16 июня 2024 г. 11:22

Қазақстан әскері: Табыт құшақтаған аналардың зары

Фото: qazdauiri.kz

Қазақстан әскері туралы жағымды дүние естімейтін болдық. Азаматтық борышын өтеуге аттанған қаншама сарбаздың ата-анасы табыт құшақтап қалды. Сөзімізге дәлел ретінде айтсақ, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапқан.

 Ал Бас әскери прокуроратура кейінгі төрт жыл ішінде әскерде 90-ға жуық өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелгенін хабарлаған.

Шын мәнінде, олар суицид жасады ма? Өзіне қол жұмсауға не түрткі болды? Мұның түбіне әскердегі әлімжеттік пен ақша бопсалау жеткен жоқ па? Сұрақ көп, бірақ баласының болашағынан үміт күткен ата-ана істің ақ-қарасы анықталмай жатып, жылы жабылып қалатынына наразы. Әскерге сау кетіп, төсекке танылған сарбаз Ербаян Мұхтардың және Қонаев қаласындағы 5571 әскери бөлімде ажал құшқан Алмас Шахимов пен Арсен Ишановтың ата-анасы әділдік іздеп Алматыға келді.

Гүлсім Қамиева, Ербаян Мұхтардың анасы:

Екінші отада миының оң жақ бөлігін алып тастаған

жеке мұрағаттан

– Біз Астанада тұрамыз. Ұлым Ербаян Мұхтар 2002 жылы 27 маусымда өмірге келген. Өте ашық, жанашыр, бауырмал. Колледжді бітіріп жұмыс істеп жүрген. Әскери комиссариаттан адамдар келгіштеп кетті. Содан балам бір күні «есік алдында адамдар кеп тұр, әскерге кетіп барамын» деп құжатын алуға келгенін айтты. Әлгі адамдарға жолығып ем «Балаңыз комиссиядан өтіп, қайтып келеді» деген. Бірақ содан біржола алып кетті.

2023 жылдың 27 мамыр айында Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне қабылданды. Ал 4 желтоқсан күні түнгі сағат 2-де баламды қазіргі жағдайға алып келген оқиға болған. Бірақ бізге сол күні емес, ертесіне кешке хабар келді.

Маған командирі Нұрсат Хасенұлы хабарласып әуелгіде «Ербаян ауырып қалып еді» деді, сәлден соң қайта қоңырау шалып «Балаңыз реанимацияға түсіп қалды. Қатты уайымдамаңыз, жағдайы жақсы» деп қоя салды. Жүрегім тас төбеме шығып, жылай бердім. Іле-шала күйеуім жұмысыма келіп, алып кететінін айтты. Қайта үйге кеп әлгі командирге хабарласып едік «Ес-түссіз комада жатыр» деген жауап алдық. Дереу билет алып Алматыға ұшып келдік. №12 қалалық орталық ауруханада жатыр екен. Шынымен, бала ес-түсін білмейді. Мұрнының үстіне лейкопластырь жабыстырып қойған. Көз асты көгерген. Кезекші дәрігерден жағдайын сұрасам, «Басына ота сәтті жасалды», – деді селқос қана. Баламның үстіндегі жамылғыны ашып көрейін десем, ашқызбайды. Мен өз ұлымның денесін көре алмаймын ба?

жеке мұрағаттан

Бейнежазба бойынша оқиға түнгі 2-де болған дейді. Бірақ екі-үш минуттың ішінде осындай жағдай болды деп ойламаймын. Екі-үш сағат баланы тоқтаусыз ұрған сияқты. Жедел жәрдемді неге сағат 4-те шақырады? Сосын №12 ауруханаға әкелген соң ертеңгі сағат 10-ға дейін жатады. Содан кейін ота жасаған.

Алғашқы комадан есін жиғанда сөйлей алмаса да, белгі беретін. «Ербаян, сені ұрды ма? Солай болса, белгі берші» деп әкесі екеуміз сұрағанда көзін жұмып, қолымызды қысты. Бұдан кейін күйеуім 5571 әскери бөлімінің бригада командирі Бақдәулет Оспанбековке мән-жайды айтып еді, бірден баланы әскери госпитальге алып кеткен.

 «Бізге тағы бірдеңе айтып қояды» деп сақтанған сыңайлы. Тіпті, ата-анасы, бізді де рұқсатсыз кіргізбейді. Сөйтіп, «басына ірің жиналып қалды» деп, ескертпестен тағы ота жасап миының оң жақ бөлігін алып тастаған. Қазір жағдайы күрт нашарлап, мәңгүрт болып қалды. Дәрігерлер қандай дәрі беріп жатқанын жасырады, палатаға шприцпен дайын тамақ әкеледі. Осылай жатқанына 6 ай болды. Өткенде аз дозада допинг беріп жатырмыз деді. Бұл зиян емес пе? Енді баланың әскери борышын өтейтін уақыты» бітті деп пәтерден, бәрінен шығарып тастады. Тіпті, памперсін де әкелмейді. Президентке де, Бас прокуратура, Қорғаныс, Денсаулық министрлігіне де жаздық. Бәрінен «бақылауда» деген жауап қана келеді. Басқа ешқандай көмек жоқ.

Білесіз бе, әскери полиция «мәйіт» деген істі ашып қойған. Әскери госпитальда жарты миын кесіп тастағаннан кейін ол 12-ауруханада «өледі» деген оймен іс ашылған.

Толқын Ғалымова, Арсен Ишановтың анасы:

 «Мама, мені аман келсін десең, ақша салыңызшы...»

жеке мұрағаттан

«Өз-өзіне қол жұмсаған» деген Арсен Ишановтың анасы да әділдік іздеп жүр. Қонаев қаласында әскери борышын өтеуге аттанған сарбаз Орал қаласының тумасы. Әскерге сау жіберіп, табытын құшақтап қалған ана Толқын Ғалымова баласының өліміне оның әскердегі командирлері мен жасы үлкен қаруластары кінәлі деп санайды. «Ұлымды сержанттар ұрып-соққан. Жаттығу кезінде үлгермей қалдың деп ұрған, қысқасы, қиыс кеткен сәттердің бәрінде оны ұрып-соққан. Ұлым бұған төзбеген, рухани сынып кеткен», – дейді марқұм сарбаздың анасы.

 – Ұлым Арсен Ишанов 2003 жылы өмірге келді. Оралда  тұрамыз. Оқудын шығып қалған соң, әскери комиссариатқа барып тіркелді. Одан бұрын күзде көшеден ұстап әкеткенде шығарып алдым. Тым болмаса, 20-ға толсын дедім.

Баламды үйден күштен алып кетті. Бәріміз шығарып салдық. Қолына телефон бердім. Бір айдың ішінде «істемей қалды» деді. Ант қабылдау рәсіміне барған кезде қажетіне жаратар деп азын-аулақ ақша мен жаңа телефон ұстаттым. Сол кезде баламның көзінде от жоқ боп көрінді. «Не болды? Ешкім әлімжеттік жасап жүрген жоқ па? Өзіңе сақ бол, ішіңе тыға берме» деп едім, әбден кетерде «Жігіттер арасындағы әңгімені сізге айта алмаймын» деген болатын.

Бар бәле сол кезде басталған боп тұр ғой. Жүрегім мазасынданып қайттым. Одан хабарласқан сайын сұраймын, «жақсы» дейтін. «Жақсы бол, шира, пысы деп» ақылымды айтамын. Шілде айынан бастап ақша сұрай бастады. Басында 2-3 мың деді, кейін 20-30 мың сұраған кездер болды. «Не үшін сұрай бересің? Бәрі тегін емес пе?» деп едім, «Кейде сусын, бургер аламыз. Туған күнге жинаймыз» деді. Басқа нөмірлерден хабарласып, соған ақша салуымды сұрайды. «Мама, мен аман келсін десең, салып тұршы, келген соң жұмыс істеп қайтарамын» дейтін. Еш сөзге келместен салып тұрдым. 2 қараша күні телефон шалып «100 мың бар ма?» деді ақырын сөйлеп. «Жұмыстамын, әзірге 15 мың салайын, қалғанын кешке» дедім. Ең соңғы тілдескенім сол. Сөйтсем, оған дейін де, 4-5 қараша күндері де қызымнан, достарынан, туыстардан да ақша сұрапты.

2023 жылдың 7 қарашасында түскі уақытта командирі «Балаңыз гараждың ішінде өзіне қол салып, әскери көліктің шынжырына асылып қалды» деген суыт хабарды жеткізді. Көрген-баққанымыз сол ғана. Үш адамның түсінік беруімен «өзі өлді» деген шешім шығарды. Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғады, бірақ дәлелдердің болмауына байланысты тергеу ісі аяқсыз қалған. Балам «өлем» деп кеткен жоқ еді, «Аман-есен оралып, жұмыс істеп, бәрін жасаймын» деген мақсаты болды.

Ойынқұмар офицер балама несие алғызған

жеке мұрағаттан

Дәл осы Қонаев қаласындағы 5571 әскери бөлімде екі жыл бұрын қайтыс болған Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева мен әжесі де әділдік іздеп шарқ ұрып, барар жер, басар тауы қалмаған.

– 2022 жылдың 27 мамыр күні военкоматқа досымен бірге барған баламды ұстап алып, қамап, дәрігерлік тексеруден өткізіп, әскерге алып кетті. Бір ай бұрын баламның көзіне ота жасалған. Көзі елу пайыз көрмейтініне қарамастан, әскерге алып кетті. 4 күннен соң атына несие алдырған. 21 күннен кейін банк қызметкерлері хабарласып, несиені төлейтін уақыттың өтіп кеткенін айтты.

Дмитрий Корпенко деген офицерге харласып, «Баламның атына несие алыныпты» десем, «Телефоны менде болса, мен алды деп ойлайсың ба? Менің қатысым жоқ. Сенің балаң мерзімінің соңына дейін борышын өтемейді» деп қорқытты. Ол балама әлімжеттік көрсететінін ашық айтты.

Содан несиені өзім төлейтінімді айтып, тек баласына тиіспеуін сұрап, жалындым. Әскерге дейін тіпті туыстарынан ақша сұрамайтын ұлым достарынан қарызға ақша сұрай бастаған. Бұл несиені Шахназар деген офицер алдыртқан. Кейіннен оның құмар ойынға әуес екені белгілі болды. Баламның ажалы осы несиеден болды. Шахназар несие алдыртып, құмар ойын ойнайтынын мойындаса да, бұл істі дұрыс тергемей, жауып тастады.

2022 жылы 9 тамыз күні сағат 23:45 Алмастың қайтыс болғандығы туралы хабар келді. Бірінші экспертиза қорытындысында «Үш жерден пышақталған, бүйрегі қатты соққыдан төмен түскен, 26 жерден дене жарақаты бар» деп жазылған. Алайда, тергеу материалдарында бұны жазбаған да, ескермеген де.

Алмасты табытпен әкелгенде мойнында белдіктің іздері болды. Мәйітті жуған кезде темекімен күйдірілген жерлерін көрдік. Қысқасы, баланы азаптап өлтірген. Ал бізге «полигонда дауыл болып, басына палатка құлап, мерт болды» деп хабарлаған. Алмасты елге жеткізгенде азотқа жуындырып, көгерген жерлерін көрсетпей әкелген. Бірақ жуындырған кезде көгерген жерлерін байқадық.

Айтпақшы, үш ана да балаларын әскерге көшеден ұстап әкеткеніне екпін түсірді. Бұл қаншалықты дұрыс? Ал бұған мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Жас жігіттерді әскерге күштеп әкетуді қолдаймын. Соңғы геосаяси жағдайға байланысты армиямызды күшейту қажет. Одан басқа жол жоқ», – депті. Бірақ қазақ армиясының әлеуетін көтеру үшін жүйедегі былық пен әлімжеттікті болдырмау туралы бірауыз сөз айтпағаны өкінішті. 

P.S: 6 айдан бері аурухана төсегінде жатқан Ербаян Мұхтардың туыстарының заңгері Инга Иманбайдың айтуынша, кешегі баспасөз мәслихатында айтылған талаптың бірқатарының орындалуына қол жеткізіпті. «Тергеу тобының құрамы өзгеретін болды. Әскери бөлімде отыратын тергеушілер істен шеттетіледі. Іс 5571 әскери бөлімінде емес, Бас әскери прокуратурада тергелетін болды. Ербаянның ауруханадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа құрылған тергеу тобы жетекшісі атына өтінішхат қалдырдық. Біз әділеттілікке жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз» дегенді айтты.

Осы материалды жазып отырғанда тағы да сарбаз өлімі тіркелді. Былтыр күзде Алматы облысы, Қарасай ауданынан Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 20 жастағы Ақан Өсербайдың туыстары да қара жамылды. 13 маусымда суыт хабарды естіген ата-ана ұлының әскери техника астына түсіп қаза тапқанына сенбейді. Бұл факт бойынша қызметтік тексеріс тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды.