30 Шілде 14:23
...

Академиктер арасындағы «бұзықтар» кім? – ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың сұхбаты

Академик
Фото: e-history.kz

Бұған дейін «Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Президенттің атына арыз жолдап, онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті «2 жыл 2 айда президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясын трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындамады» дегенін жария еткенбіз.

Алайда, бұл арыздан Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Мұрат Жұрынұлы бейхабар екенін айтып, «мұнда менің қолым қойылмаған, сондықтан оның ресми күші жоқ» дейді.

– Мұрат Жұрынұлы, «Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің үстінен арыз түсірді. Мұның басы-қасында кім жүр?

– Мен осы академияның қазіргі президентімін. Арызда кімнің қолы бар? Ол жерде ешқандай қол қойылмаған, мөр басылмаған. Демек, бұл жасырын саботаж, өйткені ҚР Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек соңғы талқыланған «Ашық НҚА» порталына шыққан бұйрығында ҚР ҰҒА РҚБ ұсынысын толық қабылдаған болатын (41 бал). Бұл бұйрық 3 тамызда күшіне енеді. Біздің академиктер мұны бұрыннан күтіп жүрген. Бұл ҚР ҰҒА РҚБ академиктерін ҰҒА-сының жаңа мемлекеттік формасына кіру, яғни Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 маусымында қабылдаған хаттамалық шешіміне толығымен сәйкес болатын.

Өйткені, мен демалысқа кеткенде менің орнымда 11 наурыздан бастап Серік Сейдуманов президенттің міндетін атқарушы болды. Бірақ арыз түсіргеннен бір күн бұрын, яғни 25 шілдеде ол кісіні орнынан босатып, қызметке өзім қайта кірістім. Менің рұқсатымсыз немесе президиумның рұқсатысыз кім президиумның атынан хат жаза алады? Ешкімнің қақысы жоқ. Бұл – осы ұйымдастырушылардың министрге және академияға қарсы істеп жүрген әрекеті.

– Сонда сізбен кеңеспей, ту сыртыңыздан өздері жазып жүр ме?

– Иә, маған айтпай ұйымдастырған. Мақсаты – академияны министрге қарсы қою және қоғамдық бірлестікті сақтап қалып, өзі бастық боп сайлану.

Бізде 220 адам бар. Көпшілік болғаннан кейін ішінде «бұзықтары» да болады. Бұл ресми емес арыз. Егер академия арыз түсіргісі келсе президиумды жинап, «Мынандай болып жатыр, осыны жоғары жаққа жіберейік. Осыған келісіп, қол қоясыңдар ма?» деп таныстырып, бәріне түсіндіреді. Сосын «Келісемін» дегендері қол қоюы керек. Бізде президиумда 29 адам бар. Арызды жіберу үшін ең болмаса соның 20-сы қол қоюы тиіс. Ал мұнда бірде-бір қол жоқ.

– «Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2 жылда президент жүктеген трансформациялау тапсырмасын орындамады» дегені орынды ма? Ал ғалымдар «30 жылда қираған Ғылым академиясын 2 жылда қалпына келтіру мүмкін бе?» дегенді айтады. Шын мәнінде, Ғылым академиясы осы уақыт аралығында талан-таражға түсті ме?

– Ғылым академиясы қираған жоқ, керісінше, оның халықаралық беделі өсті. Егер қираса біздің жиналысымызға Назарбаев қалай келіп жүрді? Тоқаев неге келді? Ешқандай да талан-таражға түскен жоқ. Қоғамдық ұйым болғанда тұрған не бар? Қазақстан ғылымы академияның ішінде жасалмайды, ғалымдар өз зерттеулерін ғылыми-зерттеу институттарында, ЖОО-ның зертханаларында жасайды. Сондықтан Қазақстан ғылымы, қаржы тапшылығына қарамай, дамып келеді.

Ғылым
Фото: egemen.kz

– Ғалымдар басқа елдердегі Ғылым академиясы мемлекеттік мәртебесін жоғалтпағанын алға тартады. Ал сіздер 2003 жылы Назарбаевқа хат жазып, мемлекеттен тыс қоғамдық ұйым болуды құп көрдіңіздер. Неге?

– Олай емес. Қазір Ресейде де бұрынғы академия емес, институттарын алып тастады. ТМД елдерінде, мен білетін Грузияда да олай емес. Ал шетелде ешбір Ұлттық академия мемлекеттік емес. АҚШ-та, Италия, Германия, Францияда да солай. Өйткені, академия деген – мемлекеттен тәуелсіз, шындықты, ойын тіке айта алатын демократиялық ұйым. Академияның осы құқығын Сталин де өзгерткен жоқ. Егер ол өзгертсе шетелдің академиялары Кеңес үкіметінің ғалымдарымен байланысты үзер еді.

Сонда Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебе алғанын құптамайсыз ба?

– Жоқ, неге қарсы болайын? Мемлекеттік мәртебе беруді талап етіп, ұйымдастырып жүрген 20 жылдан бері мен емеспін бе?! Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президент болғаннан кейін қабылдауына кіріп, жағдайды айттым. «Мына академия кезінде президенттің айтқан адамын емес, басқа адамды сайлап жіберді. Әрине, бұл академия тарапынан дұрыс шешім болған жоқ. Өйткені, президент Назарбаевтың академияға келгенінің өзі оның бізге құрмет көрсеткені еді. Өкінішке қарай, біздің академиктер сол кезде қателік жіберді. Одан соң президент аппараты Ұлттық ғылым академиясын республиканың Ғылым министрлігіне қосып жіберді. Бұл істің аяғы 2003 жылы ҚР ҰҒА-сы республикалық қоғамдық бірлестік болып шықты.

Бірақ соған қарамастан Назарбаев ҚР ҰҒА-сын қаржыландырып тұрды. Ұлттық ғылым академиясы ендігі жерде жыл сайын шығатын ғылым жөнінде ұлттық баяндама дайындайтын болды. Оған қоса 1946 жылдан бері шығып жатқан 8 журналға қаржы бөлінетін болды. Жиналыстарымызға Назарбаевтың өзі қатысып жүрді. Демек, бұл президенттің ҚР ҰҒА-ға көзқарасының дұрыс болғанын білдіреді.

Сосын Тоқаев президент болғаннан кейін қабылдауына кіріп, жағдайды айттым. Сонымен қатар Қ.Тоқаевқа: «Ғылым академиясын мемлекеттік жасасаңыз, жақсы болар еді. Ресейде, айналамыздағы академиялар мемлекеттік мәртебесінен айрылған жоқ», – дедім. Ол келісті де, «мемлекеттік» жасады. Ол өзінің осы шешімін 2022 жылы 1 маусымда ҚР ҰҒА-сының 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналысында айтты. Біз Қ.Сәтпаевтың кезінен, яғни сонау 1946 жылдан бері келе жатқан академиямыз. 2022 жылы академияға 75 жыл толды. Осы мерейтойда жасаған баяндамасында президент Қ.Тоқаев «Мемлекеттік мәртебе беріліп, стипендия тағайындалады» деді. Стипендияны ғалымдар алып жатыр. Ал мемлекеттік мәртебесі де Парламент қабылдаған заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енген соң шешіледі. Біз жаңа академияға өтіп, бірігеміз.

ҰҒА
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Арыз жазған ғалымдардың басты талабы не?

– Президенттің шешімі бойынша біз жаңа академияға өтуіміз керек еді. Бірақ сол кезде кейбір адамдар оны бұзып жіберді. Бұған дейін президент болған Күнсұлу Закарья «Бұл жаңа академия» деп бізді қабылдамай қойды. Бір жыл өткен соң ол кісі орнынан алынды. Қазіргі президент А.Күрішбаев – біздің бұрыннан келе жатқан академигіміз. Біздегі 150 академик ғалым сол мемлекеттік академияға өту жолын қарастырып отыр. ҰҒА академиктерінің өз еңбегімен қол жеткізген ғылыми атағына конституциялық құқығы бар. Ресми түрде жеңіп алған «академик» деген атағын ешкім де алып тастауға құқы жоқ. Енді екі академия қосылса, жаңа президент сайланады. Оны ҚР Президенті өзі шешеді.

– Өзіңіз пәлен жылдан бері осы академияны басқарып келесіз ғой. Егер президент бол десе, жалғастырасыз ба, әлде шаршадыңыз ба?

– Неге шаршаймын? Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1985 жылы ҚазҚСР академиясының ғылыми-зерттеу институтының директоры болып, ал 1989 жылы сол академияның корресондент-мүшесі болып сайландым. Яғни, академияға жарты жолдан қосылған жоқпын. 2003 жылы ҚР ҰҒА қоғамдық бірлестік болып, оның президентін сайлау болды. Сонда үш академик арасынан 75 пайыз дауыс жинап, академия президенті ретінде сайландым. ҰҒА жарғысы бойынша әрбір бес жылда қайтадан сайлау өтіп тұрды.

Академиктер мені 3 мәрте қайта сайлады. Тіпті, 2018 жылы 97 пайыз дауыс берді. Бәрі дауысын бюллетень алып, жасырын түрде береді. Есеп комитеті жәшікті елдің алдында ашып, санайды. Ешқандай бұрмалау болмайды. Өз жұмысымды істеп, қызметімді атқарып жүрген адаммын. Егер дұрыс жұмыс істемесем, мені академиктер сайламайтын еді. Бірақ өзім бұл билікке ұмтылып жүрген адам емеспін. Осыдан бес жыл бұрын сайланғанда «Келесі сайлауға түспеймін. Ол кезде жасым 80-нен асып кетеді. Сондықтан жастардың ішінен бір академикті таңдай беріңіздер» дегенмін. Сайланған уақытым біткен кезде академияның жалпы жиналысы жарғы бойынша ҰҒА тағдыры толық шешілгенше менің құқымды ұзарту туралы шешім қабылдады.

Сөйтіп, Ғылым академиясы қоғамдық бірлестігі толықтай трансформация аяқталғанға дейін ғана ұзартуға келісім бердім. Яғни, жаңа құрылған академияға ҰҒА мүшелері толық өткенше осы бірлестікте президент міндетін атқара тұрамын.

Бұл – қоғамдық бірлестік. Мұнда шаршайтындай аса жұмыс та жоқ. 20 жылдан бері Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директорымын. Жоғары оқу орнында, институтта қызмет атқардым, министр де болдым. Ал академия – қоғамдық бірлестік, ешкімге айлық бермейді. Бұл жерде ақша жоқ, бірақ жоғары деңгейлі ғылыми атақ бар.

Жалпы, қазір ғалымдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қалай?

– Ғалымдардың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Олардың айлығы көтеріліп, ғылыми атақтарына қосымша қаржы бөлінді. ҰҒА мүшелеріне президент жарлығы бойынша қосымша академиялық стипендия төленеді. Жас ғалымдарға барлық жағдай жасалып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Ғылым академиясында қайта реттеу жұмысы жүріп жатыр. Жақында жаңа өзгерістер болады. Өйткені, «Ғылым туралы» заң 1 қыркүйектен күшіне енгенде біраз өзгеріс болады деп күтеміз.

Экс-президент
Фото: ғаламтордан

Ал академик Н.Назарбаев туралы жазылған пікірге қосылмаймын. Себебі, тек Назарбаев қана емес, барлық академиктер академияның жалпы жиналысында жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Олардың бұл заңды атағын ҚР-ның Конституциясына сай ешкім кері қайтарып ала алмайды. Заң осындай.

ҰҒА-на сайланған ғалымдар бірнеше електен өтті. Алдымен олар ғылым кандидаттығына диссертация қорғап, атақ алды. Одан соң ғылым докторы, профессор деген атаққа ие болды. Содан кейін академияға корреспондент мүше болып, ең соңында академик атағына сайланды. Сондықтан олардың еңбегі біздің елімізде заң бойынша қорғалған.