Сарапшы: Қазақстанның келісім моделі этносаралық тұрақтылықты сақтап отыр

ҚР МАМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының орталық директоры Жансая Ақанованың саралауынша, Қазақстанның келісім моделі этносаралық тұрақтылықты сақтап отыр.

nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Сарапшының сөзінше, елдің ұлтаралық келісім моделі жай ғана саяси мәлімдеме емес, ғылыми негізі бар, нақты тетіктермен жұмыс істейтін жүйе. Жансая Дабылқызы бүгінгі саясаттың өзегі этносаралық қатынастарды елдің стратегиялық даму бағдарымен біте қайнастыра қарастыруында.

ҒЫЛЫМИ МОДЕЛЬ

Сарапшының айтуынша, бұл модель кешенді әрі көпқабатты жүйе ретінде қалыптасқан.

«Қазақстанның ұлтаралық келісім моделі – кең ауқымды саяси ерік-жігерге, құқықтық базаға және институционалдық тетіктерге сүйенген кешенді жүйе. Оның негізгі ерекшелігі – этносаралық қатынастарды мемлекеттің стратегиялық даму басымдықтарының бір бөлігі ретінде қарастыруы. Бұл модель тек мемлекеттік саясат шеңберінде ғана емес, әлеуметтік ғылымдарға, тұрақты мониторинг пен алдын алу механизмдеріне арқа сүйейтін көпқабатты құрылым ретінде жұмыс істейді», – дейді маман.

nege.kz/сарапшының жеке архивінен

Оның айтуынша, Қазақстан этностық сан алуандылықты тәуекел көзі ретінде емес, керісінше, қоғамның ішкі тұтастығын нығайтатын әлеуетті ресурс ретінде қабылдайды. Осы ұстаным негізінде тіл саясаты, этномәдени бірлестіктер, Достық үйлері, медиаторлық институттар мен сараптамалық құрылымдар секілді тетіктер жүйелі түрде өрістеп келеді.

НЕГІЗГІ ТЕТІКТЕР

Сарапшы келісім моделінің мазмұндық мәйегі бірнеше бағытта айқын аңғарылатынын атап өтті. Біріншіден, ғылыми-эксперттік сүйемелдеу. Этносаясат тек қағаз жүзіндегі нормалармен шектелмей, әлеуметтанулық зерттеулермен, эмпирикалық деректермен бекітіледі. Маманның сөзінше, бұл қазіргі саясаттың жалаң ұран емес, нақты дерекке сүйенген пәрменді құралға айналуына жол ашады. Екіншіден, тұрақты мониторинг пен тәуекелдерді ерте бағалау ісі. Қоғамдағы ықтимал шиеленіс ошақтары дер кезінде анықталып, алдын алу шаралары уақыт оздырмай ұсынылады. Бұл тәсіл модельдің превентивтік сипатын күшейтіп отыр. Үшіншіден, институционалдық диалог мәдениетінің орны ерекше. Қоғамдағы көзқарас алшақтығы қақтығысқа ұласқанша, түрлі диалог алаңдары арқылы мәмілеге келу мүмкіндігі қарастырылған.

«Осы компоненттердің жиынтығы Қазақстан моделін жай ғана «бейбітшілік сақтау құралы» емес, әлеуметтік тұрақтылықтың заманауи архитектурасы ретінде сипаттауға мүмкіндік береді. Қазақстанның келісім моделі этносаралық тұрақтылықты сақтап отыр дер едім», – дейді Жансая Ақанова.

Жансая Дабылқызының пайымынша, бұл бастамалар этносаралық келісімді бекемдеуде нақты нәтиже беріп отыр. Әсіресе ақпараттық-коммуникациялық алдын алу, қауесет пен дақпырттың алдын кесу, жергілікті деңгейдегі түсіндіру жұмыстары қоғамдық ахуалды тұрақтандыруда маңызды рөл атқаруда.

«Жастармен бағытталған жұмыс және мәдени-интеграциялық жобалар. Жастар ортасында этносаралық мәдени байланыстарды кеңейту, ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған жобалар шиеленістерді азайтуда маңызды рөл атқарады. Институттың аналитикалық журналдары мен зерттеу мақалалары этносаясаттың теориясы мен практикасындағы үрдістерді сараптайды. ЖАО-дың қызметкерлері үшін әдістемелік құрал дайындайды. Бұлар қоғамдық пікір көшбасшылары мен практикалық мамандарға нақты аналитикалық құралдармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

ТИІМДІЛІК ПЕН НӘТИЖЕ

Институттың аналитикалық басылымдары мен зерттеулері этносаясаттың теориялық және практикалық қырларын терең талдап, жергілікті атқарушы органдар үшін әдістемелік негіз қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, этномедиаторларды даярлау, семинар-тренингтер өткізу арқылы кәсіби сарапшылар шоғыры жүйелі түрде қалыптасқан. Жансая Ақанова бұл ретте қазірге дейін жасалған шаралардың нәтижесін мысалға келтірді. 

«2021 жылдан бері институт түрлі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар, БАҚ өкілдері үшін оқыту іс-шараларын өткізіп, 1000-нан астам тыңдаушыны қамтыды. Осы бағыттар этносаралық әлеуметтік процестерді жаһандық және жергілікті контекстте объективті бағалауға мүмкіндік беріп, практикалық саясатты ғылыми негізде құруға ықпал етеді», – деп пайымдады маман.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ақпарынша, халықаралық тәжірибемен салыстырғанда, Қазақстан моделі үйлесімді интеграция қағидатына сүйенетіндігімен дараланады. Мұнда этностардың мәдени ерекшеліктерін сақтау мен ортақ ұлттық бірегейлікті қалыптастыру қатар өрбиді. Жансая Дабылқызы мұны ассимиляция мен классикалық мультикультурализмнің арасындағы тепе-теңдікті тапқан өзіндік симбиоз деп бағалады.

«Артықшылықтары: этностардың құқықтарын заңмен бекіту және мемлекеттік институттар арқылы қорғау; этномәдени көптүрлілікті қолдау идеясын жүйелі үйлестіру; конфликтілердің алдын алу жүйесінің көпдеңгейлі сипаты; ғылыми сараптамаға негізделген саясатты іске асыру. Бұл тәсіл этносаралық тұрақтылықты тек құқықтық нормалар арқылы емес, әлеуметтік интеграция мен қоғамның құндылықтық бірлігі арқылы нығайтады», – дейді ол. 

Маманның сөзінше, халықаралық ұйымдар да Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесіне назар салып, жоғары баға беруде.

«Посткеңестік кеңістікте этносаралық қатынастар күрделі кезеңдерден өтсе де, Қазақстан тұрақтылықты сақтап отыр. Превентивті саясаттың тиімділігі мен ғылыми-аналитикалық инфрақұрылымның болуы елді аймақтағы қауіпсіз мемлекеттердің бірі ретінде танытып, халықаралық қызығушылықты арттырып отыр», – деді Жансая Дабылқызы.

Түйіндей келе, Этносаяси зерттеулер институтының орталық директоры Жансая Ақанова Қазақстанның ұлтаралық келісім моделі ұлтаралық татулықты ұран емес, нақты іс арқылы бекіткен, ғылыми негізге сүйенген заманауи жүйе ретінде бағалады.

Қазір оқып жатыр

Қостанайда масаң күйдегі бірнеше адам полиция қызметкерін тепкіге жықты

«Қолымыз байлаулы»: Саясат Нұрбек Qamalladin University жайлы сұраққа жауап берді

БҚО-да оқушылар мінген автобус жол апатына түсті

Прокурор Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады