USD
USD
USD

Әлемдегі жанармай дағдарысы: Қазақстан рейстерді қысқарта ма?

Әлемде ірі авиакомпаниялар жанармай бағасының қымбаттауына байланысты рейстерді азайтып жатыр. Осыған байланысты NEGE тілшісі Қазақстандағы жағдайды Көлік министрлігі мен Энергетика министрлігінен сұрап білді.

авиаотын
Фото: istockphoto.com

Астана, NEGE. Энергетика министрлігі елде әуе отыны қоры жеткілікті екенін мәлімдеді. Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың айтуынша, елде жылына шамамен 750 мың тонна әуе отыны өндіріледі, ал жалпы сұраныс 1,2 млн тоннаға жетеді. Яғни, отандық өндіріс барлық қажеттілікті толық жаппайды, жетіспейтін бөлігі импорт арқылы толықтырылады. Соған қарамастан, өндірілетін әуе отыны алдымен ішкі рейстерге бағытталады. Нәтижесінде, ел ішіндегі әуе қатынасы толықтай отандық жанармаймен қамтамасыз етіліп отыр. Қазіргі таңда республика бойынша әуе отыны қоры шамамен 150 мың тоннаны құрайды.

«Ішкі нарыққа рейстер үшін жеткізілетін әуе отыны толықтай қазақстандық өнім есебінен жабылады. Қор жеткілікті. Қазіргі таңда ел бойынша шамамен 150 мың тонна әуе отыны бар», – деді ол NEGE тілшісінің сұрағына жауап беріп.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров та әуе компаниялары жанармаймен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда рейстерді қысқарту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

«Бүгінгі күні әуе рейстерін азайту немесе қысқарту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Егер қандай да бір өзгерістерді байқасақ, міндетті түрде хабарлаймыз. Бірақ қазір ондай жағдай жоқ. Керісінше, бізде жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Қалиақпаровтың айтуынша, әуе тасымалындағы жанармай бағасын төмендету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Еуропадағы авиаотын қоры небәрі алты аптаға ғана жететінін мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, авиакеросин тапшылығы Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімдерінің шектелуімен және өңірдегі әскери қақтығыстармен байланысты.

Қазір оқып жатыр

Нұргүл Ертаеваның Алматыдағы коттеджі 1,5 млрд теңгеге сатылды

.

Қазақы тазы Болоньяда өткен World Dog Show 2026 көрмесінде салтанатты түрде таныстырылды

Тазы

Тоқаев Пашинянды «Азаматтық келісім» партиясының сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Пашинян, Тоқаев

Аптап ыстықтан Шымкент маңындағы тас жолға зақым келді

тас жол