2024 жыл: Әлеуметтің есінде несімен қалды?
Тағы бір жылды артқа тастадық. Тағы бір жыл тарих парақтарына енуге дайын. Тағы бір жылға салауат айтып, келешектен үміт күтеміз.
Ал сынағы аз болмаған Ұлу жылы қандай оқиғалармен есте қалды? NEGE өткен жылды бір шолып шықты.
«Ұлттық қор – балаларға»: Алғашқы 100 доллар түсті
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, 1 ақпаннан БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алғашқы қаражат түсті. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелді.
Бұл алғашқы есептеу екенін түсінген маңызды, жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Ал 18 жасқа 2024 жылы толған 304 815 балаға олардың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шотына аударылды.
Сондай-ақ, есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол Бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкелетінін атап өткен жөн.
Статистикалық деректерден нысаналы талаптарға қатысушы балалардың ең көп саны (922 841 балаға 92 763 977,32 АҚШ доллары есептелген) Түркістан облысында тұрады. Балалар саны бойынша екінші орында – Алматы қаласы бойынша 666 443 балаға 66 990 850,36 АҚШ доллары бөлінді, үшінші орын – Алматы облысында 608 711 балаға 61 187 629,72 АҚШ доллары түсті.
Алматы халқын дүрліктерген жер сілкінісі
Алматы тұрғындары 23 қаңтарда жер сілкінісін сезіп, үрейге бой алдырды. Ошағы – Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жердегі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелген жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 болғаны хабарланды.
Жер дүмпуі салдарынан 70-ке жуық көпқабатты үйдің қабырғасы зақымдалған. Зиян шеккен ғимараттар ішінде мектептер де болды. Әкімдікке үй қабырғаларында жарықтар пайда болғаны жөнінде 190-ға жуық өтініш келіп түсті.
Сол кезде қала әкімдігі «Барлық жеке көпқабатты тұрғын үй кешендеріндегі сызат пен жарықшақ жеке қаражат есебінен жөнделеді. Ал қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына кіретін ғимараттарға бекітілген тәртіп бойынша бірінші кезекте қаражат бөлінеді» делінді.
Айтпақшы, Алматы қаласындағы жер сілкінісі кезінде тиісті әрекет етпеу фактісі бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген қызметтік тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қатаң жауапқа тартылды. Оның ішінде министрліктің 4 басшысы, сондай-ақ 5 орынбасары, 1 ведомствоға бағынышты ұйымның басшысы, аумақтық бөлімшенің басшысы және оның орынбасары бар.
Ал Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының басшысы Дәулет Сәрсенбаев «Жағдай тұрақты. Бүгінде қауіп төніп тұрған жоқ. Барлық сейсмикалық станса, барлық бақылау пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұр» десе де, сол қаңтардан бері бірнеше рет жер сілкінісі тіркелді.
Уақыт белдеуінің ауысуы кімге тиімді?
Елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп, Қазақстанның көп өңірінде сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыды. Алайда, уақыттың ауысуына қатысты қоғамда түрлі пікір туындаса да, үкімет мұны алдын ала зерттеу жүргізіліп, қабылданған шешім екенін алға тартты.
Тіпті, «бұрынғы сағат белдеуін қалпына келтіру туралы» петиция жарияланып, оған 50 мың адам қол қойып, мәселе Үкіметте қайта қаралуы тиіс болған.
Петиция жасаушылар алдымен экономикалық тиімділік тұрғысынан дәлел келтірді. «Мысалы, сәуір айында әр адамның электр энергиясын тұтыну көлемі теңгемен шаққанда 17 мың теңге болды. Ал, күзде және қыста қараңғылық та ерте түсе бастайды.
Сол кезде еліміздің жарты территориясы электр энергиясын іске қосады да, оны тұтыну еселеп артады. Ендеше, Үкіметтің «энергияны үнемдеу» дәйектемесі өзін ақтамайды.
Екіншісі, адамның өмір сүру салты мыңдаған жылдар бойы өздері тұратын аумақтағы «күннің шығысы мен батысы» биоритміне үйреніп, соған қалыптасады. Ал оны күрт өзгерту – кез келген адамға бейімделуді талап етеді» делінген.
Депутаттар да парламент мінберінде халықтың пікірін жеткізген. Мысалы, депутат Ринат Зайытов бірыңғай уақыт белдеуінен адамдардың деесаулығына кері әсер етіп жатқанын ащы мысқылмен: «Түнгі жарымда таң атып кетеді.
Әзілдеп айтатын болсам, адам түгілі әтештер әбігерге түсіп жатыр. Сондықтан осы күннің көтерілуі мен күннің батуына қарап маңдайымызға жазылған уақытқа бағынайық. Қайтадан қарастырып, оңтайлы бір шешім шығарсақ деген ұсыныс емес, өтінішім бар», – десе, депутат Дәулет Мұқаев бұл қадам үнемге емес, керісінше шығынға әкеліп соғып жатыр деп есептейді.
«Төрт жарымда қараңғы батады. Ал қараңғы батқан кезде біз не істейміз? Бүкіл үй коммуналды мекеме, мектеп болсын жарық қосамыз. Бұдан кейін энергия қайдан үнемделеді?», – деген. Депутат Нұртай Сабильянов болса, уақыт белдеуін ауыстыру асығыс қабылданған шешім екенін кесіп айтты.
Бірақ Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі өзгермейтінін мәлімдеді. «Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылым тұрғыдан дұрыс шешім», – деп мәселенің нүктесін қойды. Дегенмен, ел тұрғындары тарапынан түсіп жатқан шағымнан кейін үкімет уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсайтынын жария етті.
DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сүйенсек, халықтың 53,1 пайызы бұл шешімге қарсылық танытса, респонденттердің 22,1 пайызы құптаған, ал 15,5 пайызы бұл мәселеге бейтарап қараса, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар.
30 жылдықта болмаған су тасқыны
Биылғы көктем еліміздің 10 облысы, атап айтқанда Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары халқын әбігерге салып, төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны салдарынан 7 адам қаза тапса, 19 мыңнан астам тұрғын үй қирады, 10 мыңға жуық мал қырылды. Жалпы, тілсіз жаудан келген шығын 800 млрд теңге шамасында делінді.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар жұмыс істеді. Шаңырағы су астында қалған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынса, 9 156 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіллі.
Бұған барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яғни 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілсе, ал 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді.
Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылды.
Бишімбаев соты – тікелей эфирдегі алғашқы іс
2023 жылдың 8-інен 9 қарашаға қараған түні тіркелген қанды қылмыс дүйім жұрттың құлағын түрген еді. Себебі, адам өліміне әкелген оқиғаға еліміздің билік тармағында талай жыл лауазымды қызмет атқарған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қатысы болды.
«Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі ұзақ уақыт тергеуге жалғасып, сот отырысы наурыз айында басталды.
Бұл тікелей эфирде өткен атышулы сот процесін бір сәтте миллиондаған көрермен қарап, талқылай алды. Ал мамыр айында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша «асқан қатыгездікпен кісі өлтіру» және ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы, 2-бөлігі бойынша, яғни азаптау бабы бойынша сот үкімі шығып, Бишімбаев 24 жылға сотталып, жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейтін болды. Ал «Аса ауыр қылмысты жасырды» деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы сот отырысынан кейін қоғамда әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланып, заң нормасын қатаңдату туралы пікірлер ашық айтылды. Нәтижесінде талай жылдан бері бір қайнауы ішінде болып келген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» заң да қабылданып, 15 маусымнан бастап күшіне енді.
Шерзат Болат өлімі
Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың бір топ жігіттің қолынан қаза табуы дүйім елді дүр сілкіндірді. 4 қазанға қараған түні әкесінің азық-түлік дүкенінде тұтынушымен арада жанжал шыққан. Сатып алушы достарына телефон соғып, көмекке шақырған. Екі көлікпен келгендер төбелес кезінде Шерзаттың басынан мылтықпен ұрып, жүрегі мен өкпесіне пышақ сұғып алған. Аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған жасөспірімнің әкесінің айтуынша, барлығы 13 адамның қатысы бар. Қазір тергеу ісі бойынша оның 11-і күдікті, екеуі – куәгер.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Ал 9 желтоқсанда Шерзаттың 30 жастағы ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі Талғар қаласы маңынан табылғаны хабарланды.
Алайда, алдын ала болжамда оның өз-өзіне қол салғаны айтылғанмен, Қаржаубай Нұрымов інісінің мұндай әрекетке барғанына сенбейтінін жеткізді. Бауырын жер қойнына тапсырған соң әділ тергеудің өтуін талап еткен Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкетіп, 15 күнге қамауда ұстады. Ол 26 желтоқсан күні бостандыққа шықты.
Айта кету керек, осы оқиғадан кейін Талғар ауданы мен қаласындағы шенеуніктер орнын босатып, едәуір кадрлық ауыс-түйіс болды.
Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы құлап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Ал бүгінде еліміздің дәрігерлерінен ем-дом алғандар өз елдеріне аман-есен жеткізілді.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Алдын ала мәлімет бойынша, Грозныйда тұман болғандықтан ұшақ әуелі Махачқалаға, кейін Ақтауға қонбақшы болған.
Әуелгіде ұшақтың қозғалтқышына құстың кіріп кетуі мүмкін делінсе, артынан ұшақ ресейлік зымыранның салдарынан опат болғаны айтылды. Себебі, түсірілген видеолардан диаметрі әртүрлі тесіктің бар екендігі анық көрінді. Тіпті, бұл туралы Euronews «Ұшақты Грозный үстінде Ресей зымыраны атып түсірді» деп сенімді түрде жазған-ды.
Іле-шала Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков «Ұшақ Ресей аумағында, Грозный аспанында атып түсірілді. Ал мұны жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан Ресей тарапы Әзербайжанның азаматтық ұшағына қарсы шабуыл жасағаны үшін кешірім сұрауы керек», – деп мәлімдеме жасады. Одан кейін Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтен әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиғаға байланысты кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Соңғы мәлімет бойынша, комиссия қара жәшіктерді Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады. Себебі, Бразилиядағы CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар көрінеді.
Қалай десек те, Ұлу жылы елдің еңсесін түсіретін тосын және қайғылы оқиғаларға толы болды. Қазақ ұғымында ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы саналатын Жылан жылы табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, жаңа өзгерістер мен бастамаларға серпін береді деп сенеміз.