2024 жылы Қазақстанда алғаш рет ана өлімінің ең төмен көрсеткіші тіркелді

Акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасын арттыру жөніндегі одан әрі шаралар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен босандыру қызметінің жұмысын жетілдіру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.
Алматы, NEGE. ДДҰ бағалауы бойынша, Қазақстан осы көрсеткішті жақсарту динамикасы жоғары 10 елдің қатарына кірді. Халықаралық ұйымның есебінде республикадағы ана өлімі соңғы 20 жылда 76%-ға төмендегені атап өтілді, бұл жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге арналған медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша тиімді жүйелі шараларды іске асыру есебінен қол жеткізілді.
Отырыс барысында ҚР ДСМ бас акушер-гинекологы, ҚР ДСМ бас штаттан тыс инфекционисті, «Астана медицина университеті» КеАҚ, М.Оспанов атындағы БҚМУ, «Семей медицина университеті»КеАҚ, «С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КеАҚ Акушерлік және гинекология кафедралары меңгерушілерінің, сарапшы-дәрігерлердің қатысуымен қызметтің жұмысын жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады.
Бұл денсаулық сақтаудың алғашқы буынының босандыру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынасы, медицина қызметкерлерін аудандық ауруханалар деңгейінде ең жақсы акушерлік практикаға үйрету, пренаталдық бақылаудың сапасын арттыру және болашақ аналарды прегравидалық дайындықпен қамту (жүктілікті жоспарлау).
«2024 жылы Қазақстанда алғаш рет ана өлімінің ең төмен көрсеткіші тіркелді, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан қабылданған жүйелі кешенді шаралардың, сондай-ақ алғашқы буын деңгейінде сарапшылардың, акушер-гинекологтардың, босандыру қызметі мамандарының көпбейінді командасының бірлескен жұмысының нәтижесі болды. 2023 жылмен салыстырғанда ана өлімі жағдайларының 12%-ға төмендеуіне қол жеткізілді, бұл 100 мың тірі туғанға шаққанда 10,1-ді құрады», - деп атап өтті өз сөзінде Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Соңғы жылдары қабылданған шаралар, соның ішінде акушерлік көмекті ұйымдастыру стандарттарын өзектендіру, жүкті және босанған әйелдердің маршруттарын оңтайландыру, сондай-ақ босану процесіне қатысушылардың барлығын үйлестіруді күшейту орталықта да, өңірлерде де аналардан айырылуды айтарлықтай төмендету түрінде өз нәтижелерін берді, деп атап өтті Үйлестіру кеңесінің қатысушылары.
2024 жылдың қорытындысы бойынша босандыру саласында 706 сыни жағдай тіркелді, оның 95%-ы қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде әйелдер дің өміру сақталып қалды. 1000 босануға шаққандағы елдегі сыни жағдайдың көрсеткіші 1,9, өткен жылы ол 2,2-ды құрады. 2021 жылдан бастап сыни жағдайлардың 40%-ға төмендеуі байқалады, алайда жүктілік кезінде алғаш рет диагноз қойылған ауыр соматикалық патологиялары бар жүкті әйелдердің өсуі байқалады.
Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудегі жағдайды жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын өңірлермен «Акушерлік сағат» өткізеді, ауыр патологиясы бар әйелдерге күн сайын мониторинг жүргізеді.
Өткен жылы Ұлттық шұғыл медицина орталығымен бірлесіп 906 жүкті және босанған әйелге 2140 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді; санитариялық авиациямен 165 ұшу орындалды; жергілікті жерде 9 әйелге операция жасалды; облыстық және республикалық клиникаларға тасымалданған ауыр жағдайдағы 127 әйелдің өмірін сақтап қалды.
Босану саласында анестезиология-реаниматология, кардиология, хирургия, нейрохирургия, инфекция, пульмонология, тамыр хирургиясы, гематология, урология, гастроэнтерология және т. б. салаларда 40-тан астам жетекші маманды, профессорды және ғылыми және республикалық клиникалардың қызметкерін тарта отырып, телемедициналық консультациялар практикасы кеңінен енгізілуде.
«Жалпы практика дәрігерлерінің жүктілік денсаулығы үшін емхана деңгейіндегі жауапкершілігін күшейту қажет, олардың дағдылары мен білімдерін кеңейту мақсатында білім беру бағдарламаларын қайта қарау, жергілікті жерлерде кадрларды тарту, олардың біліктілігін арттыру үшін ынталандыру жасау, сондай-ақ ең қиын учаскелерде – біздің перзентханаларымыз бен перинаталдық орталықтарымызда жұмыс істейтін мамандардың мәртебесін көтеру. Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуде, ең алдымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жергілікті жерлерде реанимация және анестезиология мәселелерін шешуде нақты басымдық беру керек», - деп атап өтті А.Әлназарова.
Патологиясы, күрделі жағдайлары бар жүкті/босанған әйелдерді уақтылы анықтау және емдеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы бағдарламаны бекітіп, босандыру бойынша 25 басым клиникалық хаттаманы қайта қарады. Сондай-ақ, босандыру қызметінің өзекті мәселелері бойынша республикалық және өңірлік сараптамалық кеңестер және жедел ден қою және ауыр/сыни жағдайда жүкті әйелдерге тәулік бойы консультация беру үшін жетекші бейінді мамандардың қатарынан көпбейінді топтар құрылды. Сонымен қатар, әр өңірде әйелдерді ауыр жағдайда емдеуге жатқызу үшін жеке посттар ұйымдастырылған.
Жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге медициналық көмекті одан әрі жетілдіру үшін «Аналар саулығы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі фертилдік жастағы әйелдерді (ФЖӘ) профилактикалық қарап-тексерулердің және динамикалық байқаудың сапасын жақсартуды жоспарлап отыр. Бұл жүктілікке дейін экстрагениталдық ауруларды анықтауды арттыруға, әйелдерді контрацепциямен қамтуды 40%-ға дейін және прегравидалдық дайындықты 45%-ға дейін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ аудандық буын дәрігерлері мен акушерлерінің біліктілігін арттыру, оқыту орталықтары базасында ротация және тағылымдама бағдарламалары іске асырылатын болады, ҰТСО РҚБ деңгейінде медицина қызметкерлерінің білімін бағалау жүргізіледі. Ағымдағы жылы 20 өңірден 100 үйлестіруші акушер даярлауды жүзеге асыру жоспарлануда.
Ауруханаішілік инфекциямен күресу мақсатында босандыру ұйымдарының қызметіне жетекшілік ету үшін 40 госпиталдық эпидемиолог – үйлестірушіні даярлауды көздейтін «Инфекцияға жол жоқ»бағдарламасы әзірленеді, инфекциялық бақылау бойынша жаңа индикаторлар енгізіледі.
Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ел өңірлерінде жүкті әйелдер мен аналарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар іс-шараларды қабылдау жоспарлануда.