21 ноября 2019 г. 17:20

НЕГЕ Сингапур бола алмаймыз?

Фото:
Экономистер Олжас

Құдайбергенов пен Тимур Сүлейменов жаңа экономикалық модельге қатысты айтысып қалды.

Мұның бәрі жаңалықтарда айтылды. Бірақ біз үшін Олжас Құдайбергенов ұсынған принциптерді Қазақстанда іске асыру мүмкіндігін кеңірек талқылау маңызды көрінді.

Сонымен, Стратегиялық бастамалар орталығы (СБО) өткізген арнайы форумда орталықтың аға әріптесі, экономист Олжас Құдайбергенов Қазақстанға жаңа экономикалық модель қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Және СБО дайындаған жаңа модельдің негізгі алғышарттарын жариялап, оны мазмұнына қарай төртке бөліп баяндап берді. Біріншісі – бюджетке қатысты саясатты толық жаңарту, екіншісі – қаржы секторын түгел өзгерту, үшіншісі – мүмкіндік жететін экономика және төртіншісі – инновациялық экономика.

Біріншісінде Олжас стратегиялық жоспарлауды қайта қарау керек деді. Экономистің айтуынша, оның аясында ҚР Президенті жанынан Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құру қажет. Сингапур тәжірибесіндегідей әр министрліктің жеке бюджеті болады және олар алдымен жобаны қаржыландырып, тек содан кейін ғана стратегиялық жоспарлау құрады.

Форумға Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Тимур Сүлейменов те қатысты. Тимур Мұратұлының бұған дейін Ұлттық экономика министрлігін және Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясында Қазақстанның мүддесін қорғағанын ескерсек, оның макроэкономикадағы біліктілігіне еш күмән жоқ. Сүлейменов Құдайбергенов айтқан тепе-теңдікті елдегі қаржы-экономикалық блоктың үнемі іздеп келе жатқанын айтты. Бұл мәселеде Сүлейменов Құдайбергеновпен ортақ принциптер бойынша келісті. Бірақ дәл қазір оны жүзеге асыруға дайын еместігімізді ашық айтты.

Nege.kz сарапшылар тобының пайымдауынша, арнайы агенттік ашудың еш қажеттілі жоқ. Біріншіден, қаржы-экономикалық блокты елде Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк, Президент әкімшілігінің экономика бойынша секторлары қадағалап отыр. Президент әкімшілігінің экономикалық блогы Мемлекет басшысына бүгінгі экономикалық жағдай мен алда күтіліп отырған болжамдар бойынша толық ақпарат береді. Әкімшілік барлық тәуелсіз экономистермен, сарапшылармен байланыс орнатқан және олардың ұсыныстарын бір жерге жинақтап отыр. Сондықтан жаңа агенттік ашу бір жұмысты екі қайталап істегенмен тең болмақ. Екіншіден,  ол агенттікте кім жұмыс істейді? Бізде кадр тапшы, өндіріп жұмыс істейтін экономисттердің аты-жөні белгілі. Олар өз көзқарастары мен ұсыныстарын, экономикалық реформалар жоспарларын арнайы агенттік ашпай-ақ білдіре алады. 

Әр министрліктің қаржылық тәуелсіздігін күшейту бойынша Олжас Құдайбергеновтың ұсынысымен келісеміз. Бұл жерде, ең бастысы дербес шешім қабылдайтын адам еліне адал қызмет етемін деп келген маман болуы тиіс. Сонда қаржының игерілмеуі, жоспарлардың бұзылуы сынды жүйелік проблемаларды біржола шешуге болады. Бірақ тәжірибе жүзінде, экономистің бұл ұсынысын бүгін іске асыру мүмкін емес. Бұл шаруа алдағы жылдардың еншісінде.  

Олжас Құдайбергенов таныстырған екінші принцип – қаржы секторын түгел өзгерту. Несие көлемін арттыру керек, бірақ оның алдында банктерді проблемалық кредиттерден түгел тазарту қажет. Сонда экономистің айтуынша, банктер өздерін жібермей ұстап тұрған қыл арқаннан босап, экономиканы дамытуға атсалысады. Сосын теңге бағамына қатысты нақтылық керек, барлық азаматтар алдағы жылы, одан кейінгі жылдары теңге қанша тұратынын қазірден бастап білуі тиіс. Тағы бір ұсыныс, жаңа экономикалық жүйеге көшкенде, мемлекет өзінің барлық сыртқы қарыздарынан құтылуы керек. Экономист өзі толық сенетін Сингапур үлгісін тағы алға тартты. «Қазір Сингапурде сыртқы қарыз нөлге тең. Әсіресе, біздегі инфрақұрылымдық жобаларға мүлде сырттан қарыз алуға болмайды» дейді Олжас Құдайбергенов.

Өз кезегінде Тимур Сүлейменов бұл ұсыныстың банктерге қатысты жағын қолдады. Оның ойынша, ең алдымен банктердің қаржылық тұрақтылығы және экономиканы несиелей алатын қауқары болуы шарт. Экономикаға бағытталған кредиттерге қарағанда, тұтынушылық кредиттің көбеюі түптің түбінде жақсылыққа апармайды. Сыртқы қарызға келгенде, Тимур Сүлейменов Олжас сияқты шорт кесуге дайын емес екенін байқатты. «Сыртқы қарызды түгел жойғаннан гөрі, оны қауіпсіз деңгейде ұстау экономикаға айтарлықтай серпін береді» дейді Сүлейменов.

Біздің ойымызша, бұл жерде Сингапурға иек артуға әлі ерте. Себебі Сингапурдың аумағы шағын болғандықтан, аралдағы мемлекет өзінің барлық инфрақұрылымдық жобаларын іске асырып қойған. Оларда жолдардың барлығы салынған, порттар жұмыс істеп тұр және ғимараттарды жеке компаниялар өз қаржысына таласып тұрғызады. Бізде әзірге инфрақұрылым қалыптаспағандықтан, сыртқа қараздан толық бас тарту Ұлттық қорға ауыр салмақ түсіреді.

Десе де, біз бір нәрседе Олжас Құдайбергеновпен толық келісеміз. Қазіргі экономикалық модельді жаңарту қажет. Оған бюрократиялық жүйе қатты тізесін баса бастады. Қаржының маңында жүрген жауапты тұлғалар шешім қабылдаудан қашатын болды. Соның салдарынан елге қажет жобаларды қаржыландыру қайта-қайта кері шегеріліп келеді.

Енді СБО ұсынысымен Мемлекет басшысы танысады. Ақырғы шешім де – Ақорда жақтан.

Nege.kz экономикалық сарапшылар тобы

Тегтер: