28 Маусым 13:50
...

Оралда эвакуациялық пунктте жатқан 10 тұрғыннан қызылша ауруы анықталды

Дерт
Фото: Фото: из открытых источников

Орал қаласында су тасқынына байланысты уақытша орналастыру пунктінде жатқан 10 тұрғыннан қызылша ауруы анықталды, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматы, NEGE. Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиеваның мәліметінше, қазіргі уақытта олардың барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Соның ішінде үшеуі – балалар.

Гауһар Мұқсинқызының сөзіне қарағанда, тығыз байланыста болған адамдарға 21 күнге медициналық бақылау орнатылды. Уақытша орналастыру пунктінде дезинфекциялық тәртіп (дезинфекциялық еріткішпен ылғалды жуу, рециркулятор қосу, желдету) күшейтілді.

«Орал қаласында кешегі мәлімет бойынша 9 уақытша орналастыру пунктінде 1 927 адам жатса, соның 806-сы – балалар. Пункттердің бәрі де жатақханаларда орналасқан. Ұйымдастырылған мекеме ретінде тұрғындарға жергілікті атқарушы органмен 3 мезгіл ас мәзірі, бутильденген су ұйымдастырылды. Келісім-шарт бойынша 6 жеке кәсіпкер тамақтандыруда. Дайын тағам орталықтандырылған қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізіледі. Уақытша орналастыру пункттерінде қалалық басқарма мамандарымен эпидемиологиялық ахуал бақылануда, тағам, су тәртібі, нысанның санитарлық талаптары қадағаланады. Қосымша дайын тағамдар лабораториялық зерттеуге алынып тұрады»,- дейді Г.Дүйсеғалиева.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Барлығы 638 адамның қызылша дертіне шалдыққаны тіркелді. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді әдісі вакцинация болғандықтан, қосымша жаппай иммундау аясында қызылшаға қарсы 26 604 бала егілді.

«Тағы бір айта кетер жайт, екі адамнан менингококк инфекциясы анықталса, 10 баланың көкжөтелмен ауырғаны белгілі болды. Өткен жылы бұл аурулар тіркелмеген еді. Көкжөтелмен сырқаттанғандардың жетеуі – 1 жасқа дейінгі, үшеуі – 1-5 жас аралығындағы балалар. Олардың бәрі ата-аналарының бас тартуына байланысты екпемен қамтылмаған. Аурудың өсу себебі – иммунитеттің төмендеуі. Қаладағы емханалардың егу пункттерінде көкжөтелге қарсы вакцина жеткілікті. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында эпидемиологиялық шараларды жүргізу жалғасып жатыр, инфекциялық ауруларға күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Жыл сайын вакцинаға сенімсіздік танытатын ата-аналардың көбеюі алаңдатады. Вакцина алмаған және иммунитеті төмен немесе жоқ адамда жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып келеді. Сондықтан қызылшаға, көкжөтелге қарсы екпесі жоқ баланың тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, екпе алуы қажет екендігін ата-аналардың есіне саламыз», - деді Г.Дүйсеғалиева.