22 Желтоқсан 13:55
...

Министр Қостанайда соққыға жығылған фельдшерге қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: ғаламтордан

Медицина қызметкерлеріне қысым көрсеткендер қандай жазаға тартылады?

Алматы, NEGE. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Instagram-дағы парақшасында аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

Оның сөзінше, халықтың денсаулығын сақтайтын медицина қызметкерлерінің қызмет барысында, өз денсаулығына қатер төндіретін оқиғалары көбейіп барады. Ол соққыға жығылған фельдшер қызға өз тарапынан қолдау білдіретінін атап өтті.

– Жақында ғана Қостанайдағы жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасалды. Шақыртуға келген жас қызметкер – Анель Баймурзинаның ұрып-соғу салдарынан алған жарақаттарынан ауруханаға түсті. Анель Баймурзинаның отбасына өз тарапымнан қолдау білдіре отырып, бұл жағдайдың назардан тыс қалмайтынын жеткіземін, – деп жазды министр.

Әлназарова шұғыл медицина қызметкерлері адам өмірінің аса қауіпті кезеңінде көмекке келетін және өз өмірініңде қатеріне де мән беруге мүмкіндігі бола бермейтін қызметкерлер санатына жататынын айтты.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2019-2023 жылдар аралығында елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде 158 медицина қызметкерлері зардап шеккен. Оның ішінде:

2022 жылы – 46;

2023 жылы – 80;

2024 жылы – 9 шабуыл тіркелген.

ДСМ басшысы мұндай әрекетке барғандар әділ жазасын алуы тиіс екенін айтты.

– Медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында, оларға жасалған шабуыл, зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге байланысты депутаттардың қолдауына сүйендік. Мұндай әрекеттер еркіндікті шектеуге және қоғамның айыптауына дейінгі әділ жазасын алуы тиіс, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өмірін сақтап қалатын медицина қызметкерлерінің қайсарлығы мен батылдығын атап өтетінін айтты.

– Дәрігерлер мен мейіргерлер, бұл – Сіздің денсаулығыңызға күнделікті қамқорлық жасайтын, уақытпен, жеке өмірімен және қиын жағдайлармен санаспай көмекке келетін жандар. Денсаулық сақтау министрлігі өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өмірін сақтап қалатын медицина қызметкерлерінің қайсарлығы мен батылдығын атап өтетін болады. Әріптестерімнің өз мамандығына адалдығы қоғамға кеңінен танылып, бәрімізге үлгі болуы тиіс, – деп түйіндеді министр.