Айдана Мақышева: Волонтерлік арқылы өз жолыңды табуға болады

QazVolunteer – волонтерлер қозғалысын дамыту және танымал ету мақсатында бүкіл елден волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды біріктіретін заманауи алаңға айналып отыр. Оның қызметі қандай, елімізде волонтерліктің бағыттары қалай жүзеге асып жатыр? Осы сынды сауалдарымызға бүгінгі кейіпкеріміз Ұлттық волонтерлерлік желінің үйлестірушісі Мақышева Айдана Рәсілханқызы жауап берді.
– Сұхбатымызды жұмыстарыңыздан бастасақ. Ұлттық волонтерлік желінің қызметі қандай?
– Мен – Ұлттық волонтерлік желінің үйлестірушісімін. Ұлттық волонтерлік желі 2012 жылы өзінің жұмысын ресми түрде бастады. Бұл ұйым жалпы волонтерлік бастамаларды, волонтерлік бағыттарды, волонтерлік мәдениетті қолдау мақсатында құрылды. Волонтерлік қызметтің тек қана мемлекеттік ұйымдар арасында ғана емес, азаматтар арасында да волонтерлік қызметтің жұмысын арттыру мақсатында қолға алынды. Былайша айтқанда, Ұлттық волонтерлік желі Қазақстан Республикасындағы барлық волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді байланыстыратын негізгі ұйымдардың біріне айналды.
Біздің ірі жобаларымыз «Birgemiz» волонтерлік фронт офисі Қазақстанда үшінші жыл қызмет етуде. Аталған фронт офис Қазақстанның барлық аймақтарында орналасқан. Олар да волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып жатыр.
Тағы бір сондай жобалардың бірі – «ЮНИСЕФ» волонтерлік жобалары. Сонымен қатар «Жеңіс» жобасы бар. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және тыл ардагерлеріне көмектесуге арналған үлкен жобалардың бірі. Сол сияқты қоғамдық жұмыстарға бағытталған ауқымды жобаларымыз жетерлік.
Тағы qazvolunteer.kz платформасы бар. Кез келген адам платформа арқылы Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде қандай волонтерлік ұйымдар бар екенін бақылай алады. Сонымен қатар қандай іс шаралар жүзеге асырылып жатқанынан, шетелдегі волонтерлік және т.б. акпараттармен таныс бола алады. Волонтер ретінде немесе волонтерлік ұйым ретінде платформада тіркелуге болады.
– Қазақстандағы волонтерлердің әлеуеті қандай деңгейде?
– Менің волонтерлікпен айналысып жүргеніме шамамен 6 жыл болды. Сол уақыт аралығында түсінгенім, бізде қалалық жерлерде волонтерлерлік қозғалыс өте қарқынды түрде дамиды. Ал ауылдық аймақтарда, аудандарда волонтерлік дамып жатыр деп айта алмаймын.
Қазақстанда волонтерлердің басым көпшілігі 14 жастан 21 жасқа дейінгі жастар. Олар мектептің жоғары сынып оқушылары және студенттер. Әрине, күміс волонтерлер де бар. Олар зейнетке шыққан волонтерлер. Жұмыс істейтін жастардың арасында да волонтерлер бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, олардың саны аз.
Біз Астана қаласында жұмыс істейміз. Біздегі волонтерлердің басым көпшілігі оқушылар мен студенттер. Астана, Алматы қалаларында іс-шаралар ұйымдастырылатын болса, волонтерлерді табу оңай. Себебі, волонтер болғысы келетін студенттер өте көп. Бірақ, шағын елді мекендерде, кішігірім қалашықтарда волонтерлер тапшы.
– Сіздердің жұмыстарыңызда қандай жобаларды ерекше айтуға болады?
– Ірі жобаларымызды атап өткенмін, тағы да тоқталып өтейін. Біздің бағытымыз бойынша ең ерекше жоба – Республикалық волонтерлер фронт офисі. Бұл жобаны Ұлттық волонтерлік желі осымен үшінші жыл үйлестіріп жатыр. Аймақтық фронт офистер Қазақстанның барлық аумағында орналасқан. Егер волонтерлікке қатысты кез келген жобалар немесе ұсыныстар болса, біздің Республикалық фронт офиске жүгінуге болады. Көкейде жүрген кез келген сауалдарға жауап тауып бере аламыз. Екінші жобамыз – «Юнисеф» волонтерлік жобасы. Бұл жоба көбінесе мектеп оқушыларына арналған.
Ірі жобалардың бірі BeGreen жобасы экологияға арналған. BeKind кибербуллингке байланысты жобамыз да бар. Кибербуллинг – мектептерде кең таралған мәселелердің бірі. GenU – «Шекарасыз ұрпақ» жобасында ерекше атап өтуге болады. Негізгі бағыты кәсіби бағдарлау. Мектеп оқушыларының арасында мамандық таңдауға бағыт береді.
Сонымен қатар «Жеңіс» жобасы бар. Ұлттық волонтерлерлік желі бұл жобамен екі жыл жұмыс істеді. Ол жоба бойынша соғыс ардагерлеріне, тыл ардагерлеріне көмек көрсетеміз. Көмек жыл бойы көрсетілді. Біз ардагерлерді тек Жеңіс күнінде ғана еске алып жатамыз ғой. «Жеңіс» жобасы бойынша ардагерлермен ай сайын байланыста болдық. Волонтерлер үй шаруасына қолғабыс етіп, олардың әр түрлі мәселелерін шешуге тырыстық.
– Еліміздегі волонтерлер қозғалысы қай бағыттар бойынша көбірек дамып жатыр?
– Әлеуметтік бағыт Қазақстанның барлық өңірінде дамып отыр. Тіпті, ауылдық аймақтардың өзі әлеуметтік бағыт бойынша жұмыс істеуде. Қарт кісілерге көмектесу, қар тазалау, көмір тасу сияқты жұмыстарды атқаруда. Қалаларда көп балалы аналарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, мүгедек жандарға қол үшын беруде. Сол себепті Қазақстанда әлеуметтік бағыт қарқынды түрде дамыған деп айтуға негіз бар.
Кейінгі орында экологиялық волонтерлік және оқиғалық волонтерлік тұр. Табиғатты қорғауға арналған барлық жобалар экологиялық волонтерлікке жатады. Тіпті, мектеп қабырғасында экологиялық іс-шаралар өтіп жатады, әр өңірде сенбіліктер ұйымдастырылуда. Олардың барлығы осы экологиялық бағытта жүргізіледі.
Егер қалада қандай да бір үлкен іс-шара, форум немесе олимпиада өтетін болса, ол жерде міндетті түрде волонтерлер жүреді. Сондай іс-шараларды ұйымдастыруға волонтерлер жұмылдырылады. Ол оқиғалық волонтерлікке жатады. Бірақ шыны керек, оқиғалық волонтерлік тек ірі қалаларда дамыған. Ауылдық аймақтарда да жоқ дей алмаймыз. Ол жерде де түрлі іс-шаралардың басы-қасында жүретін волонтерлер бар. Бірақ олардың саны тым аз.
Кейінгі кездері онлайн волонтерлік пайда болды. Мысалы, карантин кезінде онлайн волонтерлік қарқынды түрде дами бастады. Офлайн форматтағы шаралардың барлығы қысқартылғаннан кейін көпшілігі онлайн форматқа өтті. Міне, сол кезде волонтерлердің көпшілігі тегін курстар ашып, өздерінің білгендерін тегін үйрете бастады. Онлайн волонтерлік карантиннің арқасында дамыды.
Бұдан бөлек, Қазақстан бойынша волонтерліктің 15 бағыты бар. Ең көп тарағандары сол жоғарыда аталып өткендері. Мәдени волонтерлікті де атап өтуге болады. Мысалы, қандай да бір қазба жұмыстарын жүргізуге, еліміздің мәдениетін дамыту үшін жобаларды іске асыруға, музей және ескерткіштерді жаңартуға көмектесетін волонтерлер де бар. Оларды мәдени волонтерлер деп атайды.
Сондай-ақ, іс-түссіз жоғалған адамдарды іздестіруге немесе төтенше жағдай кезінде қызмет көрсететін волонтерлер бар. Медициналық волонтерлік те өз қызметін атқарып жатыр. Карантин кезінде дәрігерлерге көмектескен волонтерлер болды. Әрине, ол волонтерлердің дені медициналық білімі бар адамдар.
Одан бөлек, қандай да бір маман иесі болсаңыз, сол мамандығыңыз бойынша ақысыз көмек көрсете аласыз. Мысалы, сіз заңгерсіз, сіздің тәжірибеңіз бар. Заңгер ретінде мұқтаж жандарға немесе волонтерлік ұйымдарға өзіңіздің көмегіңізді тегін көрсетуіңізге болады.
Айта берсек бағыттар өте көп. Сонымен қатар, соңғы кездері зооволонтерлік те дамып жатыр. Ол жануарларды қорғауға бағытталған. Зооволонтерлердің көпшілігі көмеке зәру жануарлар орналастырылған орындарға барып, көмек көрсетеді.
– Сіз волонтерлікке қалай келдіңіз? Ерекше есіңізде қалған сәттер бар ма?
– Менің волонтерлікке келуім қиын болды деп айта алмаймын. Танысымның осы бағытта жұмыс істеп жүргенін көріп, қатты қызықтым. Сұрастырдым, сондай іс-шараларға қатысуға ниет білдірдім. Волонтерлікті бастаған кезде ұқыптылық пен жауапкершіліктің болуы аса маңызды. Себебі, бір іс-шарада сіздің жұмысыңызды міндетті түрде бақылап, келесі шараларға шақыратын болады. Осылайша волонтер болып біраз іс-шараларға, жобаларға қатысасыз. Кейін волонтерліктен бөлек, үйлестірушілікке шақыра бастады. Белгілі бір тәжірибе жинағаннан кейін біз волонтерлерді дайындап, оларға бағыт-бағдар бере бастадық.
Ал есте қалған сәттерімнің бірі 2018 жылы 4-курсты аяқтағаннан кейін Баку қаласына «Шекарасыз өмір» әлеуметтік жобасы арқылы барған едім. Волонтерліктің арқасында сол елде бір жарым ай тұрдым.
Ол жерде біз ерекше балалармен жұмыс істедік. Ерекше балаларды емдейтін орталық болды. Қолымыздан келгенше өз көмегімізді көрсеттік. Ол бізде Халықаралық волонтерлік деп аталады. Бір жарым айда естен кетпес оқиғалар өте көп болды. Ол да волонтерліктің берген бір мүмкіндігі еді. Халықаралық волонтерліктің арқасында басқа аймақтың адамдарымен таныса бастадым. Ол елдің мәдениетін іштей танып білдім. Ең бастысы, ешқашан ұмытылмайтын халықаралық тәжірибе жинадым.
Ең алғашқы қолға алған жобам өзіме ыстық көрінеді. «Жеңіс» жобасының үйлестірушілерін дайындадым. Оның мен үшін ерекше болатын тағы бір тұсы бар. Сол жобада жүріп болашақ жарымды жолықтырдым. Волонтерліктің арқасында біз шаңырақ көтердік. Ол кісі де волонтер. Ұлттық волонтерлік желінің арқасында 2020 жылы бас қостық.
– Волонтер болу үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
– Волонтер болу үшін адам бойында нақты бір осындай қасиеттер болу керек деп айта алмаймын. Негізі кез келген адам волонтерлікпен айналыса алады. Тіпті, кейбір қасиеттер бойыңызда болмаған күннің өзінде оны волонтерлікпен айналысып жүріп табуыңыз мүмкін. Ең бастысы – көмек қолын созуға деген ниетіңіз.
Волонтер болудың негізгі үш шарты бар. Бірінші шарты барлығын ерікті түрде істеу. Волонтердің өзінің жеке жұмыстары бар, сондықтан ол қай уақытта волонтерлікпен айналысады, қандай бағытты таңдайды өз еркінде. Барлық іс-әрекет ерікті түрде болады.
Екіншісі, ақысыз істеу. Волонтер өз көмегін ақысыз істеуге дайын болуы керек. Ол істеген жұмысы үшін сыйақы немесе төлемақы күтпегені жөн. Мен жақсылық жасасам оның қайтарымсыз екенін, одан ештеңе күтпейтінімді білемін.
Үшіншіден, сіздің жасаған істеріңіздің барлығы қоғамның игілігі үшін болуы шарт. Жеке бір адамның мүддесі немесе жеке бір компанияның мүддесін қорғайтын іс-әрекет емес, қоғам үшін жасалған жұмыс болуы керек.
Негізі көпшілігі волонтерліктің арқасында өзінің қызметтік жолын қалыптастырып жатады. Яғни, волонтер болудан бастап, сол волонтерліктің арқасында өзінің немен айналысқысы келетінін анықтайды.
Волонтерліктің сізге беретін мүмкіндігі көп. Мәселен, сіз бір салада жұмыс істегіңіз келеді, бірақ қазір мектеп оқушысысыз. Сіз болашақта таңдайтын мамандығыңыз бойынша волонтер болып жұмыс істеуіңізге болады. Волонтерлік арқылы көпшілігі осылайша өз жолын тауып жатады.
Волонтер болу үшін пысық болу артық етпейді деп жатады. Бірақ, осында келгендердің барлығы ол қасиеттерді волонтерліктен тауып алады. Сондықтан ол да волонтерлік қалыптастырған мүмкіндіктердің бірі. Өзіңді тауып, алдымен өзіңді сынап көресің. Сол арқылы өзіңнің көшбасшылық қасиетіңді арттырып аласың. Волонтер болу арнайы қасиеттерді қажет етпейді. Ең бастысы, айтып өткен үш шартты ұмытпаған жөн.
– Сұхбатыңызға рақмет!