16 мая 2022 г. 8:54

Қазбек Майгелдинов: Референдум супер президенттіктен толықтай алшақтауды көздейді  

Фото:

5 маусымда еліміздің Ата заңын өзгерту жөнінде референдум өтетіні жарияланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жолғы науқанның мәні мен маңызы ерек. Бұрынғы өзгертулер билікті бір қолға шоғырлануды көздесе, қазір бұған мүлде кереғар мақсатта өтпек.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

Қоғамда «1993 жылғы Конституцияны қайтару керек» деген де сауалдар көтерілді. Бұл енгізілгелі отырған өзгерістердің 1993 жылғы Конституциядан не айырмасы бар?

– Өздеріңізге белгілі, қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы республикалық референдум арқылы қабылданған болатын. 27 жылдан кейін, яғни биыл Конституцияға 33 өзгеріс енгізілмек.

Екеуінің басты айырмашылығын атап өтсем, 1995 жылғы Конституция супер билікті орнатып, билікті президенттің қолына шоғырландыруға бағытталған еді. Биылғы 5 маусымда өтетін референдум супер президенттіктен толықтай алшақтауды, супер президенттік биліктен  президенттік классикалық билікке ауысуды көздейді. 

1993 жылғы Конституцияға келетін болсақ, 33 өзгерістің ішінде сол Конституцияның да баптары бар. Мысалы, Конституцияның 1-бабының 2-тармағындағы «Жер – Қазақстан халқының меншігінде» деген норма қайтарылатын болады. Бұл – бір.

Фото: ғаламтордан

Екіншісі –  конституциялық сотқа қатысты. Жалпы, мұның да айырмашылығы бар. 1994 жылы конституциялық сотқа кез келген қазақстандық азаматтың шағымдануға немесе өтінішпен келуіне мүмкіндігі болған жоқ. Тек қана құзырлы мекемелер мен органдардың басшыларына ғана қолжетімді болды. Енгізілгелі отырған Конституциялық соттың басты айырмашылығы – Қазақстан азаматының конституциялық құқығы бұзылған жағдайда шағым түсіруге мүмкіндік алады. Былайша айтқанда, бұл – адам құқықтарын қорғау бойынша үлкен қадам.

Қазіргі Конституцияның жобасы қоғам талабынан шығады деп ойлайсыз ба? Жаңа жоба – Жаңа Қазақстанға серпін әкеле ала ма?

– Қазіргі конституция жобасы шын мәнінде қоғам талабынан шығып отыр. Неге десеңіз, 2019 жылдан бері Президент жанындағы Қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кірген қоғам белсенділері, азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарының нәтижесінде саяси реформалар жүріп жатыр. Сол саяси реформалар Конституциялық өзгерістердің басты алғышарты болды деп айтуға болады.

Мәселен, сайлау жүйесін өзгертуге, мажоритарлық жүйені енгізуге қоғам тарапынан үлкен сұраныс болды. «Тек партиялық тізім бойынша ғана емес, бір мандатты округ арқылы Қазақстанның кез келген азаматы сайлануға мүмкіндік алсын» деген талап қойылды. Бұл талап ескеріліп отыр.

Фото: ғаламтордан

Бұдан кейінгісі ­–  жергілікті өңірлердегі мәслихаттардың жұмысына, олардың өкілеттілігін кеңейтуге байланысты ұсыныс еді. Бұл да ескеріліп, Президенттің жергілікті мемлекеттік органдарға қатысты құзыреті шектеліп, облыс, қала, аудан әкімдерінің актілерін қайтару мүмкіндігі алынып тасталмақ. Облыс әкімін сайлаған кезде президент екіден кем емес кандидатура ұсынады және оған облыстың ғана емес, барлық аудан, қала мәслихаттарының депутаттары дауыс бере алады.

Тағы бір маңызды мәселе ­–  біздегі заң шығаруға байланысты түйткілдер. Көптеген заңдарды азаматтық қоғам өкілдері сынап келген еді. Заңдарды қабылдау үрдісі өте ұзақ жүретін. Енді Мәжілістің құзыреті күшейеді. Парламенттегі Сенаттың заң қабылдау функциясы Мәжіліске беріліп отыр. Бұл заңдарды қабылдау үдерісін тездетеді.

Жаңа жоба Қазақстанның дамуына жаңа серпін әкеледі. Мұның басты мәні осында. «Екінші республиканың» құқықтық нормасын, құқықтық негізін, жаңа ережелерін бекіту Ата заңнан бастау алайын деп отыр. Осылайша, Жаңа Қазақстанның  жаңа саяси жүйесін қалыптастырамыз. Соның нәтижесінде тек қана Конституция ғана емес, жиырмадан аса заңнамаға өзгеріс енгізілетін болады.

Жобаны жасауда қоғамдық пікір қаншалықты ескерілді?

– Жоғарыда айтып өткендей, қоғамдық пікір ескерілді. Конституциялық реформалар бойынша жұмыс тобы өз жұмысын аяқтағаннан кейін де 91-бап бойынша ­–  тұңғыш президенттің тарихи рөлі туралы мәселе үлкен сынға ұшырады. Нәтижесінде қоғам пікірі ескеріліп, бұл норма алынып  тасталды. Бұл тек тарихи факт ретінде қалатын болды. Осындай өзгерістерді көріп отырмыз.

1991 жылғы президенттік сайлау. Фото: ғаламтордан

Мұның бәрі ­– шын мәнінде халықтың, қоғамның талабы. Ең бастысы, Президенттің өзі айтқандай, реформаны Парламент қабырғасында өткізе салуға болар еді. Бұған дейін енгізілген өзгерістер солай жасалған-ды. Бірақ Президент мемлекеттік басқаруды халық арқылы кеңейтпек. Халықтың өзі таңдау жасап, дауыс бергенін қалап отыр.  

Референдумда 11 өңір халқы жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі деген ақпарат шықты. Неге есеп бұлай жүргізіліп отыр?

– Референдум туралы заң бойынша, сайлаушылардың 50 пайыздан көбі дауыс беретін болса, іске асты деп белгіленеді. Өту рәсімі нақты жазылған. 11 өңір деп бөлшектеу жоқ. Оған Қазақстанның барлық өңірлері қатысады.

Референдумда тек қана бір ғана сауал болатыны және оған «ия» немесе «жоқ» деп жауап беру керектігі қаншалықты дұрыс?

– Референдум өткен кезде бюллетеньде «өзгерістерді қолдайсыз ба, жоқ па?» деген тармақтар болады. Бұл туралы Президенттің 6 мамырдағы жарлығында нақты жазылған.

Фото: Ақорда

Референдумның маңызын жұрт қалай түсініп отыр?

– Елімізде өңір-өңірлерде біздің Қазақстандық қоғамдық даму институты «Сарап» эксперттік клубын өткізіп жатыр. Бұған дейін Алматы, Көкшетау, Петропавл қаласында, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысында отырыстар өткізу арқылы диалогтық алаңдар ашып, қоғам белсенділерімен, жастармен, студенттермен түсіндірме және ақпараттық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұдан басқа «Аманат» партиясы және басқа да ұйымдар, депутаттар өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сондықтан 5 маусымда референдумге келген кезде азаматтарды осы референдумның мәні мен маңызы бойынша толыққанды ақпарат болады деп есептеймін. Бұдан бөлек, референдум туралы заң бойынша да, қазіргі өзгерістер бойынша да БАҚ-тар да толық ақпарат беріліп жатыр.

Сұхбатыңызға рахмет.

Тегтер: