20 Тамыз 13:19
...

Мектеп формасына қатысты петиция: Мамандар не дейді?

Мектеп формасы
Фото: Коллаж NEGE

Ата-аналар қымбатшылыққа байланысты әлеуметтік желіде мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинаған болатын. Үшбу хат жайлы әңгіме жауапты министрліктің де құлағына жетсе керек, ведомство әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюге тиіс деп санайтынын жеткізді. Біркелкі түстегі форма тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып қана қоймай, балалардың назарын киімнен көрі білімге аударатынын қадап айтты. Осы ретте тілшіміз арнайы сала мамандарына хабарласып, пікір сұрады. 

Гүлжазира БЕЙСЕНБАЙ, психолог: 

Алабажақ киіну бала психологиясына әсер етеді

Б
Г.Бейсенбайдың жеке мұрағатынан

– Бірыңғай түсті форма болғаны дұрыс. Өйткені алабажақ киіну бала психологиясына айтарлықтай әсер етеді. Қазір мектепті қойып, балабақшадағы балалардың арасында да бәсекелестік бар. Ол үрдіс бастауыш және орта сыныптарда жалғасын табуы әбден мүмкін. Оқушы санасы жоғары сыныпқа барғанда ғана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бағамдай алатын дәрежеге жетеді. Сондықтан еркін форманы 9-сыныптан кейін ғана киюге мұрсат беруге болар. Бірақ дегенмен, арнайы мектеп формасын алдың не, алмадың не, баланы мектепке киіндіру қажет болғандықтан, бәрібір ата-ананың қалтасынан сондық шығын кетеді. Сол себепті белгіленген ереже бойынша мектеп формасын тұтынған жөн.

Одан кейін балалардың бір-бірін түрлі-түсте көру зейіндеріне де әсер етеді. Әртүрлі әлеуметік категориядағы отбасының балалары болады, салдарынан бір-біріне салыстырмалы көзбен қарап, мұның соңы буллингке алып келуі де ықтимал. Тіпті, ата-ана мен баланың арасында келіспеушілік туындауы да ғажап емес.

Сол сияқты өтпелі кезеңдегі балалар субкультураны қабылдап алуға бейім болады. Әлеуметтік желдегі дүниені көрген жеткіншектер өзі жүрген ортада соны көрсетіп жатады. Осындай келеңсіздікпен күресіп жатқанымызда, оған киім мәселесі қосылса, жағдайдың күрделене түсері анық. Сондықтан мектепішілік тәртіп бойынша бірыңғай біртүсті форма кигендері дұрыс.

Айдана ШАХАМАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бейіндік мектебінің директоры:

Оқушыларды өзіміз танымай қаламыз

Ш
А.Шахаманованың жеке мұрағатынан

– Оқушының оқушы келбетіне сай жүргені жөн деп санаймын. Мәселен, біз мереке күндері балаларға бір күн еркін киінуге мұрсат берсек, оқушыларды тіпті өзіміз танымай қаламыз.

Әл-Фараби атындағы колледж де, университет те бар. Мейрам күндері солардың қайсысы оқушы, қайсысы студент екенін ажырата алмай жатамыз. Сондықтан кәмелет жасқа жеткенше, бала белгіленген ережеге сай киінгені абзал. 

Мәселен, біздің оқушыларға ақ жейде мен қара белдемше немесе қара шалбар кию міндеттелген. Оқушылардың осы ережеге сай жүруін үнемі  қадағалап отырамыз.

Марат АСҚАРБЕКОВ, заңгер:

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

А
М.Асқарбековтың жеке мұрағатынан

Заңда мектеп оқушылары мынадай форма киюге міндеттеледі деп жазылмаған. Бұл министрліктің мектепішілік тәртіпті қалыптастыруда жасаған талап ережесі ғой. Ол дұрыс. Бұл бір жағынан өскелең ұрпақты теріс діни ағымдардың жетегінде кетуден сақтандырады. Содан кейін оқушыларды белгілі бір тәртіпке жұмылуға шақырады.

Үстін таза ұстап, жуып, үтіктеп үйренген әр бала өмірде тазалыққа, ұқыпты азамат болып қалыптасуға ұмтылады. Дегенмен, бекітілген форма ата-ананың қалтасына салмақ салмайтын, жеңіл маталардан тігілсе құба-құп.

Сол сияқты қыздар шашын жинап жүрсе, тырнағын өсіріп, бояп, әрленбей, мектепке іскерлік киімде келгені жөн. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы дәл айтқан.

Гүлнар АСҚАРБАЕВА, Алматы облысы, Іле ауданы, №38 мектеп-гимназиясының директоры:

Басымдық әрдайым білімге берілмек

А
Г.Асқарбаеваның жеке мұрағатынан

– Мектеп – білім мен тәрбие беретін орта. Сол себепті мұнда іскерлік этикет сақталуы тиіс деп санаймын. Оқушылар мен ұстаздардың сыртқы келбеті де осы талапқа сай болуы қажет.

Министрлік бекіткен ережелерге сәйкес, біздің гимназияда оқушыларға ақ жейде мен қара немесе қою көк түсті шалбар және белдемше кию міндеттелген. Дегенмен, біркелкі үлгіде тіктірсін деген шарт қойылмайды, өйткені әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сондай-ақ, арнайы костюм-шалбар кию талабы да жоқ.

Алайда, мектепте джинсы шалбар мен кроссовка киюге рұқсат етілмейді. Спорттық киім тек дене шынықтыру сабағына арналған. Басқа күндері оқушылар классикалық үлгідегі аяқ киім киюге міндетті. Қыз балаларға тым қысқа немесе тым ұзын белдемше киюге болмайды.

Жыл басында сынып жетекшілері ата-аналарға осы талаптар жайлы толық ақпарат беріп, құлақтандырады. Себебі балалар мектепке киім көрсету үшін емес, сапалы білім алу үшін келеді. Сондықтан басты басымдық әрдайым білімге берілмек.

Редакциядан: Жаңа 2024-2025 оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар төмендегідей:
Форманың түсі бірыңғай қара көк түсті болуы керек. Ер балаларға пиджак, кеудеше, шалбар, мерекелік көйлек, күнделікті киетін көйлек ұсынылады. Оларға арналған шалбардың ұзындығы тобықты жауып кең көлемде пішіледі. Жеңі, жағасы жоқ киімдер киюге тыйым салынады. Аяқ киімі классикалық стильде болуы керек.
Қыз балаларға пиджак, кеудеше, белдемше, классикалык үлгідегі жейде, қысқы мезгілде сарафан, тоқыма желет киюге болады, жеңі, жағасы жоқ киімдерге рұқсат етілмейді және белдемше ұзындығы тізеден түсіп тұруы керек.
Ер балараға мерекелік форма ақ көйлекпен, қыздарға ақ жейдемен толықтырылған күнделікті киетін формадан тұрады. Спорттық киімге ортақ спорттық кастюм және аяқ киім жатады.

Сондай-ақ, түрлі конфессиялардың діни киімдердің элементтері болуына рұқсат берілмейді.