«Жеңіліп қалған жігіттерге өкпеміз жоқ» – Бас жаттықтырушы Қайрат Сәтжанов
Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатының ақтың кезеңіне сегіз қазақстандық спортшы жолдама алып, жетеуі алтын медаль алды. Ал кеше жеңімпаздарды Президент Қ.Тоқаев қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады.
NEGE тілшісі бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Сәтжановты әңгімеге тартты.
– Қайрат Тұрсынханұлы, бокс құрамасының жеңісі мен марапатыңыз құтты болсын! Біраз уақыттан бері жігіттердің жолы болмай жүрген еді. Бас жаттықтырушы ретінде өзіңіз қандай сезімдесіз?
– Көп рақмет! Қазақстанның абыройы асқақтаса, бізге сол – қуаныш. Бірақ «Жігіттердің бағы жанбай, жолы болмай жүр» деуге келмес, сірә. Әлемдік деңгейдегі жекпе-жектерде үнемі топ жарып, бірінші, екінші орынды алып жүрді.
Былтыр бас жаттықтырушы ретінде ұлттық құраманы қабылдап алдым. Содан бері тыңғылықты дайындалып, Тайландта өткен Азия чемпионатына бардық. Сол кезде де командалық есепте бірінші орын алдық. Одан кейін жыл басында Испанияда өткен турнирде, Сербиядағы жарыста бірінші орынға ие болдық. Ақпан айында Болгарияда өткен кіші әлем чемпионатында да, Нидерландыдағы халықаралық турнирде де командалық есеп бойынша бірінші орынды бермедік. Сол сияқты Қазақстандағы әлем кубогының екінші кезеңінде де жігіттер бірінші орыннан көрінді. Сондықтан боксшылар жыл бойы жақсы жетістік көрсетті.
Мәселен, кейбір бәсекеге, атап айтқанда Тайландтағы чемпионатқа үшінші нөмірлі спортшылар барды. Мұнда да алтын медальсыз қайтпадық. Одан бөлек әлем кубогының Бразилияда өткен бірінші кезеңіне қатысқан 4 жігіттің екеуіне алтын медаль бұйырды. Кез келген турнир, жарыста алға қоятын мақсат – бірінші орын алу. Мұны жігіттер де жақсы біледі. Жүлдемен оралу үшін кез келген спортшы барын, жанын салады. Жеңілу үшін емес, жеңу үшін баратыны заңдылық. Кеше Ливерпульдегі әлем чемпионатында да біздің қыз-жігіттер барынша намысқа тырысып, жеңіс тұғырына көтеріліп, командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Ел үмітін ақтап, туымыз жеті рет көкке көтеріліп, әнұран шырқалғанда мінберде отырған басқа мемлекет өкілдері орнынан тұрып, қошемет көрсетті.
– Байрақты бәсекелерден елге абыроймен оралғанға не жетсін. Боскшылардың ішінде кімнің бәсі мықты болды және кім әлсіздік танытып, өзінің потенциалын көрсете алмады? Мәселен, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай неге бұл жолы сәтсіздікке ұшырады деп ойлайсыз? Жалпы, өнерін сырттай бақылағанда боксшыларға не жетіспеді?
– Бұл жігіттерді жасөспірім кезінен білеміз. Сол кезден бері бірге жұмыс істеп келеміз. Кейін жастар, ересектер құрамасына өтті. Әлем чемпионатында жеңіліп қалған жігіттерге өкпеміз жоқ. Шамасы келгенше бар амалын жасап, өнерін көрсетті. Оларға бала кезінен құлағына құйып келе жатқанымыз бір нәрсе ғана: «Рингке шыққан соң күш-жігер мен айла-тәсілді мүмкіндігінше орынды пайдалану керек. Ең бастысы, басты бұғып қалмай, еш қорықпай, сасқалақтамай өзіңе нық сенімді болыңдар», – дейміз. «Ал дәл қазіргі сәтте қарсыластарың сендерден мықты болып тұрса, ештеңе етпейді. Жіберген қателікті түзеп, келесі жолы жеңу үшін еңбек етеміз», – деген мотивация береміз. Сондықтан ешкімді «жеңілді» деп ойламаймын.
Иә, кейбір тұста қателіктер болды. Барлығын жазып алдық, енді жұмыс істеу керек. Бұл қателіктерді түзейміз. Қазіргі бокстың деңгейі бұрынғыдай емес, бәрі қарқынды дамып жатыр. Бокс бір орында тұрған жоқ. Қазір кез келген жекпе-жекте жеңіске оңай жете алмайсың. Қай мемлекеттің спортшысы болса да, ешқайсысы оңай шағылатын жаңғақ емес. Олар да физикалық тұрғыдан мықты. Бұрын кейбір елдердің деңгейі төмен болатын, қазір ондай командалар жоқтың қасы.
Шүкір, бізде де бокс мектебі жақсы жолға қойылғанның арқасында солармен қолғап түйістіріп келеміз. Арнайы техника, әдісті ұтымды пайдаланып жеңіп те жүрміз. Болашақта жіберген қателіктен сабақ алып, әрі қарай шыңдала түсеміз. Сондықтан оларға «5» деген баға қоюға болады. Соңғы төрт жекпе-жекте жігіттеріміз жеңісті жұлып алды. Мұндай айқастар турнир бойы көп болды. Кейде төрешілер алғашқы раундты қарсыластарға беріп жіберетін, бірақ біздің боксшылар функционалдық дайындығы мен мінезінің арқасында жеңісті өз қолына алды. Жігіттер бар күш-жігерін салғанына және өзім де қазақ жанкүйерлерін жерге қаратпағаныма қуаныштымын.
Біз тарихты жаңарттық. 90 келіден жоғары салмақта бізде бұрын-соңды әлем чемпионы болмаған. Бұл – алғашқы тарихи оқиға. Екінші, бір отбасынан шыққан екі бауырдың бір турнирде алтын алуы бұрын болмаған. Тағы бір маңызды жаңалық – Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан алтын алып, екі дүркін әлем чемпионы болды.
– Командалық есепте көш бастау үшін Айбек Оралбайдың жекпе-жегі шешуші сәт болды ғой...
– Иә, біз әр жекпе-жектің алдында таңертең салмақ өлшеуден кейін жиналып, әңгімелестік. Әр қарсыласқа жеке дайындалып, тактикалық әрі техникалық әдістерді жоспарлаймыз. Мысалы, Айбек Оралбайдың финалының алдында біз оған: «Бізде қазірдің өзінде үш әлем чемпионы бар, тарихты жаңарттық, жігіттеріміз екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сенің жеңісің бізге өте қажет. Өйткені, дәл осы жеңістің арқасында біз командалық есепте бірінші орынды иеленеміз. Сенің жеңісің бүкіл Қазақстанға керек!», – деп айттық. Тіпті, екінші раундтан кейін төрешілер жеңісті өзбек боксшысына беріп жатса да, Айбек соңына дейін күресіп, сол жекпе-жекте жеңісті жұлып алды.
– Ал Мырзағали Айтжановтың шәкірті Тоғанбай Сағындықовтың неге жолы болмады?
– Ол да қолынан келгенін жасап бақты. Оның алдындағы жекпе-жектерде де оқ бойы озық тұрды. Сағындық Тоғамбай 90 келіге дейінгі салмақтың ширек финалында өзбекстандық Турабек Хабибуллаевпен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы өзбек боксшысын «қуалады». Бірақ Хабибуллаев айласын асырып, «алдап» кетіп, басымдық танытты.
– Құрама сапындағы қыздар жайлы да пікіріңізді білсек.
– Қыздардың боксы туралы айта алмаймын. Бірақ бәріміз бір құрамада болдық. Оларға бағаны бас бапкері бергені орынды. Дегенмен, біздің қыздар Әлия, Мәншүк апасы сияқты батыр, өжет. Құрамадағы 6 қыздың бәріне жанкүйер болдық. Жеңген сәтте көзімізге жас алдық.
– Париж олимпиадасынан кейін «қазақ боксының күні батты» деп айтқандар болды. Ал сіздің бас жаттықтырушы ретінде тағайындалғаныңызға тура 1 жыл болыпты. Келген бетте жұмысты неден бастап, нені қолға алдыңыз? Басты кемшілік неде екен?
– Осыны айтып жүрген азаматтардың пікірі қисынсыз. Бокс біз жоқ кезде де болған. Одан кейінгілер де, қазіргі мамандар да бұл спорт түрін дамытып, қал-қадерінше көтеріп жатыр. Біз кетіп қалсақ та, қазақ боксының тасы өрге домалай береді. Әр облыста бокс спортын ілгерілетуге күш салып жатқан мықты бапкерлер бар.
«Мемлекетті, кез келген ұлтты құрту үшін – атом бомбасы немесе зырыманды танкілер керек емес, тек білім беру жүйесін бұзып, ұстаздық еңбектің құнын түсірсе жеткілікті» деген тәмсіл бар ғой. Сол айтқандай, ең алдымен, бапкерлердің дәрежесін көтеріп, оларға әркез қолдау көрсетуіміз керек. Себебі, спортшылардың жеңіске жетуіне жаттықтырушының еңбегі орасан.
Қазір Кубада бокс спорты құлдырап барады. Неге десеңіз, бапкерлердің бәрі жан-жаққа тарап, басқа елдерде жұмыс істеп жүр. Сондықтан тәжірибелі, білікті жаттықтырушыларды сақтап қалу керек.
– Сол кезде «Бас жаттықтырушыны ауыстыру керек...» дегендер де болды. Бұл жеңіліске бас бапкердің кінәсі қаншалықты деп ойлайсыз?
– Бізге дейінгі бапкерлер де аянбай жұмыс істеді. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ешкімді бөліп, жармаймын. Егер бәріміз ауызбіршілікте жұмыс атқарсақ, талай биік белесті бағындырамыз. Біздің жігіттер жанып тұр. «Көзінде от, бойда сенім жоқ» деген жаңсақ пікір. Кеше ғана жеңісті жұлып алған оларды нағыз батырға теңер едім. Сондықтан «Қазақ боксының күні батты» деп айту мүлдем орынсыз. «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді» демекші, әрқашан бір-бірімізді қолдап, жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып еңбек етсек, жеңіс тұғырынан түспейміз деп ойлаймын. Ол үшін «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» әрекет жасасақ болғаны. Алатын белес әлі алда.
– Парижде кеткен есені 2028 жылы АҚШ-тың Лос Анжелес қаласында өтетін олимпиадада қайтарамыз деген сенім бар ма? Бұл бәсекеге дайындық басталып кетті ме?
– Алла сәтін салса, үш жылдан кейін біздің қыз-жігіттер олимп шыңын бағындыратынына сенім мол. Біз дайындықтан қол үзген жоқпыз. Ливерпульдегі жеңіс те сол жемісті дайындықтың нәтижесі.