22 июля 2020 г. 15:31

Сот Энергетика вице-министрлерінің ісін қараудан НЕГЕ бас тартты?

Аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған Энергетика министрлігінің екі бірдей орынбасары Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевке қатысты сот процесіне әлі нүкте қойылған жоқ. Екеуіне де Щучье-Бурабай демалыс аймағындағы көлді тазартуға бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылған еді.

Алайда, елордада 2 жылдан астам уақытқа созылған іс аудандық соттың қаулысымен прокуратураға қайтып келді. Осы уақытқа дейін келтірген дәлелдер мен сөз алған куәгерлердің пікірін топшылай келе сот процесі тәмәмдалуы тиіс болған. Тіпті, сот Айжан Құлбаеваның қаулысының өзі тексеру органдарының заңбұзушылыққа жол беріп, айыпқа тартылғандарды ақтап алудың амалы қарастырылғанын меңзейді.  

Қылмыстық істің басталғанына – 2 жыл 4 ай. Бір ғана тергеу ісінің өзі 20 айға созылды. Жемқорлыққа қарсы қызмет қанша уақыты мен күш-жігерін сарп етсе де, Энергетика министрлігінің бұрынғы екі бірдей орынбасары Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев және одан бөлек айып тағылған 6 азамат – кәсіпкерлер мен басқа да шенеуніктердің  жазықты екенін дәлелдей алмады. Неге? 2018 жылы көктемде қуаныштан жүрегі жарылардай боп, бүкіл БАҚ өкілдерінің алдында олардың ақша қымқыру әрекетінің үстінен түскен бейнежазбасын жариялғаны қайда? Енді келіп  бейнежазбаның бұл іске қатысы жоқ екені анықталып жатыр.

Айталық, айыптау актісінде дәл қазір халықаралық іздеуде жүрген «Аймақ и К» ЖШС мердігер компанияның қожайыны Қазбек Баттақов Щучье-Бурабай курортты аймағының көлін тазарту бойынша жұмыстарды қабылдау кезінде бюджет қаржысын жымқырды делінген. Ол өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін бұл іске екі вице-министрді тартады. 2015 жылы Бақытжан Жақсалиев 740 млн теңгеден астам қаражат жұмсауға болатын жалған орындалған жұмыстың актісіне қол қойса, ал Ғани Сәдібеков жобаны заңсыз жүйелеп, бюджеттің 2,7 млрд теңгесін қолды қылуға мүмкіндік берген. Тергеу барысында бірқатар сот сараптамасы жүргізіліп, талай куәгерден жауап алынды. Бұдан бөлек жедел-іздеу жұмысы жүзеге асып, шамамен 800 сағатқа созылған телефон әңгімелері тыңдалды.

Ал, әу бастағы жобаның маңызына келсек, Щучье-Бурабай курортты аймағының көлін тазартып, кәдеге жарату болған. Яғни, мұндағы шарт – судың көлемін сақтай отырып, оны оттегімен байыту. Мұны аэрация дейді. Мұндай экологиялық жұмыс әлемнің барлық елінде жүргізіледі. Осы үрдісті Щучье-Бурабай демалыс аймағында жүргізу жоспарланған. Ол үшін бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арнайы жоба дайындаған. Жобаны аяқтау 2018 жылға жоспарланып, нәтижесінде Қарасу, Шучье-Бурабай көлі толықтай тазартылуы тиіс еді. Алайда, көп уақыт өтпей Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «аш бәледен қаш бәлем» деп жобаны Энергетика министрлігіне ысырады. Жоба жасақталып, бекітілгеннен кейін жұмысты Қарасу көлінен бастау қолға алынып, отандық мердігер компаниядан бөлек шетелдік мамандар да тартылды. Осы кезде Жемқорлыққа қарсы қызмет бұл жоба аясында ақшаның желініп жатқанын мәлімдеп, 2018 жылдың наурыз айында жобаға қатысы бар жауапты тұлғалар мен мердігерлерді ұстап, құралдар мен техниканы, құжаттарды тәркіледі. Осылайша, 2 жылдан астам уақыт көлдерді тазалау жөніндегі жұмыс тоқтап тұр.    

Тергеу амалдары да аяқталып, 2019 жылдың желтоқсан айында елорданың Байқоңыр аудандық соты сот процесіне кіріскен еді. Барлық куәгерден жауап алынды. Істің себеп-салдары ашылуы үшін дәлелдер де есепке алынды. Тіпті, негізгі куәгерлер сөзінен тайқып шыққан кездері де болды. Осы тұрғыда судья Айжан Құлбаеваның қаулысында көрініс тапқан маңызды тұсқа тоқтала кетсек. Біріншіден, сот неге екені белгісіз, бұл қылмыстық іс бойынша екі негізгі фигурант жауапкершілікке тартылмайтынын тілге тиек етті. Олар кәсіпкерлер Баттақов пен Кан мырза.

«08.09.2018 жылғы №170001311000094 қылмыстық іс қаулысында ҚК 189 бабы, 4 бөлімі, 2 пункт бойынша К.С.Баттақов пен О.А.Кан-ға және басқа да азаматтарға қатысты бөлек материал қарастырылды. Істі тексеру барысында К.С.Баттақов ақшаны жымқыру әрекетінің басты белсендісі ретінде танылып, Энергетика министрлігінің екі орынбасарын жеке мақсатына пайдаланған. Алайда, одан осы іс бойынша жауап алынбады және сотқа тартылғандардың біреуі де оған қатысты түсініктеме берген жоқ. Бұл О.А.Кан мырзаға да қатысты. Қаулыда К.С.Баттақов 2010-2015 жыл аралығында мемлекеттік сатып алу бойынша сол кездегі Астана қаласының Шаруашылық қызмет және автомобиль жолдары басқармасымен «Қазэнергоинвест» ЖШС-мен бірге келісімге қол қойып, 38 млрд теңгеге инженерлік желі жүргізуді мойнына алады. Оның 23,8 млрд теңгесіне ғана жұмыс атқарылған. Яғни, ол «Қазэнергоинвест» ЖШС жетекшісі бола жүріп, «Аймақ и К» ЖШС арқылы оффшорлық компаниялардың есепшотына ақша аударып, ізінше көзін жойып отырған».

Яғни, Баттақов пен Канға қатысты материалдарға онша назар да аударылған жоқ. Олар сот алдында жауап берген де емес. Бұл не? Тергеу ісінің қателігі ме, әлде жауапкершілікті елемеу ме?

«Алайда, сот айыптау актісінде бұрынғы вице-министр Т.А.Ахсамбиевтың қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін осы істегі екі фигурант вице-министрлердің баламалық ісімен қатар қарады. Бірақ оны қылмыстық жауапкершіліке тарту қарастырылған жоқ».

Осы жерде тағы бір сауалдың басы қылтияды. Жемқорлық әрекетке қатысы бар қылмыстық істі тексеру кезінде лауазымды тұлғаларға дәл осылай жеке көңіл бөлу рұқсат етілген бе?

Әрі қарай тіптен қызық. Бір қызығы, сот іс бойынша ақша қымқыру көлемі анықталған жоқ дейді. Эксперт К.К.Молдахметовтің қорытынды сараптамасына көз жүгіртсек, әртүрлі математикалық айла арқылы жымқырылған ақшаның сомасы 3,5 млрд теңге деп шығарған. Бұл қорытындыға Орталық сот сараптамасы басқаша түсініктіме берді.

«Сот эксперт Молдахметовтің шешімі шындыққа жанаспайтынын айтты. Алматы аудандық сотының 11.10.2019 жылғы шешімі бойынша Молдахметов экспертиза жасау барысында ҚР заңын өрескел бұзғаны үшін лицензиясынан айрылды. Соттың пікірінше, бұл процестегі шешім негізсіз болып қала береді. Бұл заң бұзушылық қылмыстық іс жөнінде нақты шешім шығаруға кесірін тигізді».

Осыдан кейін іс біраз уақыт тоқтап қалып, осы жылдың көктемінде қайта жалғасқан. Енді бұл іске кешенді сот сараптамасы жүргізіліп, смета құжатында жазылған ақзаның шынымен жымқырылғанын анықтау керек болған. Бүкіл жұрт төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантинде жатқанда сарапшылар да барлық материалды зерттеуге кірісті. Алайда, олар өз шешімінде сот сұрағына жауап бере алмайтын мәселелер барын айтқан. Соттың пікірінше, бұл шешім де үкімге негіз бола алмайды. Тағы бір сараптама жүргізудің қажеті шамалы. Яғни, сот процесі басталған уақыттан бері Қарасу көлінің қанша көлемі тазартылғанын анықтай алған жоқ. Себебі, қазір тазарған аумақтың өзі жыл сайын өзгеріске ұшырауда.  

Ал, қылмыстық істегі қымқырылған қаржыға келсек, болжалды соманың кімге тиесілі болғаны, қайда және қанша екені белгісіз.     

«Қымқырылған қаржыны кім және қайдағы оффшорға салынғаны, оның Қазақстан республикасына қайта келу тетігі, қандай топ мүшелері арасында тартысқа түскені анық емес. Айытпаудың осы бөлігінде мұны қарастырып, оны дәлелдеуге де болмайды», делінген судья Құлбаевтың сауалында.  

 Бір қызығы, осы істің «тарихынан» түйгеніміз – жәбірленушің жоқтығы. Әрине, кез келген жемқорлық қылмыстан мемлекет зардап шегетіні сөзсіз. Сот қаулысы бойынша, 2018 жылдың қараша айында іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, аяқталса да, қай мемлекеттік органға мүліктік залал тигені нақты айтылмаған. Сондықтан сот Айжан Құлбаева осы заңсыздықтарды ескере келе, істі қайтадан прокуратураға жолдауды құп көріпті. Ал іс бойынша айыпқа тартылғандар сот талабын орындап, ел ішінде тұрып жатқан орнынан тапжылмауы керек. Себебі, оларға тағылған заңбұзушылық сот актісінің 10 бетін алғанын айта кеткен жөн.

Алайда, осындай қаулы бойынша істі қайта алған Бас прокуратура заңсыздықтарды ретке келтіріп, істі қайтадан сотқа жібере ме, бұл да күмәнді. Сонда сот алдында жауапқа тартылып жатқан айыптылар өздерін «қылмыскер емеспіз» деп дәлелдеуі үшін тағы қанша жыл керек?

Тегтер: