28 Ақпан 17:18

Александр Папп: «Қазақстан үшін Венгрияны Еуропаға терезе ретінде көргім келеді»

Веннр мәдени орталығы
Фото: Фото: из открытых источников

Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностың бірі – венгрлер. Алматыдағы «венгр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Александр Папптың мәдениаралық байланысты нығайтып қана қоймай, отандық кәсіпкерліктің дамуына қосқан үлесі зор. 

Ол Павлодар облысына қарасты Қалқаман ауылына табан тіреген кезде-ақ жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғырту және автоматтандыру бойынша КСРО Жол, автомобиль өнеркәсібі саласының бас инженері, зауыт директоры болып жұмыс істеді. 1970 жылдан бері төрт машина жасау зауытын ашты. Оның біріншісі – Қалқаман жол машиналары зауыты. Ал 1992 жылы Алматыға келіп құрған «Келет» шағын машина жасауы зауыты бүгінде ірі өнеркәсіп орнына айналды. Венгрдің «келет» деген сөзі – «Шығыстағы венгрлер» деген мағынаны білдіреді. Былтыр ғана кәсіпорынның 30 жылдығын атап өткен ұжымның жеткен жетістігі мен бағындырған асуы көп екен.

«Сол кездегі жер телімін сұрап В.Храпуновқа бардым. Заманбек Нұрқаділов полигон жерінен 1 гектар жер берді, біз сатып алдық. Ол кезде қаланың таулы бөлігінде 1 гектар жер 34 мың теңгеге берілгенімен, жер бізге 7,5 миллион теңгеге сатылды.

Су құбыры мен кәрізге техникалық шарттарды сұрап, оған 1 миллион 250 мың теңге төледім. Газбен жабдықтау маған 38 миллион теңге, оның ішінде техникалық шарттарға 16 миллион теңге жұмсалды. Міне, сол жерге машина жасау зауытының негізін қаладық. Қазір кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 250 адам нанын тауып жүр. Кәсіпорын 10 мың дана электр қазандығын, 10 мың газ қазандығын, 600 сору станциясын шығарады. Сондай-ақ, 30 мың желдеткіш, 45 мың сору құрылғысын, 45 метрлік контейнерлерді жеткізушіміз.

 Бұл сору станциясының қуаттылығы сағатына 1500 текше метрдегі суды сорады. Жылына 6 млн теңгеге 735 атаудағы өнім шығарамыз. Қоймада 1,5 млрд теңге көлеміндегі тауарлық-материалдық тауар бар. Мұнда 100 шетелдік зауыттан (11 жеткізуші ел) және 2200 қазақстандық компаниядан құрал-жабдықтар мен бөлшектер жеткізіледі. Біз Қазақстаннан бөлек, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Таяу шығыс елдеріне тасымалдаймыз. Былтыр қалаға 12 млн теңге салық төледік. Бүгінде біздің кәсіпорынмен әріптестік негізде жұмыс істейтін, құрал-жабдықтарымызды жеткізуші 150 мекеменің жұмысшыларын оқытамыз. Бір таңқалғаным, былтыр кәсіпорынның 30 жылдығына орай үкімет басшысы алғыс хат жолдамады. Тұңғыш президент те, қазіргі президент Қ.Тоқаев та арнайы атбасын бұрмады», – дейді құрметті машина жасау маманы Александр Папп.

Веннр мәдени орталығы
ғаламтордан

Біздің кейіпкеріміз Александр Папп Венгр мәдени орталығына қалай келді? 1995 жылы құрылған орталықта 27 адам жұмыс істейді екен. Ал Қазақстан бойынша 470 венгр этносының өкілі өмір сүреді. Венгр этно-мәдени бірлестігі венгр ұлттық мәдениетінің жандануы мен дамуына, венгр халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің сақталуына ықпал етеді. Венгр мәдени орталығы Қазақстанның басқа этномәдени бірлестіктерімен бірлесе отырып, ұлтаралық келісімді нығайта түсетін шараларды ұдайы өткізіп тұрады. Сонымен қатар, Венгрияда орналасқан қазақ венгрлерінің де, Қазақстан Республикасы азаматтарының да мәселелерін шешуге көмектеседі. Алматыда венгр тілін үйрететін мектеп те бар. Александр Папп мырза бұл мектеппен байланыс орнатып, керек-жарағын түгендегенін де жеткізді. Одан бөлек 18 мың ұйымға өз өнімін тегін береді.

«Өзім венгр тілінде еркін сөйлеймін. Отбасым да кәсіпорыннан бөлек, осы орталықтың жұмысымен айналысады. Қазақстанның дамуына қосқан зор үлесім үшін қазақ-венгр экономикалық және мәдени байланыстарын нығайтудағы қызметім үшін «Құрмет» мемлекеттік орденімен, Венгрияның рыцарь крест орденімен марапатталдым. «Келет» АҚ әртүрлі номинациялар бойынша дүние жүзінде мойындалған қазақстандық өнеркәсіптік және тұрмыстық жабдықтар нарығының көшбасшысы саналып, еуропалық деңгейдегі сапа және басқару технологиясы үшін «Еуропа аркасы» сыйлығына ие болдым. Бір ай бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлігі бастаған делегациямен Будапешт қаласына барып, зауыттарын араладым. Біз бұған дейін де жергілікті венгрлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз», – дейді А.Папп.

yvision.kz/post

Венгр мәдени орталығының төрағасының айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы институтының арқасында қаншама ұлт пен ұлшыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. «Ұлтаралық және мәдениетаралық татулық пен бірліктің сақталуына ассамблеяның рөлі зор. Біз – Қазақстан мемлекетінің азаматымыз» деген Александр Папптың тарихи отанымен байланысын да тілге тиек етті.

«Венгрияны Қазақстан үшін Еуропаға терезе ретінде көргім келеді. Ал біздің республика өз кезегінде Венгрия үшін Азияға терезе ретінде саналады. Венгрияның Премьер-министрін жеке танимын және Бас консулдықпен , сондай-ақ Өкілетті елшімен байланыс орнатуға барынша тырысамын. Шымкентте құрметті консул қызметін құруға қатыстым. Біз Германиямен серіктестік орнаттық. Одан бөлек Аугсбургте (Бавария) KUKA өнеркәсіптік роботтарын сатып аламыз. Бұл тамаша өнім шығаратын көне кәсіпорынның бірі», – деп түйіндеді пікірін.

Александр Папп
ғаламтордан

Қазақ пен мажардың туыстығын зерттеп жүрген ғалымдар баршылық. Соның бірі белгілі ғалым Иштван Қоңыр Мандоки екі ұлттың туыстығын терең зерттеп, шығу тегі мен ұқсас белгілерін айқындаған. Оның үстіне қазақ пен мажардың тілі, салт-дәстүрі де алшақ емес. Осыдан кейін бір топ ғалымдар еліміздің Торғай өңіріне арнайы келіп, антропологиялық зерттеу жүргізген болатын. Бұл біздің бауырластығымызды арттыра түспесе, кеміткен жоқ.