«Балалардың көзінен от көремін» – Жандос Алпысбеков

Қазіргі заманда технологияның қарқыны күн санап артуда. Бұл білім беру жүйесіне де әсер етпей қоймайды. Мұғалім енді жай ғана білім беруші емес – шабыттандыратын, бағыт көрсететін және болашаққа жол ашатын тұлға.
Осындай мақсатпен жұмыс істеп жүрген ұстаздардың бірі – Жандос Алпысбеков. NEGE тілшісі оның бұл салаға қалай келгенін, шәкірттерімен қалай жұмыс істейтінін және АҚШ-та өткен USEF байқауындағы жеңісі жайлы сұрап білді.
– Жандос, алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қандай салаларда жұмыс істедіңіз және робототехникаға қалай келдіңіз?
– Мен Алматы қаласында дүниеге келдім, жасым 21-де. Қазір Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша соңғы курста оқып жатырмын. Бұған дейін IT саласында және жобаларды басқару бағытында жұмыс істедім. Робототехникаға деген қызығушылығым IT білімім мен басқару тәжірибемді біріктіргім келгендіктен пайда болды.
Сонымен қатар, балаларды жақсы көремін. Олардың қиялы, жаңалыққа деген құштарлығы, жылдам үйрену қабілеті мені әрқашан таңғалдыратын. Мен болашақ ұрпақтың кішкентай күнінен бастап білімге ашық, тәртіпті, арманы бар болып өскенін қалаймын. Робототехника – дәл сондай дағдыларды дамытатын құрал.
– Сіздің шәкірттеріңіз халықаралық USEF байқауында үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жеңістер сіз үшін нені білдіреді?
– USEF (USA STEM Education Foundation) – бұл STEM бағыттары ғылым, технология, инженерия және математика бойынша жыл сайын өтетін беделді халықаралық жарыс, оны АҚШ-тағы осы аттас қор өткізеді. Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың инженерлік және ғылыми пәндерге қызығушылығын арттыру, техникалық ойлау қабілетін дамыту және әлем бойынша жас таланттарды анықтау.

Бұл жеңістер – жай ғана медаль немесе жүлделі орын емес. Бұл – бірнеше айлық еңбек, балалардың табандылығы мен ата-аналардың қолдауы. Бұл – жаттығу кезінде төгілген тер, роботтарды қайта-қайта жасап шығару, қателіктерден сабақ алу. Ең бастысы, бұл жеңістер қазақстандық балалардың да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл мені шабыттандырады. STEM-білім беруді елімізде одан әрі дамытуға деген құлшыныс пайда болды.
– Сайысқа дайындық қалай өтті? Қандай қиындықтар болды?
– Дайындық бірнеше айға созылды. Біз роботтарды құрастырып, программалап, түрлі стратегиялар ойластырдық. Балалар күн сайын дамыды. Әрине, қиындықтар да болды. Кейде қажетті бөлшектер жетіспеді, кейде уақыт тығыз болды. Бірақ балалар берілмеді. Әр жаттығу оларды ширата түсті. Олар шын мәнінде өсті, тәжірибе жинады, өздеріне деген сенімі артты.
– Сіздің командаңыз басқа елдердің қатысушыларынан несімен ерекшеленді?
– Байқауға АҚШ, Оңтүстік Корея, Малайзия, Үндістан, Қазақстан, Түркия, Египет және басқа да 20-дан астам елдің командалары қатысты. Біздің басты артықшылығымыз – тәртіп, шығармашылық және командалық рух. Біз жай ғана тапсырманы орындап қоймай, ерекше, креативті шешімдер іздеуге тырыстық. Сонымен қатар, ата-аналар және оқушылар арасындағы сенім мен қолдау ерекше рөл атқарды. Біз жұмылған жұдырықтай бір команда болдық.

– Қай формат ең қиын болды?
– Жарыс үш жас санатына бөлінді: Ball Blitz (6-10 жас) – қатысушылар қарсылас аумағына мүмкіндігінше көп доп лақтыра алатын робот құрастырады. Sumo (9-16 жас) – командалар сумо стилінде күресетін робот жасайды, оның міндеті – қарсылас роботты ойын алаңынан шығарып жіберу. Soccerbot (9-16 жас) – командалар футбол ойнай алатын робот құрастырады.
Soccerbot - ең күрделі формат. Бұл жерде бәрі маңызды: программалау, механика, тактика, жылдам реакция. Әр қатысушы бар күшін салуы керек. Бұл – жоғары деңгейдегі үйлесімділікті талап ететін сайыс. Бірақ дәл осындай қиын сәттерде нағыз мықты командалар қалыптасады.
– 6-10 жас аралығындағы кішкентай балалармен қалай жұмыс істейсіз? Неліктен мектеп оқушыларына сабақ беруді таңдадыңыз?
– Бұл жастағы балалармен жұмыс істеу үшін ерекше шыдамдылық қажет. Оларға ойын арқылы, нақты мысалдармен түсіндіру маңызды. Ең бастысы – олардың қызығушылығын ояту. Сондықтан сабақтарым интерактивті, көңілді өтеді. Мен балалардың әрбір жетістігін атап өтіп, оларда сенімділік қалыптастыруға тырысамын.
Біріншіден, балалар – біздің болашағымыз. Олардың технологияларды тез меңгеретініне көзім жетті, сол себепті осы саланың қыр-сырын үйреткім келді. Екіншіден, балалармен жұмыс істеу – үлкен шабыт көзі. Меніңше, олармен жұмыс істей отырып, тек техникалық білім ғана емес, сондай-ақ жауапкершілік, шығармашылық, командада жұмыс істеу, өз жобасын қорғай білу сияқты өмірлік маңызды дағдыларды да қалыптастыруға болады.

– Қазақстандағы STEM-білім деңгейін қалай бағалайсыз? Не жетіспейді?
– STEM-бағыты дамып келеді, мұның әлеуеті өте жоғары. Бізге ауыл-аймақтарда мүмкіндіктерді кеңейту, мұғалімдерді оқыту, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы, инженерлік ойлау мәдениетін бала кезден қалыптастыру керек.
– Сіз халықаралық деңгейде «Үздік жаттықтырушы» атағын алдыңыз. Халықаралық байқауларға қатысу балалар үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл – шексіз тәжірибе. Мұндай байқаулар балаларға сенімділік береді, олардың тіл табысу, көшбасшылық, шешім қабылдау және техникалық дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, олар өз мүмкіндіктерін көріп, арманын кеңейтеді. Яғни болашаққа салынған инвестиция.

«Үздік жаттықтырушы» атағын алған кезім сезімге толы әрі қуанышты сәт болды. Бірақ маған ең маңыздысы – балалардың көзіндегі от, олардың өзіне деген сенімі, командалық рухы. Менің жетістігім – олардың жеңісі мен өсуінің айнасы. Бұл менің ғана емес, біздің ортақ жеңісіміз.