыққа белшесінен батқан елдер. Осы санатта болмас үшін Қазақстанның мейлінше тәуелсіз, дербес саясат жүргізуі керек», – дейді Расул Жұмалы.
Әрине, бір сөзді контекстен жұлып алып, даурықтыру жөн іс емес. Бұл сұхбатта Тоқаев Ресеймен шектелген жоқ, Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланысқа да кеңінен тоқталып өтті.
«Германия – Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында құны шамамен екі миллиард доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылады деп үміттенемін. Жалпы, Қазақстан мен Еуропалық одақтың қарым-қатынастары өте жақсы. 2018 жылы Қазақстанның Еуроодақпен жасаған сауда көлемі 37 миллиард доллардан асты. Бұл – еліміздің бүкіл сыртқы сауда айналымының жартысы. Біздің экономикамызға салынған Германия инвестициясының 80 пайыздан астамы шикізат емес секторға тиесілі. Бұл – өте маңызды»,– деді президент.
Қазақстанның ішкі саясатына қатысты да бірқатар сауал қойылды. Атап айтқанда, «ресейлік немесе еуропалық саяси жүйе мен экономикалық құрылыс үлгісінің қайсысын таңдайсыздар?» деген сұраққа Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл екі жүйеге де ұқсамайтын «Қазақстанның өз үлгісі бар» екенін қадап айтты.
Шадияр Өстемірұлы