28 Желтоқсан 17:39
...

Әлеуметтік салаға басымдық берген «Теңізшевройл»

Фото:

21 желтоқсанда үкіметтік емес ұйымдар Құлсары қаласында жергілікті әкімдік өкілдерімен, тұрғындармен, бенефициарлармен, сондай-ақ жоба демеушілерімен кездесіп, «Теңізшевройл» компаниясының 2022 жылға арналған Әлеуметтік инвестиция бағдарламасы (ӘИБ) бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы – ТШО-ның бірден бір ерікті жобасының бірі. Бұл бағдарлама 2010 жылы іске қосылды. Содан бері қорытынды кездесу өткізу дәстүрге айналып, ҮЕҰ жұртшылық алдында жыл бойы жеткен жетістіктері мен сәтсіздіктері жайында әңгімелеп, басқа да ұйымдар үшін мол тәжірибесін бөлісіп жүр.     

Биыл есеп беру кездесуі форматын өзгертіп, географиясы мен аудиториясын кеңейтті деуге болады. Нәтижесінде екі іс-шара өткізу туралы шешім қабылданды. Оның бірі Құлсары қаласында Жылыой ауданының тұрғындарына арналса, екіншісі 23 желтоқсанда Атырау қаласында ашық фестиваль өткізу. Сондай-ақ іс-шара аясында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының бенефициарлары мен қатысушыларының шығармашылық қойылымдары да көрсетілді.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров құттықтау сөзінде әр ҮЕҰ-ның атқарылған жұмыстарына тоқталып, ерекше алғысын білдірді.

«Еліміздегі ең ірі ТШО компаниясы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын қолға алып, қоғамның әртүрлі саласын жақсартуға  бағытталған 14 жобаның 10-ы Жылыой ауданында жүзеге асырып келеді. Бұл жобалар тек Құлсары қаласын ғана емес, ауданның шалғайда жатқан елді мекендерін де қамтып, 25-тен астам шағын жоба іске асты. ҮЕҰ атқарған жұмыстар барлық БАҚ-та, әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарияланып, көрсетілгендіктен көпшілік те компанияның қандай үлкен шаруаларға мұрындық болғанынан хабардар. Былтыр Құлсары қаласының тұрғыны әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Алғыр» жобасы бойынша білімін жетілдіріп, өзінің жобасын ашқаны – тамаша нәтиже екенін атап өткім келеді. Алдағы уақытта да тұрғындар мен ҮЕҰ белсенділік танытып, ауданымызда осындай жарқын жобалар көбейе берсін деген тілегім бар», – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары. 

Құлсарыда құлсарылықтардың тұрмысына тікелей әсер етіп, өмірін өзгерткен жобалар пайда болды. Соның бірі – Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып жатқан көпшіліктің сүйікті «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы. Ауыл мен қала тұрғындарының өзі демалыс орындарын, балалар мен спорт алаңдарын салып, көшелерді жарықтандыру жұмысын жүргізіп, бір сөзбен айтқанда, өз елді мекен аумағын көркейтуге бірауыздан атсалысуда.

Әр жобаға 3,5 миллион теңге бөлінген. Ал биыл Жылыой ауданында 27 шағын жоба жүзеге асырылып, оның игілігін 8 мыңнан астам адам көріп отыр. Сонымен қатар, бұл жобаның географиясы Маңғыстау облысының Боранқұл ауылын да қамтып, онда 5 жоба жүзеге асырылғаны белгілі.

«Әлеуметтік инвестиция бағдарламасының ерекшелігі сол, ҮЕҰ өкілдерінің өзі қай саланы жақсарту керектігін түсініп, Атырау облысында, атап айтқанда, Жылыой ауданында жүзеге асыратын жобаларды ұсынды. Біздің ҮЕҰ-серіктестеріміздің жұмысы жасы мен жынысы, әлеуметтік жағдайы әртүрлі жүздеген мың адамдарға жақсы жағынан әсер етеді. Құлсары қаласының тумасы ретінде биылғы жылы 14 жобаның 10-ы туған жерім Жылыойда жүзеге асқанына қуаныштымын», – дейді ТШО-ның үкіметпен және жүртшылықпен  байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов.

Халық алдына шығып, сөз сөйлеген Қазақстанның отбасылық дәрігерлері қауымдастығының мамандары дән риза. 10 жылдан астам уақыт бойы тек дәрігерлерді ғана емес, кіші медициналық кадрларды да дайындап келетін орталықтың биылғы басты жетістігі – негізгі жұмысымен қатар, Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Дәрігерлік амбулатория 1457 адам тұратын ауыл тұрғындарына, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 588 балаға медициналық көмек көрсетіп, күн сайын 25-ке дейін науқас қабылдайды. Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығы ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшылар құрамы жергілікті тұрғындардан жасақталды. Ғимарат толықтай жаңартылып, терезелер, есіктер, электр желілері мен су құбырлары ауыстырылды, радиаторлар жөнделіп, кіреберіске термоперде орнатылды. Сондай-ақ, арбалардың еркін жүруі үшін еден төсеніштері ауыстырылды. Мұнда келушілер үшін жайлы күту алаңы жасалған. Атап айтқанда, фойе мүмкіндігінше кеңейтіліп, тіркеу аймағы ұйымдастырылды, күту және қабылдау бөлмелерін функционалды аймақтарға бөлу жүргізілді, қабырғаларға интерактивті ақпараттық материалдар қосылды.

«Ауылдық инфрақұрылымға жататын дәрігерлік амбулатория сияқты маңызды нысанды жөндеу – Ақкиізтоғай тұрғындарының денсаулығы үшін маңызы зор. Енді тұрғындар өз амбулаториясына келіп, алаңсыз тиісті медициналық көмек алатын болды. Медицина қызметкерлерінің де науқастарды дер кезінде қабылдап, жұмыс істеуіне едәуір жағдай жасалды», – дейді тұрғындар.

Ерлан Күмісқалиевтің «Атырау. Шағын ел» атты жобасы айтарлықтай жетістікке жеткенін айта кеткен жөн. Биыл Құлсары қаласында ашылған орталықтағы иппотерапия сеансына аутизм спектрі бұзылған, Даун синдромы, церебральды сал ауруы және басқа да ми ауруы бар 15 бала қатысып жүр. Небәрі бірнеше айлық сабақта балалар әжептәуір ілгерілеушілік көрсете бастаған. Мәселен, бұрын мүгедектер арбасына байланған бала өз бетінше төрт аяқпен қозғалып, еңбектей бастаса, кейбір мазасыз балалар тынышталып, эмоциясын анық білдіре бастады. Ерлан Күмісқалиевтің атап өтуінше, ат үстінде отырған баланың зейіні артып, ақпаратты игере алуы едәуір жеңілдейді. Сонымен қатар, жылқының жұмсақ тербеліс жүрісі жүйке жүйесін тыныштандырады.

Жылыой ауданындағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған тағы бір жоба – «Ой-Сана» психологтар бірлестігі ашқан Монтессори орталығы. Осы жоба аясында 200 бала (тілінің кеш шығуы, гипербелсенділік т.б.) кәсіби психологтар мен педагогтардың жетекшілігімен дайындалған арнайы әдістеме бойынша тегін дәріс алады. Бұл ҮЕҰ жаңадан құрылса да,  қазірдің өзінде біраз нәтижеге қол жеткізіп үлгерді.

2022 жылы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 14 жоба жүзеге асырылса, оның 10 шақтысы Жылыой ауданының тұрғындарына қолдау көрсетеді. Олар – «Ой-сана» ерекше білім беру қажеттілігі, «Integrity» «Тұлғалық өсу» қоғамдық қоры, «Ынтымақ Атырау» ҮЕҰ, Орталық Азия Еуразия қоры, «Қоғамдық кеңістіктер», «Алғыр, «Атырау. Шағын ел» ҚБ, Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығы, «Жарқыра» Орталық Азия Еуразия қоры, «Petrocouncil» заңды тұлғаларбірлестігі.

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде облыс бойынша жалпы сомасы 13,4 миллион АҚШ доллары болатын 108 жоба іске асса, соның ішіндегі 60 жоба Жылыой өңірінің дамуына ықпал етті.

Бір айта кетерлігі, Жылыой ауданында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасынан бөлек, «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы да жемісті жүзеге асырылуда. Оның аясында биыл 3000 орындық орталық стадионның салтанатты ашылуы өтті. Одан бөлек Құлсары қаласындағы орталық аудандық ауруханасының құрылыс жұмысы жалғасын табады.

Мұнымен қоса, 2018 жылдан бастап ТШО-ның қаржылай қолдауымен Жылыой ауданындағы 40 жұпқа ЭКО жасатуға мүмкіндік берілді. Кәсіпорын  егде тартқан буын өкілдеріне көңіл бөлуді де ұмытқан емес. Мәселен, осы жылдың қараша айынан келесі жылдың сәуір айына дейін облыстағы 100 зейнеткер мен еңбек ардагері (оның жартысы Жылыой ауданының тұрғындары) Атыраудағы шипажайда сауықтыру курсынан өте алады.  

Компанияның еріктілері халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қайырымдылық акцияларын өткізіп, үнемі қолдау көрсетеді.  Біз тілге тиек еткен Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың азғантай бөлігі ғана. Себебі, компания қызметкерлері тұратын және жұмыс істейтін өңірдің әл-ауқатын жақсарту «Теңізшевройл» компаниясының негізгі басымдығының бірі. Әлеуметтің әлеуеті жақсарса, жұмыс та нәтижелі болатыны сөзсіз.  

Тегтер: