10 августа 2020 г. 20:02

Сот ақша жымқырған «ҚазМұнайГаз» топ-менеджерлерін НЕГЕ жарылқады?

Фото:

Өткен аптада «Время» газетінде мемлекеттік компанияға шектірген 2 млн доллар залалды оп-оңай қалай өтеуге болатыны жайында қызықты мақала жарияланды. Бұл әңгіме неден шықты? Еске сала кетсек, «Мұнай экология» компаниясы» ЖШС-ның екі топ-менеджері мен «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ басқарма директоры Серік Баймұханбетовқа өзгенің сеніп тапсырған мүлігін қолды қылғаны үшін айып тағылған болатын.

Тергеу амалдары көрсеткендей, мердігер бір учаскедегі мұнайды бір рет тазалағаны үшін екі есе ақы алған. Нәтижесінде тапсырыс беруші 2 млн АҚШ долларынан астам қаржыдан қағылған. Бұл сол кезде 335 млн теңге шамасына тең еді.     

Алайда, «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС-ның дер кезінде жүргізген тексеруінің арқасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның есепшотына тура осы көлемдегі ақша түскен. Бір қызығы, осыдан кейін Жоғарғы сот жауапқа тартылған үш азаматтың да жазасын жеңілдету туралы шешім қабылдапты. Тіпті, «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС сот арқылы өзіне сол 335 млн теңгені қайтарып алғаны қызық жайт. 

Бұл істе ең басты рөл – Серік Баймұханбетовте. Ол тендер өткізуге жауапты болып қана қоймай, миллиондарды жымқыру кезінде де өз «үлесін» асап үлгерген. Ол бұдан бөлек Серік Баймұханбетов «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясына жұмысқа ауысқан соң «Мұнай-Экология» компаниясы қожайынының бірі ретінде өзінің үлесін інісіне сыйға тартқан. Әу баста сот оған 8 жылға бас бостандығынан айыру шешімін шығарса, кейін мерзімді 5 жылға азайтады. Ең сорақысы, ол бұл жазаны да өтемей-ақ шартты түрде уақытынан бұрын босатылады. Алайда, басқаға қатаң әділ сотымыз Баймұханбетовке келгенде неге жұмсара қалды? Тіпті, бұл жылымық оның отбасына да оңынан тигенге ұқсайды.

Атап айтқанда, былтырғы жазда Серік Баймұханбетовтің қызы Айбөпе Баймұханбетова алпауыт бір компанияға бірлесіп қожалық етуші ретінде Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз түсірген. Неге дейсіз ғой?! Ол 2017 жылдың 20 қарашасы мен 2018 жылдың 20 наурызында ЖШС қатысушыларымен бірге өткен екі жиналыс шешімін жоққа шығаруды талап еткен. Десе де, компания басшылары дәл осы жиналыс барысында  тауар белгісін сатып, ұйым атын «Моден БС» деп өзгертіп, сондай-ақ бас директорын ауыстыру жөнінде мәмілеге келеді.

Міне, сот процесі кезінде мұндай заңсыздық жиі орын алса да, сот орындаушыларының мейлінше бейтарап қарауға тырысқаны көрініп тұр. Таяқтың бір ұшы осы сот ісіне төрағалық еткен Алма Мұхамедьяроваға да тиеді. Ол 2019 жылдың 22 тамызында аталмыш фирмаға тиесілі компанияның атын өзгертуде тұрған ештеңе жоқ екенін айтып, істің «жемқорлардың» тарапына оң шешілуіне мүмкіндік туғызған. Бірақ Мұхамедьярова ханым ойлана келе 26 тамызда, яғни 4 күннен кейін өз сөзін өзі жоққа шығарады. Былайша айтқанда, соттың қысқа уақытта 180 градусқа бұрылып кеткені таңғалдырады. Осыдан кейін судья сатып алынған бренд атауын тіркеуге, енгізуге үзілді-кесілді тыйым салады.  

Тағы бір маңызды жайт – Баймұханбетовтің қызы Айбөпе Баймұханбетованы мемлекеттік  баж салығын төлеуден босатуы. Алайда, тауарлық брендті сату-сатып алу келісімі бойынша 16 млн теңгенің құжаты қолға түскен.  Мұны жауып-жасыру қаншалықты заңды?

Сот ісіне Баймаханбетов туыстарының қатысы болғаны сөзсіз ескеріліп, сот оларға арнайы шақырту қағазын жіберсе де, діттеген жеріне жетпеген. Тіпті, Айбөпе Баймұханбетоваға жолданған қағаз жөнелтушіге қайта келген. Себебі, ол кезде Баймұханбетовтің қызы шетелде жүргені белгілі болды. 

Қалай десек те, сот Алма Мұхамедьярова Баймұханбетовтің жағына шығып, соның барлық талаптарын қанағаттандыруға тырысқаны анық көрінді. Ең қызығы, ол мұның бәріне кезекі еңбек демалысына, яғни 29 тамызға дейін нүкте қойғысы келген. Алайда, сот ісі бойынша қарауға алынған фактінің бәрі бізді ғана емес, кез келген адам баласын ойландырмай қоймайтыны анық. Тіпті, кейбір әділ соттың өзі Қылмыстық кодекстің 418 бабын естен шығарып алатын сияқты. Онда: «Судьяның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруы – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады...» делінген жоқ па еді?

Осы қылмыстық әрекеті үшін қаншама судьяның сотталғаны да белгілі. Оның айқын мысалы ретінде судья Күлпәш Өтемісованың тапсырыс арқылы кісі өлтіріп, 12 жылға бас бостандығынан айрылған жауыз бизнесмен Александр Сутягинскийді бостандыққа шығаруын айтуға болады. Бұл 2013 жылы болған оқиға. Одан бері Александр Сутягинский халықаралық іздеуде жүр. Есесіне, судья Күлпаш Өтемісова 4,5 жылға сотталып кете барды.

Мұны неге айтып отырмыз? Өтемісованың әріптестері осы оқиғаны бір уақыт еске түсіріп қойғаны абзал болар еді. Бәлкім, қажет деп тапса, әр жылдары әртүрлі әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған судьялар Андрей Штейнке (алаяқтық әрекет үшін 3,5 жылға), Бекет Батырханова (пара алғаны үшін 4 жылға), Алтынбек Баяновтың (пара алғаны үшін 4 жылға) суретін Сот съездерінде экранға шығарып, тайға басқан таңбадай етіп көрсету керек шығар? Әйтпесе, біздің шаң жуымас әділ сотымыз да жемқорлық жайлаған құрылымға айналып барады.

   Бүгінде Серік Ғабитұлы – құрметті кәсіпкер, BSG Technology ЖШС директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары. Сәйкестік пе, әлде басқа ма, бұл компания да мұнай қалдықтарын тазалаумен айналысады. Тіпті, Баймұханбетов бір ақпарат құралына компанияның жетістігі жайында айта келе, былтыр Әбу-Дабиде өткен ADITEC-2019  көрмесінде стенді жоғары бағаға ие болғанын да айтыпты. 2 млн долларды жымқырып қана қоймай, мерзімінен бұрын шығып, енді өзінің серіктестерімен Алматы соты арқылы соттасып жүрген Баймұханбетовке не деуге болады?

Тегтер: