АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?
«Мұнайдан келген экологиялық зардапты біз шегеміз, ал экспорттан түскен табыстың игілігін бүкіл республика көреді» деген наразылық Атырау тұрғындары арасында жиі айтылады. Атырау мұнай өңдеу зауытының айналасындағы көпжылдық дау осы пікірлердің үдеуіне түрткі болып келеді.
10 жылда жағдай оңалған жоқ
Астана, NEGE. Алғашқы ірі эпизод 2013 жылдың қараша-желтоқсан айларында тіркелген. Уәкілетті органдар жүргізген тексеру барысында зауыттың алау қондырғыларында 693 753,1 м³ қышқыл газдың ашық ауада нормадан тыс жағылғаны анықталған. Экология департаменті бұл фактіні қоршаған ортаға өрескел зиян келтіру деп бағалап, 2014 жылы сотқа 23,7 млрд теңге көлемінде талап-арыз берген.
Материалдарда ахуал өндірістік бақылаудың жеткіліксіздігінен және технологиялық тәртіптің сақталмауынан туындағаны көрсетілген. Басқаша айтсақ, бұл – кездейсоқ апат емес, кәсіпорындағы басқару мен бақылау жүйесінің әлсіздігінен болған жүйелі кемшілік.
2025 жылғы тексерулер 10 жыл бұрынғы проблеманың әлі жойылмағанын көрсетті. Керісінше, бір мезетте бірнеше экологиялық талап бұзылған. Сотқа ұсынылған материалдарда өндірістік ағынды сулар көлемінің 44 мың м³-ден асқаны, оның бір бөлігі қоршаған ортаға рұқсатсыз төгілгені, салдарынан шамамен 3 гектар аумақтың ластанғаны көрсетілген. Ал технологиялық режимнің бұзылуына байланысты ірі мөлшердегі газ ауада жағылған.
Сот мұның бәрін дәлелденген фактілер деп танып, өндірістік процесті бақылау жүйесінің әлсіз екенін ресми түрде растады.

Былтыр жазда зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов тұрғындарға тарайтын жағымсыз иісті ауыздықтау шаралары қолға алынғанын айтқан.
«Зауыт қалаға жақын орналасқандықтан біз жауапкершілікті толық сезінеміз. Сол себептен де қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға күш салып жатырмыз. Tazalyq жобасы, автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу, резервуарларға понтон орнату, жабдықтарды жаңғырту және ашық иіс көздерін жою сияқты нақты шаралар қолға алынған», – деген болатын ол қоғамдық экологиялық кеңес отырысында.
Алайда 2025 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың қаңтарында зауыт бірнеше рет жұмысын жоспардан тыс тоқтатып, оның экологиялық зардабын тағы да тұрғындар шекті. Нақты айтсақ, 40 мың м³-ге жуық газ ауада лаулап, атмосфераға тасталған шығарындының көлемі нормадан бірнеше есе артқан.


Өткен айда зауытқа 520 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл іс тұрғындардың жаппай шағымынан кейін бастау алған. Тексеру актілерінде атмосферадағы күкіртсутек концентрациясының рұқсат етілген деңгейден 36,3 есеге дейін асқаны көрсетілген.
«Күкіртсутек – адам ағзасына айқын зиян келтіретін улы зат. Оның шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асып кетуі шырышты қабықтарды және тыныс алу мүшелерін тітіркендіріп, бас ауруын, жүрек айнуын туғызады, жалпы жағдайды нашарлатады. Ал жоғары мөлшерде жедел улану қаупі бар.
Осылайша, анықталған шектен асу халықтың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. ШРК-дан асу фактісі уәкілетті органдардың материалдарымен және құралдық өлшеулердің нақты деректерімен расталған», – делінген іс құжаттарында.
Денсаулық көрсеткіштері не дейді?
Жергілікті халықты алаңдатып отырған мәселе жағымсыз иіс пен жайсыздық қана ма? Ресми статистикаға көз салып көрейік.

2024 жылғы деректер бойынша өңірдегі қала халқының арасында қан айналым жүйесі ауруларының 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші 4 093,5 болған. Республикадағы орташа көрсеткіш – 2 972,2.
Қан қысымының артуымен сипатталатын аурулардың көрсеткіші (100 мың тұрғынға шаққанда) 1 860,4 болса, республика бойынша – 1 286,7.
Қан және қантамыр аурулары республика бойынша 864,4 деңгейінде болса, Атырау облысының қалаларында – 2 143,2.
Тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары да жоғары деңгейде қалып отыр. Мысалы, созылмалы бронхит пен эмфизема Атырау облысының қала халқында 302,8 деңгейінде тіркелген, ал республика бойынша – 259,2.
Балалар денсаулығы да алаңдатарлық жағдайда. Қан айналым жүйесінің туа біткен ақаулары аймақтың қала халқында 180,6 деңгейінде, ал республика бойынша 115,8. Бұл да ұзақ мерзімді экологиялық факторлардың ықтималдығын көрсетеді.
2023 жылдан 2024 жылға дейін қала халқының арасында тыныс алу ағзаларының аурулары 100 мың адамға шаққанда 11 699,1-ден 13 431,9-ға дейін өскен. Қысқа уақыт ішінде айтарлықтай өсім бар деген сөз. Пневмония бойынша да өсім байқалады – 585,7 көрсеткіштен 808,7 деңгейіне дейін артқан.
Ескерту: Бұл статистиканың бәрі Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының жинағынан алынды. Ресми статистикада қалалардың дерегі берілмегендіктен, Атырау облысындағы қала халқының көрсеткіштерін талдап отырмыз. Өңірдегі Құлсары сияқты өндіріс шоғырланбаған қалалардың экологиялық көрсеткіштері жалпы статистиканы жұмсартып көрсетуі мүмкін. Ал Атырау қаласының, соның ішінде АМӨЗ-бен іргелес жатқан Тасқала, «Химпоселок» сияқты аумақтардың статистикасы ресми мәліметтерден әлдеқайда күрделі болуы ықтимал.
Осы мәселе жуықта ғана Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте де көтерілді. Атырау облысының әкімдігі, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасында үшжақты келісімге қол қойылды.

Сол келісім негізінде 2026-2029 жылдары өңірде экологиялық факторлардың халық денсаулығына әсерін кешенді зерттеу жоспарланып отыр. Осылайша, Атыраудағы экологиялық жағдай мен халық денсаулығы арасындағы байланыс мәселесі енді ДДСҰ деңгейінде зерттелетін тақырыпқа айналып отыр. Бірлескен зерттеу АМӨЗ-дегі өндіріс инфрақұрылымынан атыраулықтардың денсаулығына тікелей әсері бар-жоғын ғылыми негізде нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Автор: Анық Есімбай