19 Сәуір 07:49
...

Алматыдағы аурухана қашан пайдалануға беріледі?

Фото:

Коронавирус індеті алғаш тіркелген сәтте-ақ науқастарды емдейтін жұқпалы ауруханада орын жетіспеушілігі анық білінді. Қазіргі кезде қалада 400-ге жуық вирус жұқтырған адам тіркелді. Мамандар індеттің шарықтау шегі әлі алда екенін жасырмайды.

Тіпті, ақпан айында есеп берген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Біз дерт пайда болды деген алғашқы күннен бастап сақтық жұмысына кірістік. Кәсіби медициналық маска да сатып алынды. Бұл тұрғыда мәселе жоқ. Бәрі жақсы болады. Себебі, барлық қызмет жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр», – деген.

Десе де, қала әкімі 16 сәуірде өткен онлайн баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің есебіне сүйене отырып, «мамандар қалада 800 адам коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін болжайды. Шамамен жұқтыру саны көп болатын кез сәуірдің екінші жартысы», – деді.

Демек, ауруханада орын тапшылығы болатыны әу бастан белгілі болды. Осыған орай, Сағынтаев 4 сәуір күні Алатау ауданында коронавирус жұқтырғандарға арналған аурухананы салуға пәрмен беріп, құрылыстың басталғаны туралы видео жариялап, жазба қалдырды. «Алматыда жаңа карантиндік орталық бой көтереді. Бүгін мен құрылысы алаңында болдым, аурухана коронавирустық инфекциясы бар делінген адамдарға және вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарға арналған. Жылдам тұрғызылатын модульдік құрылымдардан жасалған орталық 280 орынға есептелген, оның 28-і жан сақтау бөліміне арналған. Аурухана салу туралы шешім сарапшылардың ұсыныстары мен вирустық пандемияға тап болған басқа елдердің тәжірибесі негізінде қабылданды. Бұл бізге жұқтырған адамдарды уақтылы анықтауға, оқшаулауға және емдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, біз аурудың таралу қаупін едәуір азайтып, қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыра аламыз», – деп жазды әкім өзінің Instagram парақшасында.

Аурухана ішінің қазіргі көрнісі

Алайда, тез салынатын құрылыс жабдықтарымен тұрғызылатын нысан екі аптада бітіп, пайдалануға беріледі делінген. Бүгін – сәуірдің 19-ы, аурухана құрылысының бітетін түрі жоқ.

Nege.kz тілшісі жұмыс барысын қадағалап, суретке түсіріп келді. Байқауымызша, аурухана құрылысының ауы мен бауы түгел емес. Тіпті, құрылысшыларда да «Халық мұқтаж болып отырған аурухананы тезірек бітірейік» деген құлшыныстың ұшқыны білінбейді. Бәрі жайбарақат. 

Аурухана құрылысы сақ қорғанына зиян келтіре ме?

Жақында бір топ сенат депутатын жаңа аурухананың «Сақ қорғандары» аумағында салынып жатқаны алаңдатты. Олар осы мәселені назарға алып, қала әкімі мен Үкімет басшысының атына хат жолдады. Депутаттардың айтуынша, аз уақытта қолданысқа берілуі тиіс аурухананың жобалық-сметалық құжаты да дайын емес екен. Әрі құрылысқа қатысты келісімдер жасалмаған. Мәселен, сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Тарихшы ретінде айтайын, бұл б.д.д темір ғасырындағы қорғандармен ерекшеленетін жер. Ол арада оншақты үлкен қорған бар. Сол қорғандар бойынша бізде арнайы заң бар. Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау туралы заң бойынша ондай жерлерге құрылыс жүргізуге болмайды. Сондықтан осының заңдылығы қандай? Алматы қаласының әкімшілігі не Денсаулық сақтау министрлігі ол туралы хабардар ету керек еді. Өкінішке қарай, хабардар еткен жоқ» деді.

Бұған қалалық әкімдіктің өз уәжі бар. Бұлар аурухана құрылысы сақ қорғандарына зиянын тигізбейтінін айтады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құрылыс кезінде тарихи ғимараттар мен археологиялық құндылықтардың сақталуы басты назарда болатынын айтып, тиісті заң талаптары міндетті түрде орындалатынын жеткізді.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржанов та «Бұл қорғандарға аурухананың құрылысынан ешқандай қауіп жоқ. Өйткені бізде шекара аймағы деген болады. Қорғанға дейін қазір ол 200 метрден аса жер бар деп жауап берді.

Ал қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов: «Қорған кешені тарихи-мәдени қордың бас жоспарына сәйкес қорғалуда. Талапқа сай шекаралық арақашықтық сақталған» деп толықтырды. 

Біз аурухананың құрылыс жұмысын мойнына алған Bi Group компаниясына хабарласып, бірнеше сауал жолдап едік, баспасөз қызметінен төмендегідей жауап келді.

14 мың шаршы метр аурухана салу компания үшін түк емес

Қала әкімі аурухана іргетасын қалаған кезде оған құрылыс компания басшылары 2 аптада аяқтаймыз деген еді. Яғни, бұл күндері бітуі тиіс еді. Неге кешеуілдеп жатыр?

– Аурухана құрылысы 5 сәуірде басталды. Медициналық мекеме 200 орынға есептелген, соның ішінде қарқынды терапия, жан сақтау бөлімдері қарастырылған. Олардың жеке биохимиялық зертханалары, рентген бөлмелері мен компьютерлік томографиясы болады. Бұйырса, сәуір айының 20-сына таман пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Дәл осындай аурухананың құрылысы Нұр-Сұлтан қаласында да жүріп жатыр.

Аурухана салуға Bi Group таңдалып алынды ма, әлде ұсыныс қала әкімдігі тарапынан болды ма?

– Нақты жауапты үкімет бере алады. Үкімет медициналық мекемелерді қысқа мерзімде іске қосу міндетін қойды. Жобаны жүзеге асыру BI Group холдингіне тапсырылды. Осы тұста компанияның нарық көшбасшысы, құрылыс саласында көпжылдық тәжірибесі бар екенін еске сала кеткен жөн. BI Group жыл сайын шамамен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй және коммерциялық объектілер салады. Ал аурухананың көлемі 14 000 шаршы метрге жуық. Сондықтан бұл – компания үшін оңай жүзеге асырылатын нысан. Екіншіден, біздің компания бұл жобадан ешқандай пайда таппайды, яғни өзіндік құнына салуға келісті. Жұмыстар Open Book сатып алу әдісі бойынша жүргізіледі, онда мердігерлердің барлық шығындары ашық көрсетіледі.

Қанша адам жұмысқа тартылды? Олардың жалақысы қандай?

– Дәл қазіргі уақытта Алматыдағы аурухана құрылысында үш ауысымда шамамен 1250 адам жұмыс жасауда. Жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Мердігер ұйымдар өз қызметкерлеріне беретін төлемақы мөлшерін өздері анықтайды.

Қытай 10 күнде, өзбек 5 күнде аурухана салды

Қытай билігі коронавирус індетіне шалдыққандарға арнап, бір мезетте мың науқасты қабылдауға қауқарлы аумағы 25 мың шаршы метрді қамтитын «Хуошэньшань» ауруханасын 10 күнде салған еді.  Қаңқасы құрастырмалы бөліктерден құралған аурухана құс тұмауы індеті кезінде Бейжіңде салынған аурухана үлгісімен тұрғызылды.

Ал Өзбекстан Қытайды асып түсіп, астанасы Ташкенттен бір емес, үш аурухана салуды қолға алды. Оның біріншісін бес күнде пайдалануға берді. Өзбекстанның құрылыс министрі Батыр Закировтың айтуынша, қалған ауруханалар қысқа мерзімде іске қосылады.

Сәуірдің 20-сына да бір-екі күн қалды. Айтылған межеде ашыла ма, жоқ па? Кеше қала әкімі госпиталь құрылысының барысымен танысып, нысанның 90% -ға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта аурухана құралдармен жабдықталып, медициналық қызметкерлер іріктелуде. Айта кету керек, осындай жұқпалы аурулар ауруханасы еліміздің астанасы мен үшінші мегаполис Шымкентте де салынып жатыр.

 

Тегтер: