Қос билік – құтым

Бұ қазаққа ештеңе жақпайды негізі, кеше ғана президент ауысқанда қуанған жұрт енді бүгін «билік екеу боп кетті» деп жер тепкілеп жатыр. Былай қарасаңыз, екеу бола ма, төртеу бола ма, қарапайым халықтың не шатағы бар, мысалы. Қайта пайдалы тұсын, оңды жерін ойламай ма. Жоқ, өйтпейді. Бастары қосыла қалса, пыш-пыш әңгіме соғады, отыра қалып сынайды. Осыдан кейін де шығар, жоғарыдан түсіндіру тұрғысында тәп-тәуір толғамды пайымдар айтылып жатыр. Рас, кейде сол пікірлер бір-біріне қайшы келіп қалады. Ондайда қазақ не істейді? Қолын шошайтып, шек-сілесі қата күледі. Дұрыстап ойланып көріңізші, осы да күлетін нәрсе ме енді?!

Егер шынтуайтына келсек, жоғарыдағы ауыс-түйіс қазақтың абыройын сақтап қалды. Қалай дейсіз ғой? Орта Азиядағы қос мықтының бірі – Ислам Каримовтың тағдырын білесіз, тақта отырған күйінде қалғып кетті, марқұм. Өзін өлместей көрген өзбек басшысының үрім-бұтағы қудаланып, шетінен қамалып жатыр. Осы жақсы ма? Әрине, жақсы емес.  Міне, біз бұл қауіптен айналып өте алдық. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, Қ.Тоқаев келгелі әлеуметтік саланың тоңы жібіді. 21 мың теңгенің өзі не тұрады, мәселен. Арыстағы жарылыста алғашқылардың бірі болып шауып барды. Халықаралық қатынастарда да бойын тік ұстап жүр. Бірақ бұдан тұңғыш президенттің беделі төмендеп қалған жоқ. Н.Назарбаев өзінің соңғы жолауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған. Тізгінді Тоқаевқа ұстатпай тұрып, жастарға жалға берілетін тұрғын үйлерді салуға пәрмен берді. Түсінгенге бұл – үлкен көмек. Күні кеше Түркістанға барып: «Тәуелсіздік алған соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін» деді. Қандай жақсы сөз! Түркі мемлекеттері көмектессе көмектесер, көмектеспесе, өзі көмектеседі. Қанша айтқанмен, Арқаның төсіне жарқыратып астана салып берген кісі ғой. Айналып келгенде бәрі де – халықтың қамы. Сол халықтың қамы үшін болмағанда, Түркістанға жататын жер іздеп барды дейсіз бе?!

Қараңызшы, енді осының несі жаман? Елдің маңдайына біткен екі кісінің иықтасып жұмыс істегенінен сіз не жамандық көріп тұрсыз? Сіздің көрмеуіңіз мүмкін, бірақ көретіндер бар. Олар не дейді? Елбасының өкілеттігіне қатысты президенттің жарлығынан бәле іздейді. «Соңғы сөзді Қауіпсіздік кеңесі айтады» деген Әділет министрі Марат Бекетаев пен «Президент – мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы» деген Қ.Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сөзін салыстырады. Салыстырады да, «Міне, қос биліктің белгісі» дейді.

Енді біреулері «Президент неге Елбасымен ақылдасуы керек, өзінің ақылы жоқ па?» деп қиырға салады. Құдай-ау, ақылдасса неғылады екен? Ресейдің «Вести недели» бағдарламасына берген сұхбатында президенттің өзі айтты ғой: «Менің тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасуға мүмкіндігім бар және мен оған еш ұялмаймын» деп. Болды емес пе? Бұдан артық не керек? Егер бұған да көнбесеңіз, сізге бір мысал айтайық. Мәселен сіз кешкісін үйіңізге барғанда әйеліңізбен ақылдасасыз. Сонда не айтасыз? Көп болса, «Көк құнажынды сатып жіберсек, шайқатықсыз қалмаймыз ба?» дейтін шығарсыз. Болмаса, есік алдынан екі ауыз там жалғап, квартирант алсақ, қайтеді?» деуіңіз мүмкін. Көрдіңіз бе, түкке тұрмайтын мәселе үшін де сіз қабырғаңызбен кеңесесіз. Ал анадай деңгейдегі екі кісі неге ақылдаспауы керек сонда? Әлде елдің тағдырын ойыншық көріп жүрсіз бе?

Жарайды, әңгімені көбейтпей, «қос билік бар» деп жүргендерге қосыла салайықшы. Бірақ өтіңіз жарылып кетсе де, айтайық, бізге биліктің дәл осы нұсқасы ұнайды. Неге десеңіз, біз – «Мәңгілік елміз»,  ешкімге ұқсамайтын жұртпыз. Ақыры ұқсамаған соң, мүлде ұқсамай кеткен жақсы ғой, сондықтан бізге керегі – қос билік емес, үш билік. Өйткені бұрынғы президент кеше ауысты, бүгінгісі ертең ауысады. Соны сарылып күтіп жүру қаншалықты қажет? Тұмар текті қыз бола ма, жөні түзу ұл табыла ма, осы бастан ортаға шығарған дұрыс секілді. Ақыры қабаттасқан соң, сапырылыса қабаттасқанның несі ерсі?! Оның үстіне, басы үш жүзден құралған соң ба, қазақ өзі «үш» деген санды өлердей жақсы көретінін білесіз. Бәсеке деген бизнесті ғана қыздырмайды, билікке де жан бітіреді.

Бір қызығы, «үш» санының сұлбасы Қазақстанның саяси көгіне батпырауықтай қалқып шыққалы біраз болды. Мұны түсіндіру үшін мынаны айтайық. Көрші Қырғызстанда бір парламент бар. Украина мен Түркияда да біреу. Ал Қазақстанда – екеу. Рас, Тәжікстан мен Өзбекстанда да екіден. Бірақ олардың «неменесіне жетісіп», қос палата құрып алғанын он ойланып, жүз толғансаңыз да, түсіне алмайсыз. Ал Ресей, АҚШ секілді қос палаталы парламенті бар алып державалардың қатарында Қазақстанның да қомпиып тұрғаны көзге кәдімгідей қонымды көрінеді. Дегенмен біз олардан оздық. Қалай? Қалай деріңіз бар ма, жұрт мемлекетті кімнің басқаратынын айыра алмай жүргенде Ұлттық кеңес құрылмады ма.

Мұның бір керемет жері, «парламент – шал-шабыр мен кемпір-сампырдың ордасына айналды» деп жүргендердің аузына құм құйылды. Пайдасын қайдам, солардан аса зиян да жоқ еді, негізі. Себебі қарттық меңдеп, ұйқы қаша бастаған адам міндетті түрде ұрпақтың қамын ойлайды. Бұл жердегі ұрпақ солардың өзінен тараған болуы да мүмкін. Бірақ олар бізге бөтен емес қой, барлығы да Қазақстанның азаматтары!  

Ұлттық кеңес мүшелерінің тізіміне қарасаңыз, төрағасы мен орынбасарынан басқасы – алпыстан аса қоймаған. Демек шал-шабырдан кейінгі буын. Бірақ «Қоғамдық сенім» дейтін тіркесі бар осы кеңестің қызметі парламенттің жұмысына ортақтасқандай әсер қалдыратыны рас. Содан кейін ғой, қайбіреулер «Ендеше парламенттің керегі не?» деп жатыр. Дегенмен онда тұрған не бар? Жабыла жұмыс істегеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ қой. Оның үстіне, бұл өзгерістер де саяси сықпыты бөлек Қазақстанның ішкі қыжылын тежеп қана қоймай, сыртқы тұрпатын да қоқитып көрсетпей ме.

Қысқасы, қазаққа үш биліктен оңдысы жоқ. Ал қос билік – соған апаратын баспалдақ. Сондықтан ғой, «құтым» деп әспеттеп отығанымыз. Әйтпесе, бізге бөліп берген бірдеңесі бар дейсіз бе?!

Сансызбай НҰРБАБА

Қазір оқып жатыр

Байқоңырдан «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы алғаш рет ұшырылды

«Ареке, дос болайық»: Журналист Арай Есенбектің ісі бойынша тың мәлімет шықты

Айдын Рахымбаев математика пәнінің мұғаліміне BI-дың акциясын сыйлады

«Әділет» партиясының қатарына онлайн түрде қосылуға болады