29 декабря 2025 г. 16:08

Қазақстан шетелдегі туристерін қорғаудың Орталық Азиядағы бірегей жүйесін қалай құрды

Фото: «Туристік қамқор» қорының баспасөз қызметі

Туризм саласы азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің мүдделері тоғысатын маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі кезде шетелге саяхаттау қалыпты құбылысқа айналғандықтан, форс-мажор жағдайларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті. Соңғы жылдары Қазақстанда шетелге шыққан туристердің құқықтарын толық қорғауға және қажет болған жағдайда оларды елге қайтаруға мүмкіндік беретін тиімді жүйе қалыптасты. Бұл жүйе өз тиімділігін тәжірибеде дәлелдеп, логикасы жағынан бірқатар еуропалық елдерде қолданылатын туристерді қорғау тетіктерімен тең деңгейде жұмыс істеп келеді.

Аталған кепілдік беру жүйесінің қалай құрылғаны және оның бүгінгі жұмысы туралы біз кепілдік беру жүйесін құрушылардың бірі, «Туристік қамқор» қорының директоры Асылхан Есіловпен сұхбаттастық.

– Кепілдік беру жүйесі қалай құрылды және «Туристік қамқор» қоры бүгінде шетелге шығатын туристер үшін не істеп отыр?

– Кепілдік беру жүйесі – шетелге шығатын туризм саласындағы нақты тәуекелдерді талдау негізінде қабылданған мемлекеттік шешімнің нәтижесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл дағдарыс немесе күрделі жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін тікелей көмек.

2010-2015 жылдар аралығында шетелге шығатын туризмде дағдарыстық жағдайлар жиілей түсті. Туроператорлар банкротқа ұшыраған кезде туристер шетелде қолдаусыз қалатын. Мысалы, 2010 жылы 450 турист зардап шексе, 2015 жылы олардың саны 7 400 адамнан асты. Осы кезеңде азаматтарды тұрақты түрде қорғайтын жүйелі механизмнің қажеттілігі айқын байқалды. Соның нәтижесінде 2016 жылы Үкіметтің №607 қаулысы қабылданып, кепілдік беру жүйесі енгізілді. Ал «Туристік қамқор» қоры осы жүйенің әкімшісі әрі үйлестірушісі болып бекітілді.

Бүгінде қордың негізгі миссиясы – қандай жағдай болмасын, әрбір қазақстандық туристің Отанына аман-есен оралуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта қор туроператорлар, турагенттіктер және туристер үшін бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірледі. Яғни, нарықтағы барлық қатысушы бір жүйе аясында жұмыс істейді.

– Туркод неліктен жүйенің негізгі элементіне айналды?

– Туркод сапар басталмай тұрып-ақ жауапкершілікті айқындайды. Ол туристің қорғау жүйесіне енгізілгенін және оның сапары цифрлық бақылауда екенін көрсетеді. Қиын жағдай туындаса, туркод шұғыл әрекет етуге негіз болады.

Ең бастысы, туристерді қорғау төтенше жағдай болған кезде емес, турист сапарға дайындала бастаған сәттен іске асады. Біз алдын алу және түсіндіру жұмыстарына ерекше мән береміз. Қағаз құжаттардан бас тарту және адами факторды азайту негізгі қағидаттардың бірі болып саналады. Процестердің толық цифрландырылуы ақпараттың жоғалуы мен түрлі тәуекелдерді едәуір төмендетті. Ашықтық пен заманауи технологиялар азаматтардың сенімін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

– Соңғы жылдары шетелге шығатын туризмде қандай өзгерістер байқалады?

– Басты өзгеріс – бұрын тәуекелі жоғары саналатын бұл сала бүгінде мемлекет пен нарықтың нақты реттелген жүйесіне айналды. Бұл басқару тәсілінің түбегейлі жаңарғанын көрсетеді.

Кепілдік беру жүйесі енгізілгелі бері Қазақстанның бірде-бір азаматы шетелде қалып қойған жоқ. Осы уақыт ішінде қор ең күрделі кезеңдерді қоса алғанда, шамамен 18 мың адамды елге қайтарды. Бұл тек қор жұмысының тиімділігін емес, мемлекет пен туристік сала арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін де көрсетеді.

COVID-19 пандемиясы бүкіл әлем үшін үлкен сынақ болды. Көп елдерде шешімдер асығыс қабылданып, мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ түсті. Ал Қазақстан бұл жағдайда тиімді әрі ойластырылған жолды таңдады. Қор қысқа мерзімде, мемлекеттік бюджет есебінсіз 13 елден 5,7 мыңнан астам азаматты эвакуациялады. Сол сияқты 2022 жылғы қаңтардағы төтенше жағдай кезінде жеті елден 9 мыңнан астам азаматтың елге оралуы ұйымдастырылды.

«Туристік қамқор» қорының баспасөз қызметі

Бұл жағдайлардың барлығында жүйе алдын ала дайындалған алгоритмдер мен цифрлық және қаржылық тетіктер арқылы жұмыс істеді. Жүйенің қаржылық дербестігі салық төлеушілерге қосымша салмақ түсірмей, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

2024 жылы ұйымдастырылған шетелге шығатын туристер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 1,1 миллион адамды құрады. Бұл азаматтардың жүйеге деген сенімін айқын көрсетеді.

– Шетелге шығатын туризмнің ішкі туризмге әсері бар ма?

– Иә, мұндай әсер бар және ол жүйелі сипатқа ие. Кепілдік беру жүйесі енгізілгеннен кейін туроператорлар тұрақты қаржылық модель қалыптастырып, өз қызметін кеңейтуге мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде олар келу туризмін дамытуға да атсалыса бастады.

Айта кету керек, Қазақстанға алғашқы чартерлік рейс дәл осы жүйеге қатысушы туроператор арқылы ұйымдастырылды.

Бүгінде жүйе қатысушылары елге келетін туристік ағынды дамытуға белсенді үлес қосып келеді.

– Көзге көрінбейтін, бірақ стратегиялық маңызы бар нәтижелер қандай?

– Ең маңызды нәтиже – жүйенің алдын алу бағытында жұмыс істеуі және нарықты тәртіпке келтіруі. Бастапқыда қордың басты мақсаты азаматтарды жедел қорғау болса, бүгінде туркод механизмі шетелге шығатын туризмнің бүкіл құрылымын реттейтін негізгі құралға айналды. Туроператор, турагент және туристің міндеттері нақты айқындалды.

Қор туроператорлармен және турагенттермен тұрақты байланыс орната отырып, нақты уақыт режимінде бағыттардағы өзгерістерді, қабылдаушы елдердегі жағдайды бақылап отырады. Бұл туристер үшін тәуекелдерді алдын ала азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл туристерге арналған жедел желі іске қосылды. Қазіргі таңда шетелге шығатын туризм нарығындағы барлық тізбек бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

– Қорытындылай келе, биылғы жылдың басты нәтижелері қандай?

– Бұл жыл таңдалған модельдің тиімді әрі тұрақты екенін дәлелдеді. Кепілдік беру жүйесі азаматтарды қорғаудың сенімді тетігі ретінде өз жұмысын жалғастырып келеді. Алдағы басты міндет – шетелге шығатын туризмге деген сенімді одан әрі нығайту, цифрлық шешімдерді дамыту және туристердің қауіпсіздікке жауапты көзқарасын қалыптастыру.