Ниетбай Оразбаев: Қарақалпақтың жоғалтатын ештеңесі қалған жоқ
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстанның мәртебесіне қатысты конституциялық өзгерістерден бас тартқанын мәлімдеді. Десе де, қарақалпақтар мұны «жеңіс» деп бағалап отырған жоқ. Көңіл-күй құбылып тұр. Себебі, қан төгілді, мыңдаған адам жараланған. Ұшты-күйлі жоғалған адамдардың да қарасы аз емес. Өзбекстан Бас прокуратурасының ресми мағлұматы бойынша 18 адам қаза тауып, 243-адам жарақат алған, 516 адам абақтыға жабылған.
- Тақырыпқа орай: Қошқарбай Төремұратов: Өзбекстанның осал жері – Қарақалпақстан
Кейбір қарақалпақ белсенділері Өзбекстаннан бөліну жайында ашық айта бастады. Маңғыстау облысындағы қарақалпақтар диаспорасының төрағасы Ниетбай Оразбаев Қарақалпақстандағы қанды шілде оқиғасына қатысты NEGE-ге сұхбат берді.
– Ташкент Қарақалпақстанға қатысты Конституциялық өзгерістен бас тартты. Бұл жағдайды тұрақтандыра ала ма?
– Мирзиёевтің берген уәдесіне енді халық сенбейді. Қан төгіліп жатқанда, ел алдына шығып сөйлеген кезде мысқылдап күлген. Кешірім сұрауды да ар көрген. Ислам Каримов қанша жерден тиран болса да, айтқан сөзін орындайтын еді.
Конституцияға өзгеріс енгізу – тікелей Ташкенттің бастамасы. Себебі, біздің депутаттар ештеңе шешпейді. Өзгеріс ақырындап енгізіліп келеді. 1993 жылғы конституцияға 7-8 өзгеріс жасалды. Жоғары кеңестің өкілеттілігін алып тастаудан бастады. Ең соңғы шегі – Қарақалпақ Республикасының егемендігін, парламентінің заң шығару өкілеттілігін алып тастамақ болды.
Бұған дейін қарақалпақ халқы барлығына көніп келді. Үш аймақтан айырылғанымызды артынан бір-ақ білдік. Экологияның нашарлауы өз алдына бөлек әңгіме. Жұмыссыздық көбейді.
Өзбекстан «инвестиция тартып жатырмыз» дейді. Үстірттің үстіндегі қазба байлықтарды шетелдік компаниялар өндіріп жатыр. Қарақалпақстанның бірде-бір азаматы ол жерде жұмыс істемейді. Болса да, тым аз. Барлығын Өзбекстаннан әкеліп жатыр.
– Бұл дүрбелеңге тек қана Конституцияға енгізілетін өзгеріс қана емес, әлеуметтік жағдай да түрткі болып отыр ма?
– Енді біздің жоғалтатын ештеңеміз қалған жоқ. Халық содан кейін көтерілді.
– Наразылықты басу үшін қару қолданылды. Қайтыс болған адамдардың саны туралы нақты ақпарат жоқ. Сіздердің қолдарыңызда бұған қатысты қандай деректер бар?
– Интернет жүйесін енді қосып жатыр. Менің мағлұматым бойынша, шамамен отыз адамдай қаза тапқан. Төрт дерекке анық көзім жетіп отыр. Дерексіз жоғалып кеткен адамдардың да тізімі шығып жатыр.
Өзбекстанның қарулы күштері жарым-жартылай әкетілді деген де ақпарат бар. Себебі, Өзбекстанның басқа өңірлерінде де наразылық туып кете ме деп қауіптенген.
Қазір Нөкісте, басқа да қалаларда жазалау шаралары жүріп жатыр. Әскер, полиция үйді-үйге кіріп жүр. Әлеуметтік желілерде тараған жазбаларға қарағанда, олар, тіпті, әйелдерді де аяп жатқан жоқ.
Халықтың көтеріліп келгеніне түрткі болған жайт – журналист, құқық қорғаушы Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ұсталуы. Сол кезде Нөкісте көшеге мыңдаған адам шығып, құтқарып қалған-ды. Түнгі сағат он екілерде халық тарап кеткенмен, жүздеген адам қалып, Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үйін күзеткен. Түнгі төртте көп әскери күш келіп, күзеткен адамдар да, отбасын да алып кеткен. Ұшты-күйлі жоқ. Үйін бүлдіріп, талқандап кетіпті.
– Тәжімұратов ауыр хәлде жан сақтау бөлімінде жатыр деген ақпарат бар...
– Бұл ақпар әлі анық емес. «Ташкентте тұратын блогер бір қызымыз өлді» деген де сыбыс бар. Интернетті өшіру – бұрыннан бар тәжірибе. Ең жаманы – жазалау операциясы кезінде халықтың ішетін ауыз суын байлап тастаған. Халықтың бәрі бірдей көшеге шығып кеткен жоқ.
– Жағдайдың бұдан әрі шиелесіп кетуі мүмкін бе?
– Ертең халық тағы да жиналамыз деп жатыр. Бір жағынан, жұрт шаршады. Ешқандай демеу көріп жатқан жоқ. Халықаралық ұйымдар енді араласуда. Шекара жабық. Сырттан кіре алмаған қарақалпақтардың «шекараны бұзып өтеміз» деген жаман ойлары бар.
Қазір бізді ешкім қолдап отырған жоқ. Қырғыз ағайындар мен қазақ халқы көңіл білдіріп жатыр.
– Өзбекстанның өзінде де халық көтерілуі мүмкін екенін айтып қалдыңыз. Қазіргі билікке наразылық ол жақта да күшті ме?
– Шавкат Мирзиёев – 2002 жылдан бері үкіметте жүрген адам. Премьер-министр болды. Осы уақыт ішінде әлеуметтік жағынан көп өзгеріс жасады деп айта алмаймын. Әрекет жасап та жатыр. Бірақ популизм басым. Көз алдау жасағысы келгенмен, халық бәрін біліп отыр.
Бұдан үміт жоқ. Жаңа адамдар келмесе, көп нәрсе өзгермейді. 20 жыл бойы түк бітірмеген басшы енді бірдеңе жасайды дегенге сену қиын.
Өзбекстан халқы да жұмыссыздықтан қатты зардап шегіп отыр.
– Қарақалпақстандағы жағдай – ұлтаралық жанжал емес, орталықтың шешіміне қарсы бас көтеру деп бағалауға бола ма?
– Ұлтаралық қақтығыс жоқ. Келіп жатқан мәліметтерге қарағанда, өзбек ұлтына қарсы бір ауыз сөз айтылмаған. Халық Ташкент режиміне қарсы шығып отыр. Біз Өзбекстанның ішкі саясатына араласпаймыз. Мирзиёев 40 жыл билікте отыра берсін, тек біздің егемендігімізге қол сұқпасын.
– Ташкент бұл толқуға сыртқы күштердің ықпалы бар екенін айтты. Бұған сенуге бола ма?
– Мүмкін. Шетелдерде, әсіресе, Еуропа елдерінде 1990-жылдардан бастап мықты өзбек оппозициясы жұмыс істеп келеді. Олардың жұмысына нақты баға бере алмаймын. Олар Өзбекстандағы демократиялық өзгерістерді қолдайды. Өзбекстанды «полициялық мемлекет» деп атап жүр. Жасыратыны жоқ, жақсы заңдар шығады. Бірақ олар халық үшін қолданылмайды.
– Енді бұдан кейін не болады? Қандай болжам айтар едіңіз?
– Көп өзгеріс болды деп айта алмаймын. Халықтың көңіл-күйі басқа. Адамдар азаттық аңсап жүр. Бөлек шығуды қалайды. Күшпен басқан сайын өшігу күшейеді. Жастардың көзіне қан толып, «қайтпаймыз» деп үлкендердің де сөзін тыңдап жатқан жоқ.
– Қарақалпақтар бөлінуді қалап тұр ма, сонда?
– Иә, тек қана бөлінуді қалайды.
– Бұл – қантөгіс, соғыс деген сөз емес пе?
– Соғысатындай біздің әскеріміз жоқ. Халық қарсы тұрса, бәрін қырып тастамайтын шығар. Бұл – біздің отанымыз. Қолдан келгенін жасап жатырмыз. Жазып жатырмыз, үндеу жолдап жатырмыз.
– Түркі халықтары арасында бірігу үдерістері басталып келеді. Өзбек халқы да, қарақалпақ халқы да – ағайын. Бәлкім, Ташкент билігі демократиялық жолға түссе, қарақалпақтар бөліну туралы ойдан бас тартар ма еді? Жағдай басқаша болар ма еді?
– Билікке қандай адам келсе де, қазба байлыққа мол өңірді жібергісі келмейді. Түрлі сылтау табады. Өзбек ұлтының саны да қарақалпақтармен бірдей. Әлі де Өзбекстаннан көшіріп әкеліп жатыр. Қандай демократияшыл басшы келсе де, одан ештеңе өзгермейді.
Түркі халықтарының ауызбіршілікте болғаны дұрыс. Бірақ біріміз үлкен болып, екіншімізді «кіші» деп кемсітетін болсақ, онда іргемізді аулақ ұстаған дұрыс.