Сержант Садыкова – өрт сөндіру қызметінің «нәзік күші»
Төтенше жағдайлар саласы мен оның жұмысы көп жағдайда жұрт көзіне ілігіп, жадында сақтала бермейді. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халық басына қиын хал түскенде жанынан табылатын төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бар мақтауға лайық. Аталған салада біз біле бермейтін талай жан, түрлі мамандық бар.
Nege.kz тілшісі Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №5 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Қалипа Садықовамен тілдесіп, осы саланың, мамандықтың қыр-сырын сұрап білді.
– Қалипа, нәзік жандылар үшін төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ету оңай емес шығар. Неге дәл осы саланы таңдадыңыз?
– Осы күнгі жастар «мамандықтық таңдау маңызды» деп жалақысы жоғары, мансап қууға қолайлы мамандықтардың соңынан жүгіреді. Меніңше, мамандық таңдамас бұрын «Бұл қолымнан келе ме? Қаншалықты кәсіби тұрғыда маман боламын?» деген сауалдарға іштей нақты жауап бергені жөн.
Ал, мен бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Бала күнімнен армандадым десем, артық айтпаспын. Әкем Орынтай Момбайұлы Құлтанов өрт сөндіру саласында 30 жылдан астам қызмет етіп, полковник шенінде зейнеткерлікке шықты. Әкемнен алған тәлім, көрген тәрбие мені осы салаға жетеледі.
Әкем секілді болсам деп жастайымнан алдыма мақсат қойдым. Адамдарға көмек қолын созудың қандай сауапты іс әрі бақыт екенін отбасымнан көрдім. Ал, біреуге көмек қолын созу үшін міндетті түрде ер азамат болуың шарт емес. Мейлі сен бала бол, дана бол, ер бол, әйел бол, бастысы, қалауың болса тауды да қопарасың.
– «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей-ақ екен. Үйдегі тәлім мен тәрбиені біліммен қалай ұштастырғаныңыз оқырман үшін де қызық болар деген ойдамын. Қандай оқу ордаларында білім алдыңыз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, бұл салаға келуді бала күннен армандадым, «қайтсем де төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істеймін» деп алдыма мақсат қойдым. Осы мақсат жетелеп автомеханикалық колледжге түсуіме ықпал етті.
Ел тәуелсіздігін жариялап, егемен ел ретінде таныла бастаған 1993-1996 жылдары кәсіби маман болу үшін мен де барымды салдым. Сол кезде ойымыздағы «Тәуелсіз елге қай салада болсын мықты, сауатты, кәсіби мамандар керек» деген жігер бойымызға күш-қайрат дарытатын. Сол қайраттың арқасында оқуды бітірген бойда Шымкент қаласындағы №43 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналастым.
– Оқу орнын жаңа бітірген жас маманға жауапкершілігі мол жұмыстарды атқару кезінде қиындықтар кездескен шығар?
– Қандай салада еңбек етсең де, жаңа бастағаннан кейін қиындық кездеседі. Ортаға сіңісіп кетудің өзі уақыт алады. Алғашқы жылдары жұмыс істеу қиын болды. Өйткені біздің қызметте әр ісің мүлтіксіз болуы керек. Қоңыраулар кезінде жиі қобалжитынмын. Жанымдағы әріптестерім қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсеткеннен кейін оны да жеңдім.
Жалпы, уақыт өте келе кез келген қиындықты еңсеруге болады. Әр қиындықтан тәжірибе жинайсың дегендей. Айта берсең көп. Бастысы, мақсатқа бейімділік пен табандылық болса жеткілікті. Жаңа әрі жас маман болып жұмысқа кірікен шағымда ір іске мұқияттылық танытуды әдетке айналдырдым. Соның арқасында осы мамандықтың, яғни, радиотелефонистиканың қыр-сырын меңгердім.
– Қызметке тұрған, басқа бөлімге ауысқан кезеңдер есіңізде шығар?
– «Оқуды бітірген бойда Шымкент қаласындағы №43 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналастым» дедім ғой. Сол жерде 1997 жылға дейін еңбек еттім. Одан кейін осы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №5 өрт сөндіру бөліміне қызметке тұрдым. Жиырма бес жыл, яғни, ширек ғасыр осы департаментте, осы бөлімде радиотелефонист маманы ретінде еңбек етіп келемін. Бұл біреуге аз, біреуге көп болып көрінуі мүмкін. Ал, бұл – менің өмірімнің ең аяулы жылдары, ең қызықты жылдары өткен ыстық мекен. Тіпті, екінші шаңырағым десем де артық болмас.
– Сіз жайлы әріптесеріңізден сұрағанымызда «Жұмыста ол – радиотелефонист. Салмақты, жауапкершілігі мол, дер кезінде шешім қабылдай алады. Ал, үйінде басқа әйелдер секілді сүйікті жар және қамқор, мейірімді ана. Біздің әріптесіміз өрт сөндіру қызметінің нәзік күші, сондай-ақ, өз ісінің маманы» деген пікір естідік. Азаматтық қорғау органында 25 жылға жуық қызмет атқарып келе жатыр екенсіз, отбасында, ошақ қасында қандай жансыз?
– Өзге де әйелдер секілді үй шаруасымен айналысамын. Бақытты әйелмін. Өйткені, Алла берген 4 бірдей балам бар, көпбалалы анамын. Жолдасым да алыстан емес, осы саланың жай-жапсарын біледі, ол да 30 жыл өмірін төтенше жағдайлар саласына арнап, зейнетке шықты. Сөз басын «мен бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын» деп бастауымның мәні осында. Тағдырдың жазғаны сол, әкем төтенше жағдайлар саласын жанындай жақсы көрді, мен де сол жолды таңдадым. Осы жолда жүріп өмірлік серігімді таптым.
– Кей-кейде неге басқа мамандық таңдамадым деген ойлар болмай ма?
– Осы саланың өзі отбасымыздың ырыс-несібесін арттырды. Тәубе! Жылдар бойғы қызметім үшін Департамент және Қызмет бастықтарының алғыс хаттарымен марапатталдым. Демек, өз ісімді адал әрі кәсіби атқардым деп ойлаймын. Ең бастысы, Отанымыз үшін құрметті және жауапкершілігі жоғары мамандықпен өмірімді байланыстырғаным үшін және еліме жасаған осы қызметті абыройлы міндетім деп санаймын!
– Сұхбатыңызға рахмет!