«Әкем өзін-өзі жарып жіберуге дайын еді...»
– Сирияға қанша адам кеттіңіздер?
– Әкем, анашым, бес бауыр мен әпкем.., 8 адам бардық...
– Қазір олар қайда?
– Үлкен ағам 2016 жылы сол жақта қайтыс болды. Әкем 2017 жылы ол да қайтыс болды, Сирияда. Абзал деген 1997 жылғы ағам Астанада тергеуде жатыр. Аида деген 1995 жылғы әпкем де тергеуде.., екі інім мен анашым үйде...
– Қазақтар көп болды ма, ол жерде?
– Иә, болды. Бірақ мен келгенде көп қазақ қайтыс боп кетіп жатыр екен...
Бұл 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында туған Диас Маратұлы Амангелдімен болған сұхбаттан үзінді. Небары 14 жасында әкесі мен ағасының мәжбүрлеуімен бүкіл бір отбасы оқ пен от жауған Сириядан бір-ақ шықты.

– Шам жеріне барарда соғыс боп жатқанын білдіңіздер ме?
– Бізге «сендер халифат деп аталатын бейбіт жерде тұрасыңдар, соғыс алыс жақта боп жатыр. Сендер тұратын жақта жақсы өмір бар, отбасыларыңмен келіңдер» деп әкем мен ағамды алдап көндірді.
– Ағаңыз ол жақта не істеді?
– Үлкен ағам мен әкем соғысқа барып кеп жүрді. Ағам «бұл жаққа өлуге келдім» деп, майдан даласынан көп уақыт үйге келмей қоятын.
Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, тағдыры күл-талқан болған бозбаланы аяйсың. Оң-солын танып үлгермей тұрып, қарудың неше атасын бұзып-жинайтын, әліпті таяқ деп білмей отырып террористерді түстеп танып отқанын көргенде.., жүрегің қарс айырылады.
Терроризм бабы бойынша түрмеде отырған Диаспен болған сұхбатты төмендегі видеодан көре аласыздар...