9 Қыркүйек 10:51
...

Алмат Тұрысбекұлы, кардиолог: Жүрегі ауыратындар аса сақ жүруі керек

Фото:
«Қалалық кардиологиялық орталық» директоры Алмат Қодасбаев жүрек қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастарға коронавирус инфекциясын жұқтыру немесе соған ұқсас белгілер байқалған жағдайда не істеу керегін айтты.

Маманның айтуынша, коронавирус жүректің бұлшықет клеткаларына әсер ететіндіктен, жүрек қан тамырлары бар науқастарда коронавирус инфекциясы басқаларға қарағанда ауыр өтеді.

Nege.kz тілшісі бұл жөнінде маманның өзінен сұрап білді. 

Алмат Тұрысбекұлы, індет халықты титықтатып жіберді. Әсіресе, маусым-шілде айында ауырғандар саны күрт өсті. Енді екінші толқыны бұдан да қатты болатыны айтылуда. Біз біріншісінен қандай сабақ алдық?

– Әрине, өткен іс өтті. Қаншама адам көз жұмды. Бұл – бізге ғана емес, бүкіл дүниежүзіне сабақ боларлықтай жағдай. Індет әрбір елдің, әрбір мемлекеттің, тіпті жер басып жүрген әр азаматтың не істей алатынын көрсетті. Бәрі де осы індеттің алдында шарасыздың күйін кешті. Яғни, үлкен сынақ болды деп айтсам, артық емес. Жалпы, бұл жұқпалы індет адамның жеке басының гигиенасын, тазалығын ұстауды үйретті. Шын  мәнінде, өмір салтымызды 180 градусқа өзгертті. Енді бұрынғыдай қаперсіз жүру деген болмайды. Біз мұны вирус ел шекарасына келгеннен сезіндік. Індетті ауыздықтауға қарсы күрескен дәрігерлер халықтың жеке бас тазалығын сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз.

Бұл індет кімнің кім екенін көрсетті. Елімізде вирус өршіп кеткен кезде дәрі тапшылығы қатты сезілді. Халық дәрменсіздің күйін кешті. Бас пайдасын ойлағандар дәрі-дәрмекті екі-үш есеге сатты. Осының өзін реттеуге келгенде қол қусырып отырғандарға таңқалдым. Ел басына күн туған кезде дәрігерлер өз басын қатерге тігіп күресті.

Екінші сабақ – БАҚ арқылы көрсетіліп жатқан көп жаңалықтарға немқұрайлы қарап келдік. Себебі, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Еуропа елдерінде аурудың қалай тез таралып, қалай күресіп жатқанын көрсек те, мұны Қазақстанға келмейтіндей, келсе де, өзімізді аттап өтетіндей ойда болдық. Тіпті, Италия мен Испанияда науқастарға ауруханадан орын табылмай, дәлізде жатқанын көргенде бұл жағдай бізде болмайтындай көрдік. Бірақ дәл осы көрініс бізде де қайталанды. Егер індеттің екінші толқыны келетін болса, біз қазірден бастап барлық іс-әрекетімізді жоспарлауымыз керек. Тек медициналық көмек көрсету ғана емес, жалпы халықтың жағдайын қиындатпауға әрекет жасау қажет.    

Қазақстанға қаншама елден, жекелеген кәсіпкерлерден 37 рет көмек келіпті. Сөйте тұра дәрі тапшылығына тап болдық. Неге?

– Әрине, індет халық арасына бұлай тез таралып кетеді және халықтың көпшілігі дәрі-дәрмекті шамадан тыс қабылдайтын жағдайға жетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Содан шығар, дәріханалардағы дәрі қоры бір мезетте халықтың сұранысын қамтамасыз ете алған жоқ. Екіншіден, халықтың көбі дәрі-дәрмекті өз бетінше сатып алып, қалай болса солай қолданды. Медицинасы жақсы дамыған мемлекеттерде антибиотик дәрілер дәрігердің нұсқауынсыз, арнайы рецептсіз сатылмайды. Ал бізде кез келген дәріханада сатылып жатыр. Сондықтан да оны әркім өз бетінше пайдалануда. Сондай жағдайға үйренген жұрт аурудың алдын алам деп неше түрлі дәріні қабылдай бастады. Жүйесіз сатылған препараттар дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне әкелді. Үшінші, бұл ауруханаға келетін науқастың санын көбейтіп жіберді.

– Пневмония өршіген тұста, әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдар жиі көз жұмып жатты. Неге?

– Кез келген дертке шалдыққан науқастың бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары зардап шегеді. Ал бұрыннан жүрек-қан тамырлары ауыратындар коронавирустық пневмония жұқтырып алып, көз жұмып жатты. Яғни, біріншіден, вирус өкпені ғана зақымдап қоймай, жүрек қан тамырларына, жүрек бұлшық еттеріне кері әсерін тигізеді. Екінші, науқастың өкпесі зақымданып, қандағы оттегінің құрамы төмендеген жағдайда жүректің қан тамырларына оттегі жетіспейді. Бұл жүрек қан тамырлары ауруын одан әрі қоздырады. Тағы бір жайт – пневмонияға қарсы қолданатын көптеген антибиотик дәрілердің пайдасынан зияны көп. Бірден жүрекке әсер етеді. Бұл айтып отырғанымның бәрі дәлелденген. 20 маусымда Еуропа кардиологтары қоғамының негізгі нұсқаулығы жарияланды. Онда коронавирустық пневмонияға қарсы еммен қоса науқастың жүрек ауруларының алдын алу және жүрек бұлшық етінің күшін жақсартатын дәрілермен қоса емдеу керектігі туралы кеңес айтылған.

– Мысалы, жүрек-қан тамырлары дімкәс адам коронавирус жұқтырып алса, әуелгі кезекте не істеу керек? Ол науқасты қалай аман алып қалуға болады?

– Әрине, жүрек-қан тамырлары ауруы бар науқастар диспансерлік есепте тұрып, өз диагнозына сай дәрілер қабылдап жүрсе, оны дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен тоқтатуға болмайды.

Жүрек-қан тамырлары ауруына қарсы қолданатын дәрінің көпшілігі қанды сұйылтады, қанның ұйығыштығына қарсы әсер етеді, қан қысымын төмендетеді. Мұны вирусқа қарсы дәрімен қатар іше беруге болады. Бір-біріне зияны жоқ. Ал егер өз бетінше пневмонияға қарсы дәріні көп қолданып, жүрек қан тамырлары ауруын емдеу барысындағы негізгі қабылдап жүрген дәріні тоқтатып тастаса, қан қысымы көтеріліп, жүрек ауруының күшеюіне әкелуі мүмкін.

Тағы қайталап айтам, ішіп жүрген дәріні өз бетінше тоқтатып немесе қосымша ем қабылдау дәрінің әсерін жойып жібереді немесе күшейтіп жіберу қаупі төнеді. Мұндай кезде дереу кардиолог маманның кеңесіне жүгінген дұрыс. Егер жүрек-қан тамырлары ауруымен ауырған науқас пневмония жұқтырса, дер кезінде көрсетілген емнің арқасында аман алып қалуға болады.

– Жасыратыны жоқ, дәріханада дәрі-дәрмек тапшылығы болғанда әркім жанын күйттеп, өз бетінше емделуге көшті. Бірі иттің майын ішсе, енді бірі борсықтың майын іздеп кетті. Тіпті, қойдың құйрық майының бағасы шарықтады. Осыған не дейсіз?

– Әрине, халықтың арасында негізсіз және толық медициналық тұрғыда тексеріліп дәлелденбеген, бірақ халық арасында қолданып жүрген әртүрлі ем-дом соңғы кезде көбейіп кетті. Ит пен борсық майын пайдаланудың ауруға қарсы әсері бар екені зерттелмеген. Кей жағдайда мұның пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Мұндай нәрседен мүмкіндігінше аулақ болған дұрыс.

– Тіпті, Covid-19 жұқтырғандар майлы тамақ ішуді де өмір салтына енгізіп алды. Кардиолог ретінде майлы тамақтың зияны жайында айтсаңыз...

– Жалпы, майлы тамақтың зияны туралы мәлімет барлық жерде бар. Ақпарат құралдарында да мұның зияны туралы кеңінен айтылады.

Пневмония кезінде майлы тамақ вирустың сыртқы қабығының еруіне және олардың жойылуына әсер етеді деген болжам болған. Алайда, біз майлы тамақ жеуге кеңес бермейміз. Өйткені, майлы тамақты шектен тыс пайдалану пневмонияға әсері болғанымен, бұрын жүрек қан тамырларымен ауырған науқастардың тамырларына май шоғырлары жиналып, бітеліп, кейін инфаркт, инсульт ауруына шалдығуы мүмкін.

Себебі, майлар мен холестерин жүрек қан тамырлары жүйесіне қосымша күш түсіреді. Сондықтан майлы тамақтың зияны көп.

Алдағы күз-қыс мезгілінде індет жұқтыратындар 2,5 млн адамға жетеді және қайтыс болғандар саны  20-40 мыңның шамасында болады деген қорқынышты болжам бар. Осылай болуы мүмкін бе?

– Күзде екінші толқыны келеді деп жатыр. Болжам да жасалды. Бірақ  көрсеткіші шындыққа жанаса қоймайды. Қазір екінші толқынға қарсы дайындық шаралары шама-шарқынша жүргізілуде. Егер індет тағы өршісе, бірінші толқыннан алған тәжірибеге сүйеніп, әртүрлі аурудың асқынуларының зиянын ескере отырып, қарсы шара қолдануымыз керек. Әрбір азамат саналы түрде әрекет жасаса, 20-40 мың адамнан айырылып қалмауға толық мүмкіндік бар. Әр адам жеке басының саулығын өз жауапкершілігіне алатын болса, онда екінші толқын жеңіл өтіп кетуі мүмкін.

Тегтер: