13 Ақпан 13:42
...

Жарқынбек Амантайұлы: Көші-қон заңы да заман талабына сай өзгеруі қажет

Жарқынбек Амантайұлы
Фото: ғаламтордан

Ертең Мәжілістің жалпы отырысында Халықтың көші-қоны туралы заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жоба екінші оқылымда қабылдануы мүмкін. Осыған орай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы NEGE тілшісіне сұхбат берді.

 Тәуелсіздік алғалы бері көші-қон заңы жетілдіріліп келеді. Бір кездері көш тұралап қалды десе, кейін қайта жанданғанын айтқандар болды. Жаңа заң жобасы бойынша «қандас» мәртебесін беру, азаматтық алу процесстері қаншалықты жеңілдетіледі?

– Негізі бұл заң жобасы жетінші шақырылым депутаттарының бастамасымен көші-қон саясатын, көші-қон туралы заңды жетілдіру мақсатында әзірленген. Біз жалғастырып отырмыз және 2022 жылы сәуір айында Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған. Бірнеше жұмыс топтары өтті, жақсы-жақсы ұсыныстар болды.

Ал, бұл заңда «қандас» статусын беру мәселесіне өзгеріс енгізу қарастырылмаған. Негізінен ол қолданыстағы заңда министрліктің бұйрығының негізінде құқықтық-нормативтік құжаттармен беріліп отыр.

Елге келген азаматтың өтінішін 35 күн қарайды деген сияқты мәселелерге қатысты қазір бізде қоғамда бір түсінбестік болып жатыр. Біз мынаны білуіміз керек, қазір әлемде геосаяси жағдай сияқты түрлі жайттар біздің елімізге де келіп жатқан азаматтардың кей құжаттарын нақтылап қарауға тура келіп отыр, мәжбүр болып отырмыз десек болады. Сондықтан осы заңның еніп отырған маңызды тұстарының бірі – елімізге терроризмге, экстремизмге және балаларға қатысты жыныстық сипаттағы іске қатысы бар деп істі болған азаматтар біздің елге кіруге тиым салынып отыр.

Кейде осындай қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па дегенді анықтау үшін келуші елге сұраулар жіберіледі. Сол дүниелерді анықтау мақсатында 30-35 күн деген уақыт еніп отыр. Бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Қандастардың көшіп келуіне еліміз әрқашан мүдделі және депутаттар қандастардың мүддесі тұрғысынан өте көп жеңілдіктердің болуын қалайды. Десе де, біз мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігімізді ескеруіміз аса маңызды.

Осы уақытқа дейін «қандас» мәртебесін алған немесе оған өтініш берген азаматтардың арасында жаңа өзіңіз айтып отырған терроризмге, экстремизме, педофилия сияқты қылмысқа қатысы бар азаматтар болды ма?

– Оны тиісті органдар айта жатар, мен нақты кесіп айта алмаймын. Бірақ ондай азаматтар болса, олар шекарадан өткізілмейді. Ал шекараны кесіп өткен адамдар болды ма, болмады ма дегенге нақты статистика келтіре алмаймын. Бірақ, қауіпті ағым өкілдерінің біздің елге кіруі қорқынышты дүние. Оған қатаң бақылау керек. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, бұған дейін заң бірнеше рет жетілдірілді. Бір кездері көшіміз жақсы жүріп жатқандай болды, кейін қиындап кеткендей көрінді. Белгілі бір азаматтарымыз заң жобасының кей тұстарын түсінбегендіктен «билік көшке қарсы, депутаттар көштің дамуына қарсы» деген сияқты кереғар пікірлер таратуда. Алдымен бұл дүниелердің астарындағы мәнін ұғыну керек деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі әлемдегі жағдай мүлдем өзгерген. Сондықтан, уақытша келіп кеткен, азаматтық алуға талпынған немесе қандас ретінде келіп жатқан азаматтарымыздың өзін мемлекет мүддесі тұрғысында қарауымыз керек деп ойлаймын.

көші-қон
ғаламтордан

Заңда келуші азаматтарға нақты «мынандай талаптар қойылады» деп көрсетілген бе?

– Заңда терроризмге, экстремизме және педофилияға қатысы бар азаматтарға Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынады деп нақты көрсетілген. Бұған ұқсас тармақ өзге заңдарда да бар. Мысалы, қылмыс әлемінде белгілі бір статусқа ие азаматтардың да белгілі бір мемлекеттермен келісімшарт аясында шекарадан өтуіне шектеулер бар.

Қандастарымыз елге көшіп келгеннен кейін қандай әлеуметтік көмек ала алады? Жаңа заң жобасында оларға берілетін әлеуметтік көмектің түрлері мен берілетін қаржылық соммасы өзгерді ме?

– Әлеуметтік квоталар, төлемдер, субсидиялау, оның барлығы біздің әлеуметтік кодексте бекітілген. Оған өзгеріс енген жоқ. Бірақ атап өтетін ерекше бір дүние бар, ол – қоныстанушыларға, яғни қандастар немесе оңтүстіктен солтүстікке жұмыс күші аз аумаққа көшіп келеген азаматтарға жер телімдерін беру. Жер телімдері минималды көлемде ауылшаруашылығы мақсатында беріледі және ол жай берілмейді, жалға алу құқығымен конкурстан тыс беріледі. Қоғамда латифундистердің жерлерді шексіз иемденіп алуы сияқты үлкен мәселелер бар ғой. Бұл да сондайға жол ашып қоймас үшін, нақты шектеулермен белгіленіп, үшінші адамның пайдалануына, сатуға тыйым сала отырып, бес жыл мерзіміне жалға алу құқығымен беріледі. Азаматтар жерді бес жыл тиімді пайдаланса және игілігіне жаратса, оны ары қарай созуға құқығы бар. Яғни көшіп келуші азаматтарымызды ынталандыру, қолдау мақсатында береміз. Одан бөлек, үй салуға берілетін жер телімі деген сияқты өзге де мүмкіндіктер бар. Тағы да бір айта кететін дүние, осы көрсетіліп отыраған әлеуметтік қолдауларға банк жүйесіндегі кредиттің мерзімінен кешіктіру сияқты басқа да айыппұл болса, бұл көмектерге ешқандай шектеу, пайызын ұстап қалу деген жүрмейді. Яғни қоныстанушыларға берілетін көмек жан-жақты қорғалған.

Белгілі бір деңгейде түсінбестік, бұрмалау дейміз бе, «бұл Ата заңға қайшы, қандастар қайда келгісі келсе келуі керек» деген пікірлер бар. Олар қай өңірге келгісі келсе де құқығы бар, бірақ Үкіметтен белгіленген өңірлерге ғана квота беріледі. Квотадан бөлек, бизнеске де қолдау бар.

Тағы бір нәрсені түсіндіре кетейін, мысалы Павлодар облысына 2000 квота берілуі мүмкін, сол кезде Петропавлға тағы да 2000 квота берілді десек, ал Павлодарға 2500 адам, Петропавлға 1300 адам келді делік. Сол кезде өңірлерді салыстыра отырып, квотаны жетпей жатқан өңірлерге алмастырады. Үкіметтен белгіленген өңірлерге квота берілмей қалу деген болмаған екен. Сондықтан бұл да қолдау. Бұны дұрыс түсініп, қоғамға дұрыс жеткізе алуымыз керек.

Шетелден келген азаматтарда ғана емес, еліміздің бір аймағынан екінші аймағына көшкен адамдарда да бейімделуге белгілі бір деңгейде қиындықтар туындап жатады. Олардың бейімделуіне қатысты қандай көмектер көрсетіледі?

– Мен өзім Солтүстік өңірден сайланған депутат болғандықтан бұл мәселемен жиі ұшырастым. Жылы орында отырып, газ пайдаланып отырған азаматтардың жұмыс күші аз, климаты қатаң өңірлерге барып, пешке от жағуының өзі үлкен қиындық туғызып жатады. Олардың көші-қон шығыны, өзге де шығындары субсидияланып, белгілі бір деңгейде көмектер көрсетіледі. Бірақ мұның да аз екенін түсіне отырып, біз жер беруді енгізіп отырмыз. Халық тығыз орналасқан Оңтүстік өңірлерде мысалы ауылшаруашылығымен айналысу мүмкін емес. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру негізгі мақсат.

Бейімдеу тұрғысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы бұйрығымен екі пилоттық жоба өңірлерде жүзеге асуда. Олар сарапталады. Егер сәтті деп табылса, бүкіл өңірлерде іске аса бастайды. Бұл заңда жоқ, бірақ министрліктің бұйрығы негізінде жүзеге асып жатыр. Бейімдеу деген – қолдау ғой. Қолдау аса қажет. Территориямыз ауқымды, бірнеше климат белдеуі бар екенін білеміз, содан кейін бір ұлт болсақ та, менталитетімізде сәл өзгерістер болып жатады. Мұның барлығы әсер етпей қоймайды. Сондықтан алғаш көшіп келген уақытта қолдау аса қажет деген ойдамыз.

– Елге көшіп келген қандасымыздың ғылыми дәрежесі немесе көшіп келген елінде мол тәжірибесі бар маман болса, оларға ерекше жағдай жасала ма, әлде басқалармен тең дәрежеде әлеуметтік көмек ала ма?

– Елге көшіп келгеннен кейін белгілі бір жеңілдіктерге ие болудың бірнеше жолы бар. Соның бірі моноқалаларға немесе арнайы бір жұмыс орнының шақыртуымен келген азаматтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беріледі. Сонымен қатар жұмыс күші аз шекаралық аймақтарға жеңілдетілген тәртіппен квота беріледі. Өйткені бұл мемлекеттің саясаты.

Ал енді кейде «басқа өңірлерге келсе неге квота берілмейді» деген сұрақтар туындап жатады. Біздің мемлекетіміздің саясатын, стратегиялық мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін белгіл бір айырмашылық болуы керек. Қазақстанның кез келген жеріне келген этникалық қазақ азамат жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады. Ал квотаны белгілі бір өңірлерге келген азаматтар ғана ала алады.

Ал ғалымдар, белгілі бір ғылыми дәрежесі бар азаматтар Қазақстанға келгеннен кейін мол тәжірибесін, ғылыми жетістіктерін, потенциалын Ата жұртқа пайдалану өте маңызды. Олар мұнда үлес қоссам деп келеді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп келеді. Ол кісілер Қазақстанның қай өңіріне орналасса да, мейлі халық тығыз орналасқан өңірлерге, мейлі басқа өңірлерге қоныстанса да ғылыми дәрежесі бар азаматтарға квота да, бүкіл әлеуметтік қолдаулар да арнайы бекітілген өңірлердегі сияқты максималды көрсетіледі. Сондықтан ол артықшылықты ел білуі керек деп ойлаймын. Әрине, бұл біреуді артық қылу, біреуді кемсіту емес. Бұл елімізде ғылымға аса назар аударылып жатқанын көрсетеді.

Елге көшіп келген азаматтарға «қандас» мәртебесін беру үшін «қазақ» екенін тану керек қой. Осы процесс қалай жүзеге асады?

– Қазақ екенін дәлелдеуде мәселелер туындауы – сирек жағдай. Бұны біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен де талқыладық. Егер құжатында ұлты қазақ екені көрсетілсе, онда ешқандай мәселе жоқ. Ал құжатында қазақ деген белгі болмай келген жағдайларда арнайы комиссия құрылады. Комиссияның анықтау тетіктері әлі де жетілдірілуде дегенді естіп отырмыз. Ол бұл заңда тікелей қарастырылмаған. Тіпті күмән туып, дәлелденбей жатса, генетикалық сараптама жасауға дейін болады. Бірақ ондай жағдай әлі кездеспеген, қажеттілік те туындамаған екен. Көп жағдайда тегі, руы, жеті ата, салт-дәстүр деген бар. Қазақ екенін дәлелдеуге мүмкіндік көп. Осы мүмкіндіктермен дәлелденеді және оны комиссия қарайды.

Қазақстанға көшіп келушілердің арасында қай елдің құжатында ұлты көрсетілмейді?

– Оны нақты айта алмаймын, тиісті орындар айта жатар. Бірақ біздің елімізге Ауғанстан, Иран, Пәкістан және Өзбекстан, оның ішінде Қарақалпақстаннан келушілер көп. Әрине Ресей, Монғолия, Қытайдан да келушілердің қарасы қалың. Кейбір елдерден көшіп келетін азаматтардың ұлты құжаттарында жазылмауы мүмкін. Енді қалай анықтаймыз оны? Түрінен қарап анықтай алмайсыз, себебі Азия халықтары бір біріне құсай береді. Киіміне қарап та анықтай алмаймсыз. Олардың барлығы тілді біле бермеуі мүмкін. Осы жерлерде комиссияның жұмысы қажет. Енді түсініп отырған шығарсыздар, мен атап өткен елдерден келем деушілердің көп болуына байланысты қауіпті ұйымдарға қатысы бар-жоғы қазір көбірек тексеріледі. Сондықтан біз мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысында ойлауымыз керек. Егер талаптар артып жатса, онда түсіністікпен қарауымыз маңызды. Кей бір қоғам белсенділері, блогерлер әр түрлі пікір айтып, арандататын пікірлерге жол беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Мемлекет келем деушілерге ешқашан қарсы болған емес, керісінше қолдау артқан. Бұрынғыдай есіктен есікке құшақ-құшақ қағазбен жүргіріп жүру қазір жоқ, көп нәрсе цифрландырылған.

– Заңда тағы қандай мәселелер қарастырылған? Тағы не қосқыңыз келеді?

– Осы заң аясында бұрын азаматтық алған этникалық қазақтардың жесірлері басқа елде қалып қойса, кейін осында келіп азаматтық алам десе, дәлелдеу арқылы ала алады. Олар этникалық қазақтардың анасы ретінде, отбасының бір бөлшегі ретінде еліне келеді. Әйелдер құқығын қорғау дүниежүзінде баса назар аударылатынын білесіз.

Жалпы халықтың көші-қоны саласындағы оң өзгерістер қандай?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шекарамыздан асып бері қарай келсе болды деген түсінік болды. Құдайға шүкір, одан бері миллионнан астам қандас елімізге келіп қоныстанды ғой. Олар осында өсіп-өнді, еліміздің ісіне, қоғамдық-саяси өміріне араласып, үлесін қосып, еңбегін сіңіруде. Шетелдегі қандастар осы жерді қорғап, қанын төккен бабаларымыздың тікелей ұрпағы тағдырдың әр қилы жағдайымен біреуі шекараның сыртында қалып қойса, біреуі амалсыз көшуіне тура келген. Әлемде қандастарын тартып жатқан бірнеше ел бар, бірақ осы саясатты сәтті жүзеге асырып, жалғастырып отырған мемлекеттің бірі - Қазақстан екенін біз білуіміз керек.

Қазір технология дамыды, қандастар Қазақстанға жоспарлы түрде көшуді үйренді. Бұрынғыдай бұйырған жерге, бөтен елге, кімге бардым, кімге келдім емес, туыстар бір-бірін тауып, қауышуы жеңілденді. Олар бір-біріне жөн сілтеп жатыр. Ғаламтор арқылы қай өңірде қандай мүмкіндіктер бар екенін саралап келіп жатқанын мойындауымыз керек. Негізі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көшіп келгендерді беймідеу аса қажет болған, қазір де қажет. Бірақ ол кездегідей емес. Оны да мойындауымыз керек. Сондықтан мемлекетіміз бауырларымыздың елге келуіне мүдделі екенін ұмытпайық.