1 Наурыз 17:32
...

«АЛМАТЫ қашан еркін тыныс алады?»: ЭКОБЕЛСЕНДІЛЕР форумда бас қосты

Фото:

Бүгін Алматы қаласында «Еркін тыныстану» экологиялық форумы аясында «Алматы қашан еркін тыныс алады?» атты тақырыпта пікірталас болды. Қала тұрғындары мен эко-белсенділер қатысқан шараны Qazaqstanda Jasalgan экономикалық ұлтшылдық қозғалысы ұйымдастырды.

Соңғы жылдары еліміздің экологиялық ахуалы мәз емес. Әсіресе, халқы да, көлігі де көп Алматы қаласының ауасы күннен-күнге күрделеніп барады. Бұл мәселе биік мінберлерден айтылып жүрсе де, жағдай оңалып жатқан жоқ. Мамандардың пікірінше, сөз күйінде айтылу бар да, бірақ іс жүзінде жүйелі әрекет жасалу жағы кемшін.

Мәселен, Qazaqstanda Jasalgan экономикалық ұлтшылдық қозғалысының жетекшісі Айбек БАРЫСОВТЫҢ айтуынша, қоршаған орта мен экологияның күрт нашарлап кетуі Алматы қаласы тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді.

«Меніңше, қаладағы кептелістер үш жылу электр станциялары (ЖЭС) сияқты Алматының ауасын уламайды. Ауаға ластаушы заттардың 70 пайызға жуығын осы ТЭЦ-тар және көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар шығарып отыр», – дейді қозғалыс жетекшісі.

Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы, Метеорология және гидрология кафедрасының кандидаты, «Биосфера экологиясы» зертханасының ғылыми қызметкері Мадина ТҰРСЫМБАЕВА «Ауа сапасын жақсартудың жүйелік өзгерісі» атты баяндамасында Алматы қаласының экологиялық жағдайына талдау жасады.

«Бүгінде шаһарда 2,2 млн халық тұрады. Алматы – Қазақстандағы ең ластанған қала санатында. Ауаның ластануына жылына 3,4 млн көмір жағатын жылу электр станциялары айтарлықтай үлес қосуда. Одан бөлек 469, 7 мың көлік бар» дегенді айтты ғылыми қызметкер.

Сондай-ақ, KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы, энергетика маманы Әсет НАУРЫЗБАЕВ «Алматы кең тыныстау үшін не істеу керек?» деген мәселе аясында біраз түйткілді жайып салды.

«2018 жылы жүргізілген CORE зерттеуі тыныс алу жолдары ауруының саны өскенін анықтаған. Алматы қаласының 6,7 пайыз ересек тұрғындарынан «Созылмалы обструктивті өкпе ауруы, ал 25,5 пайызынан бронхиалды астма диагнозы анықталған. Бұл көрсеткіш халықаралық басылымдарда да жарық көрді», – дейді энергетика саласының маманы. Оның пікірінше, қалада көпқабатты тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі жел жылдамдығын екі есеге төмендетіп жіберген.

«Былтыр «Алматыгенжоспар» институты атмосфераның CFD моделін енгізуді бастады. Ауаның ластануы бойынша жүргізілген арнайы ғылыми зерттеулерге қарасақ, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталып, 1999-2015 жылға арналған «Таза ауа – жанға дауа» кешенді бағдарламасы нәтижесіз болды. Одан кейін Алматының ластану деңгейін төмендету бойынша 2009-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы да ойлағандай жүзеге аса қоймады», – дейді маман.

Алматының атмосферасын ластап отырған – автокөлік, энергетика, жек үй салушылар, қала құрылысы. Мәселен, энергетикаға келсек, қаладағы ЖЭС-2-ні 2026 жылдың қаңтарына дейін көгілдір отынға көшіру жоспарланған. Алайда, қаланы газ арқылы жылытудан бұрын, 2020 жылы жаңадан салынған үйлердің шатырына су жылытатын коллекторлар мен күн батареяларын орнату қарастырылды.

«Алайда, 2020 жылы Алматының жеке секторын газдандыруды 100 пайызға, 2023 жылға дейін агломерацияны газификациялау 100 пайызға жүзеге асады десе де, нәтиже байқалмайды. Меніңше, мемлекет өзі білмесе, бұл іске білетін мамандарды тартып, бірлесіп жұмыс істеуі керек. Себебі, біз ағзамызға улы заттар сіңіп кеткен өзімізді емес, балаларымыздың денсаулығын ойлауымыз қажет», – деген Әсет Наурызбаев экологиялық мәселені шешуге бағытталған жобалардың аяқсыз қалғанына қапалы.

Форумда баяндама жасаған эксперт-маман Бэла УМРАЛИЕВА «Тоқыма қалдықтарын өндеудің экологиялық-технологиялық маселелерін» көтерді. Ол иірілген жіп пен дайын өнімдерді өндіру үшін шикізат ретінде тоқыма өндірісін қайта өндеудің экологиялық таза қалдықсыз технологиясын əзірлеу туралы айтты.

Оның айтуынша, жоба мақсаты – тоқыма қалдықтарынан қайта өнделген талшық өндірісін ұйымдастыру, жылына 1500 тонна көлемінде дайын өнім шығарудың жобалық қуатына жету, өнімді ТМД нарығына экспорттау.

Айта кету керек, Қазақстандағы тоқыма қалдықтарының (қатты тұрмыстық қалдықтар-ҚТҚ) жалпы мөлшері 5 пайыз. Елімізде жылына 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналса, оның 250 мың тоннасы – тоқыма қалдықтары. Ал полигонда бұл қалдықтар утилизацияға жіберіліп жағылады екен.

Импорттық иірілген жіптің бағасы жоғары. Яғни, импорттық өніммен салыстырғанда бəсекеге қабілеттілігі төмен. «Қазақстан Республикасының тоқыма өндірісі кəсіпорындарында қалдықтарды қайта өндеу технологияларының болмауы, кəсіпорындарда жəне қатты тұрмыстық қалдықтар қоймаларында тоқыма өндірісінің қалдықтарының жиналуы, қалдықтарды шығару мен кəдеге жарату құнының жоғары болуы – үлкен кедергі.

Бұл түйткілді шешу үшін әзірленген технологияны енгізе отырып, тоқыма қалдықтарын қайта өндеу өндірісін ұйымдастыру қажет. Арзан шикізат (тоқыма өндірісінің қалдықтары) есебінен нарықтан төмен бағамен қажетті сипаттамалардағы жіптерді өндіру және тоқыма қалдықтары мен тозған бұйымдарды қайта өндеу үшін жинауды ұйымдастыру жəне қатты тұрмыстық қалдықтар қоймаларына тастаудың алдын алу керек.

Бұл тұрғыда  Қазақстанда алғаш рет тоқыма өндірісінің қалдықтарын регенерациялау технологиясын енгізіп, табиғи талшықтардан жасалған аралас жіпті пайдалану ұсынамыз», – дейді Бела Умралиева.

Айта кету керек, бұл жобаның нәтижесінде құрамында ұзын талшықтары бар қалдықтарды рецепт бойынша қосу технологиясы енгізілді.

Экологиялық форум аясында қала тұрғындары мен экобелсенділер электрондық цифрлық қол (ЭЦП) кілті арқылы Алматы жылу электр станцияларының әрекетсіздігі үшін сотқа шағым түсірді.

Тегтер: