10 Қараша 11:57
...

Алматыда жаңа емхана салынады

Фото:

Жетісу ауданында жаңа емхана салынады, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Қала әкімінің Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде жаңа медициналық мекеменің салынатыны белгілі болды. Қала тұрғыны «Саяхат» автовокзалы маңынан емхана ашуды сұрады.

«Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, біз Сидоркин көшесі, 14 мекенжайындағы ғимаратты сатып алдық. Жыл соңына қарай жобалау-сметалық құжаттама бітіп, сараптамадан өтеді, ал келесі жылы күрделі жөндеуді бастауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылдың басында емхананы ашуымыз мүмкін», - деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.

Тұрғын ауданда көптеген қарттар мен көп балалы отбасылардың тұратынын атап өтті.

«Біз Саяхат ауданында тұрамыз, №2 емханаға қараймыз, бірақ ол бізден өте алыс, біздің Саяхат ауданында емхана ашуға өтінішіміз бар», - деді ол.

Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкобаева Сидоркин көшесі, 14 мекенжайы бойынша ғимарат сатып алынғанын, қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде деп жауап берді.

Бұдан бөлек  Алматының Алмалы ауданында 500 адамға арналған емхана салынады.

«443 мың адам тұратын ауданда жақын маңдағы Бостандық, Жетісу және Түрксіб аудандарының тұрғындарының тіркелуіне байланысты ауданның 18 емханасы 2 есеге артық пациенттерге қызмет көрсетуде. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бүгінде 1947 жылы салынған ескі ғимаратты бұзып, ревматология орталығының орнында 500 келушіге арналған жаңа емхана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Оған қаражат бөлінді», - деген еді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Құрылысты 2024 жылы бастау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Райымбек даңғылы бойында психикалық дамуы тежелген балаларға арналған бассейні бар спорт орталығын салуға ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда.

Қала тұрғындарының денсаулығы басты назарда. Қаладағы емхана жетіспеушілігі мәселелерін жою оңтайлы жолға қойылып келеді. 

Сонымен қатар, Алматыда тағы бір реабилитация кабинеті ашылды.

Онда кардио, нейрореабилитация, жарақаттан кейінгі және балаларды оңалтудың үшінші кезеңі жүргізіледі. Оған пациент денсаулығын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені кіреді.

№21 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дина Тапалова атап өткендей, медициналық оңалту тәртібі медициналық оңалту қызметін көрсету қағидаларымен айқындалады.

Медициналық оңалтудың үшінші кезеңі туа біткен аурулары бар адамдарға жіті жай-күйлерден, хирургиялық оталардан, жарақаттардан кейін, негізгі ауруды емдеу аяқталған соң, қабынудан тыс аурудың созылмалы ағымы кезінде оңалту бөлімшесінде (кабинетінде) медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына және диагностика мен аурулардың бейіні бойынша емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Д. Тапалова емхана жағдайында физиоем, уқалап емдеу, кинезиотерапия, инемен рефлексті емдеу, гирудотерапия жүргізілетінін атап өтті. Медициналық оңалту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, сондай-ақ ақылы негізде көрсетіледі.

Дәрігердің айтуынша, мүгедектікке және оңалту қажеттілігіне әкелетін патологиялық факторларға жүйке жүйесінің түрлі құрсақішілік зақымданулары, босану кезіндегі ми жарақаттары, балалардағы инфекциялық-қабыну аурулары жатады.

Ересектер арасында мүгедектіктің көп тарауына ми қанайналымының бұзылуына әкеп соқтыратын қан-тамыр аурулары себеп болады. Дина Тапалованың айтуынша, емдеу-қалпына келтіру процесінде оңалту қызметінің маңызы зор. Өйткені ол ағза қызметі бұзылған адамдарға бейімделуді, ағзаның қызметін толық немесе ішінара қалпына келтіруді, ауру қарқынын бәсеңдетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

№21 қалалық емхана тіркелген 42 396 адамға қызмет көрсетеді; оның ішінде ересектер саны – 24 109, балалар – 16 439 және жасөспірімдер – 1851.

Тегтер: