27 Қараша 18:05
...

Әлеуметтік көмек қай банктердің қалтасына құйылады?

Фото:

Жазда 105 миллиард теңгеге халықтың несие бойынша қарызын жауып берген мемлекет енді тағы 57 мың азаматтың қайтарылмаған несиесі үшін 9,4 миллиард теңгеге шығындалмақ. Бірақ экономисттер мұндай көмектің түбі жақсылыққа апармайтынын айтып отыр.

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов бюджеттен қосымша 9,4 миллард теңге сұрағанын мәлімдеді. Ол қаржы тағы 57 мың адамның несиесін жауып беру үшін қажет. Естеріңізде болса мұндай бастамаға Үкімет бұған дейін 105 миллиард теңге жұмсаған болатын.

Экономист, Radius Advisory Lab серіктесі Тимур Әбілқасымов «бұл қадам әлеуметтік акция ретінде жарияланғанымен, нақты бір банкке қолдау білдіру үшін жасалып отыр» дейді. Оның айтуынша, қай банкте қайтарылмаған қарыз көп екенін анықтап (NPL +90 – төленбегеніне 90 күн өтіп кеткен кредиттер - ред.), сол қаржылық ұйымға қатысты бақылаушы орган қатаң шара қолдануы тиіс.

Экономист, Tengenоmika каналының авторы Олжас Тілеуов былай дейді: «Мұның барлығы банк лоббиінің әккілене түскенін және банктердің халықты пайдаланып, өз мәселесін шешпек ойы бар екенін аңғартады».

Күні бүгінге дейін қаржы нарығындағы тұрақтылық мемлекет есебінен қамтамасыз етіліп келгенін ескерсек, банктердің қай-қайсысы да халыққа жасалмақ әлеуметтік көмектен дәмелі.

«Жалпы, қарыздарды кешу идеясы – о бастан популистік бастама. Бұл халықты өз ісіне жауап бере алмайтын енжарлыққа, жатыпішерлікке тәрбиелейді» дейді, Тимур Әбілқасымов.

Экономистердің екеуі де мұның түбі жақсылықпен аяқталмайтынына сенімді.

Nege.kz экономикалық сарапшыларының пікірінше, банктерге көрсетілген кез-келген көмек қазір қоғамда шу туғызатындай деңгейге жетті. Оның да өзіндік себебі бар. Соны ескерген Үкімет тағы бір қулыққа басқандай. Банктерге көмек көрсетудің басқадай балама жолы жоқ. Оның үстіне бұл бастама президенттің халықпен санасу идеологиясына енгізіле бастағанын ескерсек, жақын болашақта «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» гибридті технологиялар пайда болуы да ғажап емес. Сондықтан халыққа қолдау білдіре отырып, нәтижесінде банктерді құтқару сол идеологияның алғашқы сатысына келіңкірейді. Бірақ мұндай гибридті ойын Ұлттық қорға қаншалықты салмақ түсіреді? Әлеуметтік көмекке деп бөлінген қаржы қай банктердің қалтасына құйылады? Міне, ең басты сұрақ осы.

Тегтер: