29 Наурыз 11:01

2025 жылға дейін «қуатты өңірлер» көбейе ме?

Фото:

Елдің әлеуметтік әл-ауқаты артуы үшін әр өңірдегі индустрия мен инфрақұрылымдық тетіктері де дұрыс жұмыс атқаруы тиіс. Өйткені оған аймақтардағы жергілікті тұрғындарға базалық қызметтер көрсететін қоғамдық орындар мен жолдардың құрылымы да тікелей әсер етеді. Әсіресе тұрғын үйлер мен жолдар сапасына айтылатын сын көп.

Астана, NEGE. Осы мәселелерді шешу мақсатында 2021 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны 12 қазандағы № 729 қаулысымен бекіткен еді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2021 мен 2025 жылдар арасы. Демек, оның қабылданғанының өзіне де екі жыл өтіп кетіпті. Қаулыда бекітілген ереже бойынша бұл ұлттық жобаны жүзеге асыруға орталық, жергілікті атқарушы органдар мен жеке келісімі бойынша өзге де ұйымдар жауапты екен.

Жобаны қай министрлік бақылайды?

Атауы мен негізгі мақсаттарына көз жіберсек оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жетекшілік етуі тиіс сияқты көрінеді.

Алайда қаулыда «Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін» деп жазылған.

Олай жазуының да мәні бар. Өйткені бұл ұлттық жобаны әзірлеген де осы министрлік. Дегенмен де оны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың қатарында Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де бар екен. Әрине, өңірлердің дамуын қадағалау мен сол жолда жасалатын жұмыстар барысын тек бір ғана министрліктің құзіретіне беріп қою мүмкін еместігі айдан анық шаруа ғой.

Министрлер үйі. egov.kz

«Қуатты өңірлер» қалай жасалмақ?

Бұл жоба аймақтардағы тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық жағдайларды реттеу, елді мекен мен қалалар арасындағы көліктік-транзиттік тораптарды, жолдарды жақсарту арқылы тұрғындар үшін тиімді орта жасауды көздейді. Оның ішінде бірнеше функция да көрсетілген.  Атап айтқанда, базалық қызметтерге қолжетімділік және  көліктік байланысты қамтамасыз ету.

Базалық қызметтерге қолжетімділіктің бірінші міндеті – инфрақұрылымды кешенді дамыту болса, екінші міндеті – «Жайлы тұрғын үй» бағдарламасы.

Ал көліктік байланысты қамтамасыз етудің ішіне ішкі көлік желісін дамыту мен аумақтардың байланыстылығын арттыру қызметтері кіреді.

Жоба жетекшісі кім?

Аталған ұлттық жобаның жетекшісі – Ұлттық экономика министрі. Ал оған кураторлық ететін –Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр.

Осы кезге дейін аталған жобаға қатысты депутаттық сауалдарға Склярдың жауап беріп жүрген себебі де сондықтан.

Жоба қандай нәтиже беруі керек?

Жалпы, 2025 жылға қарай жобадан күтілетін маңызды нәтижелердің бірі –қаржыландырудың барлық көздерінен 236,7 мың отбасының жағдайын жақсарту болмақ. Одан бөлек, қалалар мен өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ете алатындай қолжетімділікті арттыру міндеті де бар. Ауылдық жерлерде бұл жобаны іске асыру ұтымдырақ болады. Себебі қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымның барлық түрлерін дамытуға қомақты инвестициялар бөлініп жатыр. Өңірлермен бірге ірі қалалардың шеттерін жайластыру, нөсерлі кәріз құбырларын қайта құру, «ескі орамдарды» жөндеу және апатты жағдайдағы, яғни тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу секілді өзекті мәселелер де жоба шеңберінде шешімін табуы керек.

Айта кетейік, өткен жылы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 1,8 триллион теңге жоспарланған болса, оның 709 миллиарды бюджеттен тыс қаражат болды.

Бұл ретте былтырдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 528 млрд теңге немесе 30%-ы игерілген екен.

Қорыта айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы елдегі әр өңірдің индустриялық және инфрақұрылымдық жағдайын қалыпқа келтіру арқылы мемлекеттің экономикалық ахуалын көтеруге бағытталған. Тек осы жоба шеңберінде жасалуы тиіс жұмыстарды жауапты органдар тиісті деңгейде орындап шығуы тиіс. 

 

Тегтер: