2 Ақпан 16:36

Алматының бас жоспары: 2040 жылға дейін қала қалай өзгереді?

Қала
Фото: time.kz

Былтыр жыл соңында Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары бойынша үш күн қоғамдық талқылау өткен. Ал бүгін тиісті мекемелер мен қала әкімдігі бекітілген жоспарды ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырды. 

Бұған дейінгі бас жоспар 20 жылдан астам уақыт бұрын, яғни 2002 жылы бекітілген. Мұнда қала мен оның қажеттілігінің өсуі ескерілмеген. Сол кезде қала аумағы 33898 гектар болса, қазір 70348 гектарға дейін өскен. Ал Алматы қаласының халқы 2,1 млн адамға көбейді.

Агломерация орталығына айналған Алматының экономикасы да өзгерді. Мамандар қала аумағының екі есеге ұлғаюы аудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізгенін айтады.

Жаңа бас жоспар Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасымен және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалармен тығыз байланысты жасалыпты. Яғни, мұнда 7 негізгі қағидат басымдыққа алынған. Атап айтқанда, жайлы қалалық орта, орнықты экономикалық өсу, урбанизация, әлеуметтік тұрақтылық, цифрландыру, қауіпсіздік және Алматының «жасыл қала» атағын қайтару.

Мамандардың айтуынша, жоспарлау кезеңінде барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылымдар қарастырылған. Осының арқасында полиорталықтар шағын және жайлы аудандарға, іскерлік және қоғамдық белсенділік орталықтарына айналады, қала тұрғындарының табысының ұлғаюы мен өсуіне негіз болады. Сондай-ақ, мәдени және тарихи маңызы сақталатын тарихи орталыққа көңіл бөлінеді. Бұл ретте кеңестік дәуір кезінде салынған шағын аудандарды ревитализациялау бағдарламасы жүргізіледі.

қала
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

                                   6 қабаттан асатын ғимараттар салу шектеледі

Жаңа бас жоспар мынадай мақсаттарды іске асыруды көздейді:

– 188 жаңа мектеп, қолданыстағы оқу орындарына 12 қосалқы нысан және 65 емхана салу, 11 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны, 25 көпсалалы және 13 мамандандырылған стационарды модернизациялау;

– 2,4 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілерін, 1,1 мың шақырым су бұру желілерін және 161 шақырым жылумен жабдықтау желілерін салу.

– жеңіл рельсті көлік жүйесі мен метрополитенді қоса алғанда, жүрдек және жайлы қозғалыс үшін жүрдек көлікті интеграциялаумен бағыттық желіні оңтайландыру;

– 2030 жылға дейін Төле би көшесі бойымен 45 шақырым ЖРК желісі, «Қалқаман» станциясынан «Барлық» станциясына дейін 5,2 шақырым метро желісі салынады, төрт көлік-трансплантациялау торабы (Барлық, Алматы-2, Шығыс қақпасы, Солтүстік) салынады. 2040 жылға дейін тағы 76 шақырым ЖРК, 57 шақырым ЖАБ және 7,8 шақырым «Алматы-1» және «Алматы-2» метро желілері салынады. Осы шаралардың барлығы 2040 жылға қарай қоғамдық көлікті пайдаланушылардың үлесін 60 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, ал жеке көліктерді пайдалану 20 пайызға төмендейді;

– 2025 жылға дейін қоғамдық көлікті экологияландыру үшін 1200 дизельді автобус газға және электр тартқышқа ауыстырылады, 2 жаңа газ автопаркі, 5 жаңа газ құю станциясы пайдалануға беріледі, 200 бірлікке троллейбус паркі жаңартылады. 2025-2030 жылдар кезеңінде жеке және қоғамдық электр көлігі үшін зарядтау инфрақұрылымы желілері құрылатын болады. Бұл атмосфераға зиянды заттардың шығуын айтарлықтай азайтады;

– 2030 жылға дейін жасыл аймақтардың жалпы ауданы 3 есеге, 1,3 мың гектардан 3 340 гектарға дейін, ал 2040 жылға қарай – 3 840 гектарға дейін артатын болады;

– қала тұрғындарының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни, бас жоспар сейсмикалық белсенділігі 10 балдық аймақтарда 6 қабаттан асатын ғимараттар салуды шектейді. Бас жоспардың негізінде қалалық ғимараттар мен құрылыстарға жаңа сейсмоаудит жүргізіледі.

2030 жылға қарай Алматы халқының саны – 2,5 млн, 2040 жылға қарай – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 млн адамға жетеді. Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр болуы тиіс. Яғни, 2040 жылға қарай жалпы саны 3 млн адам болатын Алматы қаласы тұрғындарының жобалық қоныстануы мынадай түрде жүрмек: Оңтүстік-Батыс жоспарлау аймағында 1,3 млн адам (44,6%), Орталық жоспарлау аймағында 0,5 млн адам (18,1%) және Шығыс жоспарлау аймағында 0,45 млн адам (15,2%) тұратын болады.

Бас жоспарда мегаполисті дамытудың моноорталық моделінен политоралық модельіне көшу қағидаты бар. Осылайша, 2030 жылға дейін 5 политорталық құрылады. Олар – «Шығыс қақпасы», «Тарихи орталық», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс», «Батыс». Демек, Алматы қаласының политорталық негізінде дамуына байланысты бес ірі жоба және оған қосымша 36 шағын жоба нақтыланды. Заңға сәйкес, бекітілген бас жоспарды жылына екі рет өзгертуге болады.

                                   Жер сілкінісінен 188 ғимаратқа зақым келді

Таяуда Алматыда болған жер сілкінісінен кейін тұрғындар тарапынан көпқабатты тұрғын үйлерде жарықшақтар мен сызаттар пайда болғаны туралы шағым көп түскен. Соған байланысты құрылған арнайы комиссия мұны бір айдың ішінде жан-жақты тексеріп, нәтижесін шығаруы тиіс. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин өз пікірінде бұл ғимараттарда өмір сүру қауіпті емес екенін және жарықшақтарды жөндеу үйді салған компания арқылы жүзеге асатынын жеткізді.

Әмрин
Фото: NEGE

– 23 қаңтардан бастап тұрғындардан көптеген шағым түсті. Бүгінге дейін қаладағы 188 ғимаратқа зақым келгені анықталған. Оның ішінде 70 нысан – көппәтерлі үйлер, 118-і – әлеуметтік нысандар. 8 аудан әкімдігінің жанынан жұмыс тобы құрылды. Мұны жауапты 8 мекеменің өкілдері тексеріп шықты. Тұрғындардың өміріне бұл жарықтар қауіп төндірмейді. Өткен жылдан бастап қалған 16 мың нысанға сейсмикалық тексеру жүргізу басталды. Оны ҚазҚСҒЗИ жүргізеді. Ал бюджет тарапынан салынған әлеуметтік нысандар ағымдағы жөндеу аясында қайта жөнделеді, – деді әкімнің орынбасары.

Ал Алматы қаласының бас сәулетшісі Нұрлан Боранбаевтың сөзінше, бүлінген ғимараттарды қайтадан бүтіндейтін технология бар.

Боранбаев
Фото: NEGE

– Қалада іргетасы, қабырғасы қайтадан жөнделген ғимараттар аз емес. Көпқабатты үйлерді жекеменшік компания салғандықтан, оған бюджеттен ақша бөлінбейді. 1970 жылдан бергі салынған үйлердің сейсмологиялық шыдамдылығы жоғары. Қаладағы құрылыстар 9 балдық жер сілікінісіне төтеп береді. Әйтпесе, сараптамадан өтпейтін еді. Әрине, құрылыс саласында кемшілік көп, бірақ бұдан былай сапа жағына қатты көңіл бөлінеді, – деді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.

                                   «Алматы-3» теміржол бекеті қашан салынады?

«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов жаңа «Алматы-3» теміржол вокзалын салу жобасы бойынша «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Теміржол бекеті Алатау ауданына қарасты Боралдай тас жолы мен Саин көшелерінің қиылысында орналасады.

Сәдуов
Фото: NEGE

Жобалаушылардың пікірінше, жаңа вокзалдың сырт жақтан салынуы қаладағы көлік жүктемесін азайтады. «Алматы-1» және «Алматы-2» темір вокзалы барлық жолаушыларға ыңғайлы емес. Наурызбай, Бостандық, Әуезов аудандарының тұрғындары вокзалдарға бару үшін қаланың орталығымен ұзақ жүріп жетуге мәжбүр. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негізі, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Содан кейін сарпамтамадан өтеді. Бұл жұмыс шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Құжаттарды дайындауға қала әкімдігінен 952 млн теңге бөлінген», – дейді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов.

Бұл тұрғыда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин былай деді: «Қазақстан темір жолы« АҚ компаниясымен «Алматы-3» теміржол бекетіне байланысты кездесулер өткіздік. Жоба бойынша экономикалық-техникалық негіздеме шамамен бір жыл уақыт алуы мүмкін. Жобадағы біздің басты міндетіміз – вокзал мен вокзал аумағының егжей-тегжейлі схемасын ұсыну. Бұл – жергілікті бюджеттің шығыны. Ал 2026-2027 жылға дейін «Алматы-3» теміржол бекеті мен маңайындағы алаң жобалары бекітілуі тиіс. Бұл нысанды ҚТЖ салады. Құрылыс жұмысы қашан басталып, аяқталатынын сол компания нақтылай түсер. Сол уақытқа дейін біз де өз үлесімізді қосуға дайын боламыз».

«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты мамандары мен Алматы әкімдігінің айтуынша, бас жоспарда қаланы жасылдандыруға көңіл бөлінген. Яғни, жасыл қаланы қалпына келтіру жұмысы қатаң қолға алынады және ол үшін арнайы бөлінген жерге ешкім көз тіге алмайды.