Төлеубай Ермекбаев: Алматыда Алтынбекке еңселі ескерткіш қою керек
...1982 жылдың қыркүйек айы енді басталған. Жазғы демалысым аяқталып, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің төртінші курсында оқуымды жалғастыру үшін Мәскеу қаласына қайтып оралдым.
Сол кездегі Кеңес одағының астанасы Мәскеу қаласында бір жыл оқып, құмырсқаның илеуіндей құжынаған алып шаһарға бойым үйреніп қалған кез болатын. «Домодедово» әуежайынан метромен «Академическая» станциясына дейін келіп, Шверник көшесінің бойымен аяңдап, МГУ-дің он алты қабатты атақты ДАС (Дом аспирантов и студентов) жатақханасына келдім.
Сол кездегі Кеңес одағының жоғары білім беру жүйесінде бір жақсы дәстүр бар еді. Ұлттық кадрларды даярлау мақсатымен Одақтас республикалардың жоғары оқу орындарының бірінші, екінші, үшінші курсын бітірген студенттердің арасынан оқу озаттарын таңдап алып, Москва, Ленинград, Қазан университеттеріне оқуларын жалғастыруға ауыстырып тұратын. Осылайша үлкен оқу орнында үш жыл орыс тілінде оқытып, жазғы демалыс кезінде өндірістік тәжірибеден өтуге өз елдеріне жіберетін.
Мен Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тобында үшінші курсты аяқтап, 1981 жылдың қыркүйегінен МГУ-дің журналистика факультетінде оқуымды жалғастырдым. Факультетіміз басқа болғандықтан, пән айырмашылықтары көп болды да, үшінші курсты қайта бастауыма тура келді. Алайда бұған тіпті де өкінген жоқпын. Мәскеуде оқу, аты әлемге мәшһүр Мәскеу университетінде білім алу деген бақыт емес пе!
Мен келген жылы Алматы қаласындағы ҚазМУ-нің журналистика факультетінің орыс бөлімінен Гүлнар Медеубекова деген қыз да ауысып келді. Сол жылы журналистика факультетіне Қазақстаннан келген сол қыз екеуіміз ғана болдық. «Ұлттық топта» бізден басқа Түркіменстаннан, Өзбекстаннан, Грузиядан, Латвиядан, Тәжікстаннан келген студенттер болды.
Біздің тұрып жатқан ДАС жатақханасы тұрмысқа өте жайлы етіп салынған тамаша ғимарат болатын. Бір секцияның ішінде – екі бөлме. Жеке ванна бөлмесі бар.
Айқара ашылған кітап түрінде айырықша сәулет үлгісімен салынған жатақханамызда өзінің үлкен асханасы, буфеті, кинотеатры, кітапханасы, спорт залы, тұрмыстық бөлмелері болды. Одақ көлеміне аты танымал белгілі қаламгерлермен, өнер адамдарымен кездесулер ай сайын өткізіліп тұратын.
Жатақханадан бөлме алып, орналасқан соң таныстарымды іздестіре бастадым. Бірінші болып кездестірген танысым – тобымыздың старостасы, түркімен жігіті Мохаммед Жутдиев болды. Үш ай кездеспеген соң сағынысып қалған екенбіз, мұсылмандық ғұрпымен төс қағыстыра амандасып, хал-жағдай сұрастырып жатырмыз.
– Мен мұнда келгелі бір апта болды. Демалыстан ертерек қайттым. Айтпақшы, биыл үшінші курсқа сенің бір топ жерлестерің келіпті. Құттықтаймын! – деді Мохаммед досым. Бұған мен қуанып қалдым.
– Рас айтасың ба? Олар нешеу екен өздері? Қыздар ма, жігіттер ме? Сен қайдан естідің? – деп тіл ұшына оралған сауалдарымды тобымен ақтара салыппын. Мохаммед аңқылдаған ақкөңіл жігіт еді. Қарқ-қарқ күлді.
– Қуанып кеттің ғой! Түсінемін. Естуімше, Алматыдан 4 жігіт келіпті. Кеше бір жерлесімнің бөлмесінде болғанмын. Сол айтты, – деді ол.
Сұрастырып көрсем, Қазақстаннан келген жігіттер жатақханаға орналасқан соң, қаланы аралауға қыдырып кеткен көрінеді. Мен оларды жақсы түсіндім. Бір жыл бұрын өзім де Мәскеуге келген бетте метромен қаланың талай жерін шарлап қайтқан болатынмын.
Журналистика факультетінің ғимараты қаланың Моховая көшесінің бойындағы №9-үйде орналасқан. Бұл арадан Қызыл алаңға дейін таяқ тастам жер ғана.
Факультет ғимаратының дәл қарсы алдында атақты Манеж ғимараты тұр. Ленин атындағы орталық кітапхана, ГУМ дүкені де таяу маңда орналасқан. Сабақтан шыққан соң аралайтын жерлердің көбісі факультетіміздің жанында еді.
Факультет ғимараты – ескі үлгіде салынған үш қабатты сары үй. Алдында М.В.Ломоносовтың еңселі ескерткіші бар. Журфактың деканы – осы факультетті талай жылдардан бері абыроймен басқарып жүрген атақты профессор Ясен Николаевич Засурский.
Бір қараған адамға сыртынан қарапайым ғимарат сияқты болып көрінетін іші көрген адамның көңілінде көркем театр үлгісімен безендірілгендей әдемі әсер қалдырады. Мәрмардан өрілген баспалдақтар мен колонналар, жарқыраған шырағдандар, еңесі биік ғимарат кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды.
Біз оқыған жылдар Кеңес одағы заманы болғандықтан ММУ журфагының үлкен екі аудиториясының бірі Ленин аудиториясы, екіншісі Коммунистік аудитория деп аталатын. Бір ғажабы, студенттерді сабақ сайын атын атап, тексеру деген мүлдем болмайтын. Солай болғанымен, әлдебір дәлелді себеп болып қалмаса, сабаққа қатыспайтын студенттер сирек еді. Себебі сабақтар өте қызықты өтетін. Факультеттің «Журналист» газеті, фотозертханасы, баспаханасы мен телестудиясы бізді қатты қызықтыратын.
Сонымен, жаңа оқу жылы да басталып кетті. Қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірінде факультет ғимараты алдындағы шағын саябақтың жанынан өтіп бара жатыр едім, бір топ студенттерден шеткері жерде бір біріне қазақша қалжың айтып тұрған екі жігіт кездесе кетті. Туған елден жырақта жүргенде бір қазақты көрсең, бірге туған бауырыңды көргендей қуанасың.
– Жігіттер, қайдан келдіңдер? Кім боласыңдар? – деп жандарына келдім.
Алтынбек Сәрсенбаев пен Дархан Мыңбаев деген жігіттер екен. ҚазМУ-дің журналистика факультетінен осында ауысып келіпті. Мен өзімді таныстырдым. Күтпеген кездесуге мәре-сәре болып қалдық.
– Сендерді 4 жігіт келді деп естіп едім ғой, рас па? – деп сұрадым.
– Иә, рас. Қанат Жұматаев пен Ерлан Байжанов деген жігіттер де келді. Олар орыс бөлімінен, біз қазақ бөлімінен ауысып келдік. Оқитын топтарымыз бөлек, бірақ жатақханада бірге тұрамыз, – деді жаңа танысқан жерлестерім.
Сол күннен бастап Алтынбек бастаған жігіттермен журфак ғимаратында, жатақханада жиі кездесіп жүрдім. Бірде барлығымыз Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіне автобуспен арнайы барып, 28 панфиловшы жауынгерлердің жаумен соғысқан жерін, болашақ ұрпақтарға арнайы сақталып қойған траншеясын, қазақстандық жауынгерлердің қыр басындағы алып ескерткіштер кешенін, Нелидово деревнясындағы панфиловшыларға арналған мұражайды тамашалап қайтқан едік.
Мәскеудің басқа институттарында оқитын қазақстандық жерлестермен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Жаңа жылды, басқа да мейрамдарды қарсы алу кештерін бірге өткізетінбіз. Сондай кештерде Алтынбектің болашақ жары Салтанат Атушевамен де бірнеше рет бірге болдық. Сәмбі талдай солқылдаған Салтанат қызбен қатар түскен бір сурет студенттік фотоальбомымда күні бүгінге дейін сақтаулы тұр.
Алтынбек әзіл-қалжың сөздерге оң иығын беріп тұратын. Өзіне жарасымды күлкісімен елді де күлдіріп, өзі де мәз болып, жадырап жүретін жайсаң жігіт еді.
– Сорыма қарай, мен студент болғанда әкем зейнетке шықты ғой. Ағаларым әкем колхоз директоры болған кезде оқыды. Ал мен пенсионердің баласымын, – деп күлдіретін.
1984 жылдың маусым айында мен оқуымды бітіріп, дипломымды алдым. Әскери есептен шығуға барғанымда Мәскеудің Севастополь аудандық әскери комиссариаты құжаттарымды сыпырып алды да, қолыма шақыру қағазын ұстатып қоя берді. Сөйтіп аяқ астынан әскер қатарына аттандым.
Қызыл Тулы Закавказье әскери округінің құрамындағы бөлімдерде бір жарым жыл әскери борышымды атқарып, елге қайтып оралдым.
Еңбек жолымды Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болып бастадым. Бірер жылдан кейін республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің орталық облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауыстым.
Бұл кезде Алтынбек «Арай-Заря» журналында, «Өркен-Горизонт» газетінде қызмет атқарып жүрген. Сол жылдары Алтынбектің өтініші бойынша Кеңес одағының батыры Нүркен Әбдіровтың жиені, қарағандылық жауынгер Марлен Әбдіров туралы очерк жазып, Алматыға жолдадым. Алтынбек оны «Арай» журналының кезекті санында жариялады да, артынша орысшаға аудартып, «Заря» журналында жариялады.
Кейін қызмет баспалдақтарымен жедел көтеріліп, біздің Алтынбек досымыз еліміздің жоғары билігіндегі талай жауапты лауазымдардың тізгініне ие болды. Мәдениет және ақпарат министрі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болды.
Осындай аса үлкен лауазымды қызметтерде жүрсе де, өмірде ол өзінің қарапайым қалпын сақтай білді. Бұған 1994 жылдың қыркүйек айында Қостанай облысында өткен классик қаламгер Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтой күндері Алтынбекпен бірге болған сәттерде, сол сияқты Ақпарат министрлігінің қызметкерлерін өзі бастап, Астанаға қоныс аударып келе жатқан кезінде Қарағанды вокзалы басынан қарсы алған шақта көзім анық жеткен болатын.
Кейін елдің бағына туған асыл азамат атынан ат үркетін лауазымды қызметін өз еркімен тастап, оппозиция қатарына ауысты. «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек!» деген жалынды ұран тастады. Туған еліне мысқалдай болса да жақсылық жасағысы келді. Ақ жүрегінде аялаған ақ армандары көп еді.
Амал нешік, қылшылдаған 40 жастың ортасына енді көтеріле берген шағында қасындағы серіктерімен бірге сұрапыл зұлымдықтың құрбаны болды. Халқына бергені де көп, берері де мол ардақты азамат, сұңғыла саясаткер болатын еді. Алтын азамат еді ғой Алтынбек!
Шіркін, Алтынбек сияқты ұлтжанды азамат мемлекетіміздің басшысы болғанда 30 жыл өміріміз Назарбаев бастаған жемқорлармен қор болмас еді ғой. Онда Қазақстан дамудың демократиялық даңғыл жолымен бірталай белестерден асар еді.
Амал қанша, бір кем дүние...
***
Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатып, туған жері Кеген ауданына еңселі ескерткішін қою туралы Президентіміз бастама көтерді. Қалың қазақтың көңілінен шыққан өте орынды бастама болды бұл.
Сол сияқты «Нұр заманның» құрбаны Алтынбек Сәрсенбайұлының да ардақты есімін ұлықтауға байланысты нақты шаралар қолға алынуы керек. Алтынбекке арналған еңселі ескерткіш Алматы қаласының көрнекті бір алаңында бой көтеруі керек деп санаймын.
Халқымыздың кемел келешегі үшін саналы түрде басын қатерге тіккен есіл ерлердің есімі елдің есінде мәңгі сақталуы керек!
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ, Журналистер одағының мүшесі.