USD
USD
USD

«Қолымыз байлаулы»: Саясат Нұрбек Qamalladin University жайлы сұраққа жауап берді

Блогер әрі кәсіпкер Диана Камаладинмен байланысты Qamalladin University абитуриенттерге небәрі екі жылда бакалавр дәрежесін алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Алайда бұл ұйым Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінен лицензия алмаған. Осы мәселеге қатысты ведомство басшысы Саясат Нұрбек пікір білдірді.

.
Фото: Саясат Нұрбек/баспасөз отырысынан үзінді

Астана, NEGE. Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Qamalladin University жарнамаларында ұйымның маркетинг және ІТ бағыттары бойынша білім беретіні, сабақтардың ұзақтығы небәрі 15–20 минут болатыны, ал екі жыл ішінде бакалавр дәрежесін алуға мүмкіндік бар екені айтылған. Сонымен қатар оқу аяқталғаннан кейін екі диплом берілетіні көрсетілген: бірі – ұйымның өз атынан, екіншісі – Швейцариядағы SITE университетінен.

Ұйым құрылтайшылары Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінен лицензия алмағанын жасырмайды. Соған қарамастан, олар мұны елеулі мәселе ретінде қарастырмайтын сыңайлы.

NEGE басылымы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Qamalladin University ұйымының Қазақстан аумағындағы қызметі қаншалықты заңды екенін сұрады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда ресми (формалды) жоғары білім беру қатаң заң талаптарымен реттеледі. Яғни бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын жүзеге асыру үшін міндетті түрде лицензия алу, аккредитациядан өту және белгіленген барлық талаптарды орындау қажет. Бұл талаптарға оқу ғимаратының болуы, білікті оқытушылар құрамы, кемінде 240 академиялық кредиттен тұратын білім беру бағдарламасы, сондай-ақ сапаны қамтамасыз ету жүйесі кіреді.

Саясат Нұрбектің мәліметінше, Qamalladin University министрлікке қарасты Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитетінен лицензия алмаған. Сонымен қатар олардың ел ішінде аккредитациядан өткені туралы да мәлімет жоқ.

«Бұл ұйым өзін университет деп атай алады, бірақ заң тұрғысынан толыққанды білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды», – деді министр үкіметтегі брифингте.

Ұйымның Швейцария университетінен «еуропалық үлгідегі диплом» берілетінін айтуы да оның Қазақстан аумағындағы қызметін ресми білім беру тұрғысынан алып қарағанда заңды етпейді.

Осы тұста заңдық тұрғыдан түсініксіз бір жағдай туындайды: егер ұйым формалды түрде жоғары оқу орны болмаса, неге ол өзін «университет» деп атайды және адамдарды жаңылыстырмау үшін құрылтайшыларына «университет» сөзін ұйымның атауынан алып тастау туралы талап неге қойылмайды?

Министрдің түсіндіруінше, мәселенің түп-төркіні мынада: Қазақстанда бейресми білім беру қызметі лицензиялауға жатпайды. Мұндай қызметке әртүрлі қысқа мерзімді курстар, оқу орталықтары, сондай-ақ блогерлер немесе жеке ұйымдар ұсынатын білім беру бағдарламалары жатады. Бұл сала Кәсіпкерлік кодекспен реттеледі және ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайды.

Сондықтан, министрлік атауды өзгерту туралы талап қоя алмайды.

«Әзірге қолымыз байлаулы», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, егер Qamalladin University ресми түрде жоғары білім беру қызметін жүзеге асырғысы келсе, онда олар лицензия алу үшін өтініш беруі тиіс. Мұндай жағдайда олардың қызметі толық тексеріліп, барлық талаптарға сай келгенде ғана рұқсат беріледі.

Қазір оқып жатыр

Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаны ластағаны үшін 520 млн теңге айыппұл төледі

Атырау МӨЗ

Қостанайда масаң күйдегі бірнеше адам полиция қызметкерін тепкіге жықты

Полиция қызметкері

БҚО-да оқушылар мінген автобус жол апатына түсті

Мектеп автобусы

Прокурор Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Жақсылық Омар