1 Шілде 20:41

«Ер-Тау» ЖШС-не рейдерлік әрекетті кім жасап отыр?

"Ер-Тау" ЖШС директоры
Фото: Nege.kz

Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген «Ер-Тау» ЖШС 2014 жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы Кенесары мен Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін жер учаскесін сатып алады да, 2018 жылдан бастап өз қаражатына нысанның құрылысын бастайды.

Қазір мұндағы құрылыс жобасы 35 пайызға аяқталып, орындалған жұмыстың құны жер учаскесімен бірге 3905 800 927 теңгені құрайды. Алайда, 2021 жылдың 20 ақпанында «Ер-Тау» ЖШС-не ешқандай құқығы да, қатысы да жоқ, тіпті екеуара ешқандай қаржылық және өзге міндеттеме құжаты жасалмаған мердігер «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС құрылысы аяқталмаған нысандағы пәтерлерді үлескерлерге сата бастаған. Тура сол сәтте «Ер-Тау» ЖШС өз құқығы мен заңды мүддесін қорғау мақсатында және құрылыс салушыға жасалған құқық бұзушылыққа қатысты Астана қаласының прокуратурасы, полициясы және Астана қаласының әкімдігі, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының атына, құқық қорғау және мемлекеттік органдарға арыз түсірсе де, бұл мекемелер тарапынан ешқандай әрекет болмаған.

Астана қаласы
жеке мұрағаттан

Яғни, уәкілетті органдар «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС тарапынан жасалған қылмыстық әрекетті тоқтатып, басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тартудың орнына, керісінше жауып-жасырып, үй сатып алушы үлескерлердің санын көбейтуге ықпал еткен. Компания басшыларының айтуынша, 2021 жылы «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС алдаған үлескерлердің саны шамамен онға жуық адамды құраса, қазір тергеу анықтағандай 73 адамға жеткен. «Ал сатылған пәтер саны – 89. Бұл іс сотқа жеткенше қанша болатыны белгісіз», – дейді олар.

NEGE тілшісі «Ер-Тау» ЖШС-не жасалып отырған заңсыздық әрекет жайында компания басшылары мен заңгерлерінің өз аузынан жазып алды. 

Мұрат Тасов, «Ер-Тау» ЖШС директоры:

«Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС» алдын ала келісімшарт жасай сала пәтер сатқан

Nege.kz

– 2020 жылы құрылысты өз қаражатымызға бастадық. Желтоқсан айында «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС» директоры Н.А. Әскерова мен өкілі А. И. Дергачев келіп: «Сіздер құрылысты баяу жүргізіп жатырсыздар. Соған қарағанда қаражат мәселесі бар сияқты. Біз инвестор ретінде салсақ бола ма?» деді. Сол бойынша бір айға алдын ала келісімшарт жасастық. Бұл бойынша олар базасын, техникасын, мамандарын және қаржылық әлеуетін көрсету керек болған. Бірақ шарттың бірін де орындамастан ертесіне-ақ пәтер сата бастаған. Бірақ алдын ала келісімшартта пәтер сату, беру туралы ештеңе жазылмаған.

2021 жылы ақпанда пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 300-330 мың теңге болған. Ал үлескерлер шаршы метрін 130 мың теңгеден сатып алып, 330 мың теңгеге қайта саудалаған. Біздің құрылыстың атауы – «Шавгар» деп аталды. Біз жергілікті әкімдік пен Президент әкімшілігіне дейін арыз жазған соң «Нұрлы Жол-К-2008» компания өкілдері адамдарды шатастыру үшін «Ақтау city» деп өзгертіп алып, әрі қарай сата берген. Мұндай мәселеге алғаш ұрынып отырғандықтан әу баста құзырлы органдар айналысатын шығар дедік. Өкініштісі, істі созбалаңға салып қойды. Тіпті, арасында бізді бес рет сотқа берді, бес рет шешім шықты. Біздің «Нұрлы Жол-К-2008 компаниясына қатысымыздың жоқтығы, үлескерлердің ақшасы бізге емес, солардың есепшотына түсіп отырғаны анықталды.

«Ер-Тау» ЖШС-нің өтініші бойынша бастапқыда «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС» үстінен алаяқтық факті бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылданды. Неге екені белгісіз, құқық қорғау органдары «Ер-Тау» ЖШС-не материалдық залалдың болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатады. Сот шешімі бойынша «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС-нің келтірген зияны үшін жерді құрылысымен бірге үлескерлерге бермек. Қазіргі таңда біздің құрылыс тәуелсіз бағалаудың көзімен – 4 млрд теңге шамасында. Ал прокуратура ешқандай аудит, сараптама жүргізбестен 650 млн теңгеге бағалапты. Бұл қаржы әлгі компанияның үлескерлерге әкелген шығыны дейді. Сонда біздің мүлікті 650 млн теңгеге ғана есептеп отыр.

Осылайша, «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС келтірген залалды басқа үлескерлерге жәбірленушінің есебінен «Ер-Тау» ЖШС тапсырыс берушісі есебінен өтейтін бұрын-соңды болмаған прецедент орнап отыр. Бұдан бөлек, жақында «Меридиан LTD» өкілдері келіп, «Осындай жағдайға тап болғаныңызды естідік. Құрылысыңызды 650 млн теңгеге сатып алуға дайынбыз» деді. Кейін зерттеп қарасақ, бұл сол кездегі ГАСК басқарма бастығы болған Дәулет Досқұловтың компаниясы екен. Қазір бұл компания ешқандай құжатсыз техникасын аумаққа кіргізіп қойды. Барлық заңды құжат, мемлекеттік акт біздің атымызда болса да, соттың қаулысында «өтемақы төлегеннен кейін беріледі» деп жазылса да, техникасын кіргізіп, дайындық жүргізіп жатқаны мүлдем түсініксіз.

Жасұлан Рахымғалиев, адвокат:

Бұл нысанды салу заңды тұлға – «Ер-Тау» ЖШС құзыретінде

Nege.kz

 – Бұл компания рейдерлік әрекетті қағаз жүзінде жасап, істеп отыр. Жалпы, құрылыс саласында үш ұғым бар. Бірінші – құрылыс салушы, екінші – тапсырыс беруші, үшінші – үлескер. Ал заңды тұлғада лицензия мен құрылыс нысанын салатын қаржысы болса, ол – құрылыс салушы. Ал мердігер тапсырыс берушінің тапсырмасын орындаушы. Алайда, заңды тұлғада лицензия мен ақша болғанмен, мердігер жалдауы мүмкін. Ал мына жағдайда «Ер-Тау» ЖШС жекеменшікке қарасты 6 жер учаскесінің мемлекеттік актісі бар нақты иесі.

Демек, бұл мүлікке басқа ешкімнің қатысы жоқ. Бүгінде компания жоба бойынша құрылыстың 35 пайызын іске асырды. Қазір осы жер учаскесінің құны – 836 млн 400 мың теңгеге бағаланады. «Ер-Тау» ЖШС неге мұндай жағдайға тап болды? Себебі, бұған әкімдік пен ведомствоаралық комиссиясы араласты.

Олар «Біз үлескерлердің кіммен жұмыс істегенінде шаруамыз жоқ, сондықтан талабын қанағаттандырып, пәтерін беруіміз керек», – дейді. Екі критерийді алға тартып, құрылыс салушыдан аяқсыз қалдырған нысанды алу керектігін айтады. Компанияның бастаған ісін соңына жеткізбегенін ешкім дәлелдеген жоқ. Тіпті, құрылыс салушы «Ер-Тау» ЖШС-нің қандай да бір қылмыстық іске қатысы бары анықталып немесе сот шешімі шыққан жоқ. 

Сондықтан мұның өзі шындыққа сәйкес емес. Екінші, біздегі жер учаскесі жекеменшік иелігінде. Осыдан-ақ «Ер-Тау» ЖШС-нің конституциялық құқығы бұзылып тұр. Бұл нысанды салу заңды тұлға – «Ер-Тау» ЖШС құзыретінде. Алайда, үлескерлер сатып аларда сауаттылық танытып, заңды құжат талап етпегені қалай? Қазір біздің қолымызда алдын ала брондау мен құрылысқа үлескер болу туралы келісім-шарттың заңсыз екені туралы сот актілері бар. Өкініштісі, «Ер-Тау» ЖШС соттың шырмауында қалды.

Еркінбек Мыңжанов, адвокат:

Үлескерлер арзан болған соң көзді жұмып ала берген

Астана қаласы
Nege.kz

– «Ер-Тау» ЖШС-нің жекеменшік жерінде екі блоктан тұратын құрылыс нысаны болды. 2020 жылдың желтоқсан айында «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС келіп, құрылыс жұмысын бірлесіп жүргізу туралы алдын ала келісімшартқа отырады. Сол күннің ертесіне-ақ пәтер сата бастаған. Алайда, бұл компанияның ойы құрылысты жалғастыру емес, сату құқығы жоқ болса да, пайда көріп қалу екен. Біз мұны екі жарым айдан кейін ғана «Krisha.kz» сайтынан кездейсоқ білдік. 2021 жылдың ақпанынан бастап 2023 жылдың мамыр айына дейін арызданып келеміз.

Тіпті, «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС екі жарым жыл бойы  заңсыздыққа жол беріп, қолдан жалған құжат жасатып, пәтерлерді арзан бағаға саудалаған.

 Алайда, құқық қорғау органдары бұл компанияға қарсы ешқандай шара қолданбады. Астана қалалық мемлекеттік архитектуралық құрылысты бақылау басқармасына «Мына заңсыздықты тоқтатыңыздар!» деп арыз жазсақ, бұлар керісінше «Ер-Тау» заңсыз үлескерлер тартып отыр» деп үстімізден әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Бірақ сот «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС-нің бұл нысанға ешқандай қатысы жоқ екенін және «Ер-Таудың» пәтерді үлескерлерге сатпағаны туралы анықтап, шешім шығарды.

Соған қарамастан экономикалық сот 2023 жылы «Ер-Тау» ЖШС мен «Нұрлы Жол-К-2008» пәтерді үлескерлерге бірге сатқан, бұдан «Ер-Тау» хабардар. Себебі, бұл құрылысқа «Нұрлы Жол-К-2008» үлескерлердің ақшасын құйған» деген уәж келтірді. Бір қызығы, құжаттың бәрі біздің қолымызда болса да, дәлелсіз шешім шығарған. Бүгінде үлескерлерге оңды-солды пәтер сатқан «Нұрлы Жол-к-2008» ЖШС директоры Әскерова мен бес адам жауапкершілікке тартылып, қамауда отыр. Бұл іс бойынша «Ер-Тау» ЖШС жәбірленуші ретінде танылды. Сонда сот алданған адамдарға екінші санын соғып қалған адамның мүлкін беріп отыр.

Біз де жалған мердігерге алдандық емес пе? Бізге де шығын келді. Бірақ біздің мүлікті үлескерлерге бере салды. Ақылға сыймайтын нәрсе орын алған соң, мұны рейдерлік әрекет деуге негіз бар. Ең сорақысы, мемлекеттік органдардың қолымен жасалып отыр. «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС-не шара қолданудың орнына бізді жауапкершілікке тартуға тырысты.

Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатылмайды. «Ер-таудың» да, «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС-нің де үлескерлерге пәтер сатуға құқығы жоқ. Әкімдіктің сайтында кім сата алады, кімге сатуға болмайтыны тізімде тәптіштеп жазылған. Алайда, үлескер соны біле тұра неге ақша құяды? 130 мың теңгеден болған соң, көзді жұмып ала берген. Енді кеп, «Біз далада қалдық» деп шығады. Олар үлескерлер емес, кәдімгі кәсіпкерлер. Оған дәлел – екі-үш пәтерге ақшасын түгел құйған. Әлеуметтік жағдайы төмен адам бірден төлеп тастауы мүмкін емес.

Мұхтар Есжанов, «Ер-Тау» ЖШС директорының құқық мәселелер бойынша кеңесшісі:

Нақты құжат, бұлтартпас дәлел болса да, сот қайда қарайды?

Мұхтар Есжанов
Nege.kz

Тағы бір мәселе – үлескер шаршы метріне 130 мың теңгеден алған. Мұның өзі алаяқтық әрекет. 130 мың теңгеге сатып пайда көрмек түгілі, жұмсалған шығынын да өтемейді. Біз Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қабылдауында болдық. Ішкі істер департаментінің басшылары да отырды. Істі жылы жауып қойғысы келетінін айтып, барлық құжатты алдына қойдық.

Содан кейін амал жоқ, іс қайта қозғалды. Тіпті, қала прокуроры Ерлан Төлегеновтің де алдына барып: «Елді дүрліктірмейік. Мынау заңсыз, рейдерлік әрекет» десек те, заңсыздықты қолдайтын сияқты. Таңғалатын дүние – осындай нақты құжат, бұлтартпас дәлел болса да, сот қайда қарайды? Неге бәріне көз жұмады? Ол ол ма, «Ер-Таудың» жағдайын одан әрі ауырлату үшін Жоғарғы сот төрағасынан кассациялық саты сотына ұсыныс түсіпті.

Мұны қалай түсінуге болады? Жоба бойынша бізде 408 пәтер болу керек. Біз салған құрылыстың құны – 4 млрд теңге. Енді әкімдік пен ведомствоаралық комиссия шешімі бойынша «Меридиан LTD» үлескерлерге 89 пәтерін беріп, 4 млрд мүлкімізді иеленіп кетпекші.

P.S: «Ер-Тау» ЖШС өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы соттың қаулысында «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС әрекетінде қылмыстық алаяқтық белгілері бар» десе де, әкімдік, прокуратура «бармақ басты, көз қысты» жасап отыр. Былайша айтқанда, «заңды тұлға өз ақшасына нысан салып, кінәлілердің қарызы есебінен басқа адамдарға бермек». Олардың талабы – өз мүлігін өздеріне қайтарып беру. Бұл бойынша компания Президент атына, Жоғарғы сот төрағасына және Бас прокуратураға үндеу жасамақшы.