Айдар Әлібаев: Еуразиялық Экономикалық одақтың шаңырағы ортасына түсетін күн алыс емес

АҚШ Сенаты Ресейді терроризмді қолдайтын елдердің тізіміне қосу жөнінде мәселе көтеріп отыр. Егер Ақ үй сенаторлардың сөзіне құлақ асатын болса, бұл жайт Қазақстанға да оңай тимейтін түрі бар. Өйткені, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 26 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Сарапшылардың пікірінше, Ресейге салынған санкциялардың бір ұшы Ресейдің серіктестеріне таяқ болып тиіп, Еуразиялық Экономикалық Одақтықтың шаңырағы ортасына түсуі ықтимал. NEGE-ге берген сұхбатында экономист Айдар Әлібаев осындай болжам жасап отыр.
- Терроризмді қолдайтын елдердің тізіміне енгізілсе, Ресейдің экономикасына қандай зиян келеді?
- Бұл мәселе мұқият қаралып жатыр. АҚШ Ресейді терроризмді қолдайтын елдердің тізіміне қосуды көздейді. Бұл тізімге бірнеше ел ғана кірген. Менің білуімше, бұл мемлекеттер – Солтүстік Корея, Иран және Сирия. Ресей бұл тізімге кірсе, қосымша санкциялар салынады. Бұл Ресейді өркениетті әлемнен бұрынғыдан да бетер оқшаулай түседі. Бұл – сауда-саттығы мен қаржылық мүмкіндіктерін қазіргіден де шектей түспек. Ресейдің ахуалы нашарлайды.
- Қазақстан Еуразиялық Экономикалық одақ арқылы Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасайды? Мұның бізге салқыны қандай болады?
- Ресейдің өзі де Еуразиялық экономикалық қауымдастық ішінде «одақтасымыз» деп айтуға ауыз бармайтын қадамдар жасап жатыр. Мәселен, Ресей ешкімге ескертпестен бидай, жүгері, қант және басқа да тауарларды сатуға тыйым салды. Одақтастар бұлай етпесе керек.
Ресей Каспий құбыр консорциумында бізге үш мәрте қиындық туғызып үлгерді. Қазір көлеңкелі импортпен тауар алдырту үшін Қазақстанды кеңінен пайдаланбақ. Егер Ресей тероризмді қолдайтын елдердің тізіміне енгізілсе, бұл мүмкіндіктер тағы да тарыла түседі.
Қазірдің өзінде Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер «бұл ұйымда қалу экономикалық тұрғыдан орынды ма, Украинада агрессиялық соғыс жүргізіп жатқан Ресеймен одақтас болу тиімді ме?» деген сұрақтар қойыла бастады. Егер тізімге енсе, бұл сауал өткір қойыла бастайды.
- Сіздіңше, Қазақстан қандай қадамдарға баруы мүмкін?
Менің пікірімше, Қазақстан билігі Еуразиялық Экономикалық одақтан шыға қоймас. Бірақ осындай оқиғалардың, санкциялардың, экономикалық тұрғыдан пайдасы жоқтығының кесірінен, оның үстіне Ресей терроризмді қолдайтын елдердің тізіміне кірсе, Еуразиялық Экономикалық одақ өздігінен тарап кетеді.
«Халықаралық терроризмді қолдаушы мемлекетпен қалай бір экономикалық немесе әскери одақта болуға болады?» деп кез келген адам ойлана бастайды. Мұндай сұрақ тек қана Қазақстанда ғана емес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдердің бәрінде туындайды. Қырғыздар да, армяндар да және басқа елдер де ойлана бастайды.
Еуразиялық Экономикалық одақтың өмір сүруі мен оның орындылығы жайындағы сұрақ күшейе бермек. Меніңше, бұл одақтың шаңырағы ортасына түсетін күн алыс емес.
- Одақ құласа, еліміздің экономикалық жағдайы қандай болады? Қандай болжам жасар едіңіз?
- Ештеңе де болмайды. Біздің Ресеймен шекарамыз 7,5 мың шақырымға созылып жатыр. Тарихи байланыс күшті. Қаласақ та, қаламасақ та, біз Ресеймен қоңсы өмір сүріп, сауда-саттық жасай беретін боламыз. Экономикалық байланыс үзілмейді.
Еуразиялық Экономикалық одақ құласа, бүкіл әлем қалай өмір сүріп жатса, біз де солай әрекет етеміз. Барлық көршілерімізбен экономика, сауда-саттық, әлеумет, мәдениет, өнеркәсіп, әскери салалар бойынша екі жақты келісім-шарттар жасаймыз. Әр тараптың ұлттық мүдделері ескерілетін болады. Бұл дұрыс нәрсе.
- Егер Ресей терроризмді қолдаушы елдердің тізіміне кірсе, онда солтүстік көршімізбен сауда-саттық жасау да оңайға түспейтін шығар? Санкцияға ұшырап жүрмейміз бе?
- Мұның ережелері жайында нақты хабарым жоқ. Бірақ біз заңды жолмен болса да, заңсыз жолмен болса да, Ресеймен бәрібір сауда-саттық жасаймыз. Бүгін Ресей жан-жақтан бұғатқа түсіп отыр. Еуропаға шығатын жолдардың бәрі жабық. Ұшақтары ұшпайды, теміржол торабы да, автокөлік тас жолдары да бекітілген.
7,5 мың шақырым шекара – Ресей үшін әлемге ашылған терезе емес, үлкен қақпа. Яғни, сауда-саттық үшін де, заңсыз сауда үшін де, түрлі тауарлар мен өнімдерді әкелу үшін де, адамдардың басқа жаққа кетуі үшін де, ұшақтары ұшуы үшін де, көліктері жүруі үшін де Ресейге Қазақстан керек.
Әрине, билік өте сақ болуы қажет. Жарияланған санкцияларды сақтауы тиіс. Ресейге ресми түрде көмектеспегені жөн. Қайталама санкцияға ұрынсақ, мұның арты өте қиын болады. Өйткені, Қазақстанның экономикасы соншалықты күшті емес. Нөлдік экономика деуге болады. Әйтпесе, бәрі құрдымға кетеді.
Бірақ заңсыз, көлеңкелі импорт-экспорт, сауда бәрібір жалғасады. Бұл жағдай орта және шағын бизнеске өте пайдалы болып жатыр. Олар бәрібір сауда-саттық жасай береді. Ресеймен арадағы шекарада мыңдаған «тесіктер» бар. Контрабанда гүлденеді. Бұдан қашып құтыла алмаймыз.
- Әңгімеңізге рахмет!