Алғашқы түлектерден көшбасшыларға дейін: Назарбаев Университетіне – 15 жыл

2025 жылы Назарбаев Университеті (NU) өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде университет айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, ең бастысы – Қазақстан мен жаһандық экономиканың дамуына белсенді үлес қосып жүрген түлектерін тәрбиеледі.
Алматы, NEGE. 2015 жылдан бері университет 10 339 жоғары білікті маманды даярлап шығарды, олардың 6 521-і бакалавриатты, 3 818-і магистратура мен докторантураны аяқтаған.
Бүгінде 1 921 түлек әлемнің жетекші университеттерінде білімін жалғастыруда. Олардың 39%-ы АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің беделді оқу орындарын таңдаған. Олардың көпшілігі шетелде білім алып, Қазақстанға оралып, еліміздің гүлденуіне үлес қосып жатыр.
Аружан Мейірханова саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша білім алған, ал бакалавриат дәрежесінен кейін Гарвардқа түсіп, аймақтану мамандығы бойынша оқыды. Қазақстанға оралғаннан кейін ол Еуропалық қайта құру және даму банкінде, қазір NAC Analytica орталығында жұмыс істеді.
«Мен Гарвардқа оқуға түскенде, мұндағы оқу бағдарламасының НУ-ға қарағанда біршама жеңіл екенін түсіндім. Қазақстанға оралуыма келетін болсақ, бұл өзімнің кәсіби мақсаттарға негізделген саналы шешімім болды. Мен өз мансабын шетелде жалғастыруды таңдағандарға да үлкен құрметпен қараймын. Олар да Қазақстанның атын шығарады және Отанынан жырақта жүрсе де еліміздегі түрлі салалардың дамуына елеулі үлес қосады. Менің жағдайыма келер болсақ, Орталық Азия бойынша маманданған аймақтану маманы ретінде мен өз мансабымды осы аймақта тікелей жұмыс істеу тәжірибесінсіз елестете алмадым. Болашақта не болатынын білмеймін, бірақ даму банкінде, аналитикалық орталықта жұмыс істегендіктен, мен күн сайын жаңа дүниені үйреніп жатырмын. Жалпы, мен өзімнің ғана емес, қоғамның дамуына да оң үлес қоса аламын деп сенемін», - деді Аружан Мейірханова.
Бүгінде 6 941 түлек беделді жерде қызмет етеді. Олардың 91,5%-ы Қазақстанда еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жатыр. Мемлекеттік грант иегерлерінің көпшілігінен Қазақстанда үш жыл жұмыс істеу талап етіледі. Бұл экономиканың негізгі салалары мен мемлекеттік қызметке білікті мамандардың келуін қамтамасыз етеді. Бұған NU-дан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оксфордта білім алып, қазір осы орталықты өзі басқарып отырған Әділ Құсманның тәжірибесі мысал бола алады.
«Қосымша білім алуды таңдаған түлектер Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Сингапур Ұлттық университеті, Швейцарияның Цюрих федералды технологиялық институты және т.б. сияқты әлемнің жетекші университеттеріне түсті. Бұл – болашаққа жасалған стратегиялық инвестиция. Шетелде білім алған түлектер туған жерінен бас тартпайды, керісінше оның интеллектуалдық және кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Уақыт өте келе Қазақстанның игілігіне пайдалануға болатын тәжірибе жинайды. Олардың көпшілігі бизнесте, ғылымда, мемлекеттік басқаруда қызмет етеді немесе Қазақстанмен халықаралық деңгейде ынтымақтастықты жалғастырады. Патриотизм – өз еліңнің дамуына үлес қосуға деген ұмтылыс. NU түлектері осы қасиеттерге ие екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді», - деді ол.
NU түлектері ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Университет түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі – 98%, бұл олардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Түлектердің 18%-ы ғылыми-зерттеу бағытын таңдап, Кембридж, Оксфорд, Стэнфорд, MIT, Гарвард, ETH Цюрих, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің магистратура және докторантура бағдарламаларына түскен. Кәсіби мансапқа бет бұрған түлектер әлемдік компанияларда қызмет етеді. Олардың қатарында Google, Amazon, Apple, Facebook, Big 4 консалтингтік компаниялары, және де Goldman Sachs пен J.P. Morgan сияқты халықаралық қаржы институттары бар.
Ең бастысы, олар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарда жетекші орындарды иеленіп, отандық компанияларда жұмыс істеп, көбісі кәсіпкер, жаңашыл болып қалыптасып, ел экономикасының дамуында елеулі рөл атқаруда. NU-дың түлегі Лаура Вайгорова мектеп оқушыларына мамандық таңдауға және әлемнің жетекші университеттеріне, соның ішінде өзі оқыған NU-ға дайындалуға көмектесетін өзінің стартапын құрды.
«Шетелде жұмыс істеуге ұсыныстар болды, бірақ менде ел үшін құнды нәрсе жасауға деген ынта басым еді. Қазақстанда білім берудің аясы кең, бизнес жүргізуге жақсы жағдай жасалды, түрлі халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Шетелдіктер 10 жыл бұрын Қазақстан туралы енді ғана біліп жатты. Сол себепті елімізді әлемдік аренада танытатын жобаны жүзеге асырғымыз келді. Біздің Smartestprep жобамыз дәл осы идеямызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Лаура Вайгорова.
Бір қызығы, түлектердің 88 пайызы өз мамандығы бойынша немесе соған байланысты салада еңбек етіп, ғылым, техника мен экономиканың дамуына үлес қосып жатыр. Оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер мансабын ары қарай жалғастырып, білімді ұрпақ тәрбиелеуде. Олардың жетістіктері NU түлектерінің жоғары дайындық деңгейін және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Университеттің NU мен NIS-ті дамытуға арналған жеке қоры бар.