6 Ақпан 14:20
...

Әуеде ажал құшқандар. Ірі ұшақ апаттарының хронологиясы

Апат
Фото: ғаламтордан

Өткен жылдың соңында Ақтау маңында Әзірбайжан ұшағы құлап, 38 адам қаза тапты. Одан төрт күн өтер-өтпесте Оңтүстік Кореяда үлкен ұшақ апатқа ұшырап, 181 адам опат болды. Ал бір айдан соң АҚШ-та тікұшақ пен жолаушылар ұшағы соқтығысып, 64 жолаушы о дүниеге аттанды... 

4 ақпанда Қазақстан тарабы Ақтау маңына құлаған ұшаққа байланысты алдын ала қорытындысын жария етті. Онда «ұшаққа бөгде заттар тигені», «Грозный маңында екі рет соққы дыбысы жазылып қалғаны», «ұшақ салонында саңылау пайда болғаны» және «ұшақтың басқару жүйесі істен шыққаны» айтылған. Ал ресейлік «Росавиация» қорытындыны «алдын-ала жасалған құжат қана, әлі нақты тұжырым жасалмаған» деп бет бақтырмай отыр. Бұл – соңғы он жылда Ресей зымыранынан құлаған екінші жолаушылар ұшағы.  

Тарихта әскери қақтығыстар кезінде атып түсірілген, диспетчерлердің өрескел қателігінен соқтығысып қалған жолаушылар ұшағы аз емес. NEGE тілшісі солардың бірқатарын зерделеп, себеп-салдарына үңіліп көрді.

                                      1. Парсы шығанағында жарылған «Airbus A300»

парсы шығанағы
Фото: dzen.ru

1988 жылы 3 шілдеде «Airbus A300» әуе лайнері Тегеран – Бендер-Аббас – Дубай бағыты бойынша жоспарлы рейсін орындауы керек болған. Алайда ұшақ Бендер-Аббас қаласынан ұшып шыққан соң 7 минуттан кейін Парсы шығанағының үстінде радар экранынан жоғалып кетеді. Ұшақты АҚШ-тың Әскери-теңіз күштерінің зымыран крейсері «жер-ауа» зымыранымен атып түсіргені біршама уақыттан кейін белгілі болды.

АҚШ үкіметі «жолушылар ұшағын Иранның әскери-әуе күштерінің қаруланған ұшағымен шатастырып алғанын» айтып ақталды. Бұған негізгі екі себеп бар. Біріншіден, жолаушылар ұшағы Иран әскери-әуе күштерінің қаруланған F-14A «Tomcat» шабуылына шығу профилін еске түсіретін бейін бойынша ұшқан. Екіншіден, ұшақ Бендер-Аббас әуежайынан ұшып шыққан.

Бендер-Аббас тек коммерциялық әуежай ғана емес, Иранның F-14 базалық әуе айлағы еді. Өкінішке қарай, бұл ұшақ апатынан 290 адам қаза тапты, оның ішінде 65 бала бар.

                                           2. «Boeing-747» мен «Ил-76» қақтығысы

Қазақстан
Фото:dzen.ru

1996 жылы 12 қарашада Сауд Арабиясының «Boeing-747» жолаушылар ұшағы Делиден, ал қазақстандық «Ил-76» Шымкент әуежайларынан екі сағат айырмашылықпен ұшып шығады. Диспетчер «Ил-76» ұшқыштарына жақын маңдағы ұшақ туралы ескерту жасап, 4550 метр биіктікке дейін төменге бұйрық береді. Бірақ, әлдеқандай бір себеппен «Ил-76» бұрынғы биіктікте ұша береді. Бір сәтте екі лайнер де радардан жоғалып кетеді.

Түрлі сараптама мен зерттеуден соң апатқа себеп болған фактор ретінде «үнділік диспетчердің ағылшын тілін акцентпен сөйлеуі және оны ұшқыштар дұрыс түсінбеген» деген себеп айтылды.

Кейіннен анықталғандай, «Ил-76» сол қанатымен «Боингтің» сол қанатындағы екі двигателін бірдей кесіп, артқы бөлігін зақымдаған. «Ил-76» диспетчер айтқандай 300 метр жоғары емес, керісінше, «Боингтің» бағытынан бар-жоғы 3 метрге ғана төмен ұшқан. 

Апат салдарынан 349 адам мерт болды.

                                                 3. Штурвалға ұлын отырғызған...

аэрофлот
Фото: газета.ru

1994 жылғы 22 наурызда кешқұрым «Airbus A310-308» ұшағы Шереметьево қаласынан ұшып шығады. Ұшақ бортында 12 экипаж мүшесі мен 63 жолаушы бар еді, олардың көбі – Ресей азаматтары. Ал 23 наурыз күні сағат 00:56-да ұшақ биіктігін жоғалтып, Кемерово облысындағы Междуреченск қаласы маңына құлағаны анықталды. Ұшақты тәжірибелі ұшқыш, 39 жастағы Ярослав Кудринский басқарған екен. Жолаушылар қатарында Кудрянскийдің отбасы да болған.

Оқиға былай болған: түнгі 00:40-та ұшқыштар кабинасына Кудринскийдің 13 жастағы қызы Яна мен 15 жастағы ұлы Эльдар кіреді. Кудринский автопилотты қосып, алдымен қызына штурвалды береді. Сөйтеді де: «Қалай, Яна? Ұшқыш боласың ба? Штурвалды ұста», – дейді. Арада 11 минут өткен соң ұшқыш креслосына 15 жастағы Эльдар отырады.

Бұл кезде автопилот өшіп қалғанын ұшқыштар білмеген. Бір сәтте ұшақ төменге құлдилай жөнеледі. Кудрянский дереу штурвалға жармасқанымен бәрі кеш еді. Ұшақтағы 63 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі ұшқыштың өрескел қателігінен осылайша опат болды.

                                                4. 583 адамның өмірін жалмаған апат

Тенериф
Фото: https://realt.onliner.by/

1977 жылы 27 наурызда азаматтық авиация тарихындағы ең қорқынышты апат болды. KLM авиакомпаниясының «Boeing-747» Лос-Родеос әуежайынан ұшуға дайындалып, жолақтың басында тұрған. Осы уақытта «Pan American» авиакомпаниясының тура жаңағындай «Boeing-747» ұшағы әуежайға қонып, терминалға қарай жылжып келе жатыр еді. Диспетчер «Pan American» компаниясының ұшағына екінші «Боинг» тұрған жолақты кесіп өтуге рұқсат береді.

Тура сол мезетте, KLM-нің екінші ұшқышы диспетчерге ұшуға дайын екенін хабарлайды. Диспетчер бұған «ОК...» деп анық емес жауап береді. Экипаж мұны ұшуға рұқсат берді деп қабылдап, ұшу процесін бастап кетеді. Анығында диспетчер «ұшуға дайын болыңыздар, мен сіздерге команда беремін, күтіңіздер» деген екен. Бұл кезде «Pan American» экипажы әлі ұшу жолында еді...

Апат салдарынан «KLM» ұшағындағы 248 адам, «Pan American» ұшағындағы 335 адам мерт болды. Сарапшылардың айтуынша, апаттың тағы бір себебі – қалың тұман.

                                                                   5. «Буктың» лаңы

Апат
Фото: ғаламтордан

2014 жылы 17 шілдеде Донецкі облысының аумағында Малайзияның  Boeing 777 жолаушылар ұшағын әлдекімдер әуеде атып түсірді. Кейін белгілі болғандай, ұшақты Донецкі және Луганскі облыстарын бақылауда ұстап тұрған Ресей әскері «Бук» деп аталатын зениттік-зымырандық кешенімен атып түсіріпті. 

Малайзияның жолаушылар ұшағында барлығы 283 жолаушы, 15 экипаж мүшесі болған, барлығы – 298 адам. Ұшақтағылардың ешбірі тірі қалған жоқ. 

2022 жылы 17 қарашада Нидерландыда бұл оқиғаға байланысты сот үкімі шығып, «ұшақ ресейлік «Бук» кешенінен атылған зымыраннан құлады» деген шешімге келді. Сот үш адамды кінәлі деп тапты: Игорь Гиркин (Стрелков), Сергей Дубинский және Леонид Харченко. 

Алайда Ресей тарапы ұшақ апатына тікелей қатысы барын әлі күнге дейін мойындамай келеді. Ал ресейшіл БАҚ ақылға қонбайтын түрлі нұсқаларды қоғам санасына сіңдіруге әрекеттенді. Алайда оның бәрі жалған екені әшкереленіп қалды.