25 ноября 2020 г. 8:59

Қара қытай қаптаса... Қытай НЕГЕ халық санын өсіргісі келеді?

Фото:

Сонау 1970 жылдары Қытайдың коммунистік партиясы «бір отбасы – бір бала» саясатын енгізіп, бала тууды түбегейлі шектеген еді. Дәл осы қатаң саясатты 40 жыл бойы жүргізген ел билігі соңғы жылдары соның зардабын тартып үлгерді.

Яғни, Қытай халқы қартайып, жұмыс күші азайып кеткен. Мәселенің қайда әкеп соққанын түсінген билік 2013 жылы «бір бала» саясатын оңайлатып, миллиондаған отбасыға арнайы шартпен екі бала өсіруге мүмкіндік жасады. Мысалы, әуелі ауылдық жерде тұратын отбасыларға бірінші баласы қыз болса, екінші бала өсіруге рұқсат берді, ал кейінірек ерлі-зайыптылар әке-шешесінен жалғыз болса, екі бала тууға шектеу қоймайтын шешім қабылдады. Сол кезде отбасыны жоспарлау ұлттық комитеті әр жылы 3 млн бала туылады деген болжам жасапты. Нәтижесінде Қытайда 2050 жылы жұмыс күші шамамен 30 миллионға, ел көлемінде үйленетін қыз таба алмаған бойдақ жігіттердің саны 2020 жылға дейін 40 миллионға жететінін айтқан. Ең өкініштісі, «бір отбасы – бір бала» саясаты енгізілгелі бері 400 миллион нәресте дүние есігін аша алмады деген де көрсеткіш бар. 

«Қытай әйелдерінің құқығы» ұйымын құрушы қытай әйелі Чжан Цзин: «Нәрестенің туылуға қақы бар, оған дүниеге келу құқығын компартия емес, Құдай береді. Сәбилердің өмірге келу-келмеуіне партия араласпауы керек. Компартия көп жылдан бері осылайша адам құқығын аяқ асты етіп келеді», – десе де, саясатты қатаң ұстанатын биліктің беті бері қарамады. 

Қытай халқы «қартайып» барады 

Шынында да, бұл саясаттың «жемісі» не? Елде күштеп аборт жасату, жаңа туған қыздарды өлтіру дерегі көбейді. Яғни, отбасына тек ер бала сүюге ғана таңдау берілді. Қытай билігінің 2015 жылы отбасылық саясатты өзгерткені қытай халқын қуантса да, «Бір отбасына екі бала» саясаты өзіндік түйткілін де ала келді.

Қытайдың туу көрсеткіші 2016 жылы біршама артса да, 2017 жылы қайта құлдыраған. Бұл көрсеткіш Қытайдың жақын арада «Бір отбасына екі бала» саясатын да алып тастап, бала тууға деген шектеуді мүлдем жоятын жолға әкелген. Айтса айтқандай, ел билігі таяуда осындай шешім шығарып, халқын дүр сілкінтті. Себебі, елде 60 жастан асқан қарттар саны 254 млн адамға жетіп, тұрғындардың 18,1 пайызын құраған.

Жергілікті демографтарда бұл көрсеткіш 2025 жылы 300 млн-ға жетеді деген уайым басым. Ал есесіне, еңбекке қабілетті халық 2050 жылы 200 млн-ға қысқарып кетуі мүмкін екен. БҰҰ есебі бойынша, 2030 жылға дейін Қытайда 67 миллионға жуық жұмыс қолы азаяды.  

Бірақ бала тууды шектеуді алып тастау халық санының күрт өсуіне жол аша ма? Заңдық тосқауыл алынғанымен көптеген отбасы көп бала сүюге пейілді емес екен. Себебі, ата-аналар тұрғын үй, денсаулық, білім үшін көп қаржы жұмсайтындықтан тәуекелге бара алмайтынын жасырмайды.

АҚШ-тың Wall Street Journal басылымы бұл саясатты «Қытай мемлекетінің адам еркіндігіне араласуының әлем тарихында кездесетін ең нашар үлгілерінің бірі болған дәуірінің аяқталуы» деп жазды.

Мақалада: «Бірақ бұл адамның жеке таңдауын құрметтеуден туған көрегендік шешім емес. Қытай басшылығы халқы тез қартайып бара жатқанын, яғни демографиялық дағдарыс қаупі төнгенін кеш те болса мойындады» делінген.

Ұлыбританияның Times газетінің жазуынша, әлем халқының бестен бір бөлігіне жуығын құрайтын Қытай «бір отбасы – бір бала саясатының» арқасында халық санының өсуін 400 миллион адамға кемітіп, әлеуметтік мәселені азайтып, бұған қоса тамақ және өзге де жұтаң ресурстардың тапшылығын тежеуге қол жеткізген.

Бұдан бөлек ерлі-зайыптылардың ұл балалы болуға ұмтылуы мен экономикалық және әлеуметтік қысым салдарынан гендердік тепе-теңдік бұзылған. Guardian газетінің дерегінше, Қытайда 30 миллион жігіт жұп таба алмай, мүлде үйленбей қалуы мүмкін. Жас жігіттердің көбі жұп таба алмаған қоғам тәртіпсіздіктерге бейім болады» деп жазады Times.

Қысқасы, Қытайда 2015-2025 жылдар аралығында 15 пен 59 жастағылардың саны 24 миллионға азаяды деген болжам шындыққа келеді. Ал 65 және одан да кәрілердің саны 66 миллионға көбеймек. Бұған биыл індет бастау алған елде қаза тапқандар санының артуы себеп шығар деген ой болған. Алайда, мамандар коронавирустан өлгендер саны бұл ел үшін түкке тұрғысыз көрсеткіш деп санайды. Сонда ел халқының көбі зейнеткер болса, кім жұмыс істейді, кім табысынан салық төлейді?  

Нәбижан Мұхаметханұлы, қытайтанушы: 

Қаладағы жас отбасылар бір бала да туғысы келмейді​

 

– Бұл шектеуді алып тастауға басты себеп – Қытай халқы қартайып барады. Екінші, еңбек күші тапшы. Бұрын Қытайда еңбек ресурсы арзан болатын. Ал қазір еңбек күші қымбаттап кетті. Оған себеп – 30-40 жылдан бері Қытай халқы жалғыз бала саясатымен өмір сүрді. Бұл жалғыз бала өскенде еңбек еткісі келмейді. Өйткені, әке-шешесі, ата-әжесі, нағашы ата-әжесі бар, алты адамның ортасында кішкентай патшадай өседі. Не керек, бәрін алып береді. Дайынға үйренген. Содан кейін де жалқау, әлжуаз балаға айналады. Оның үстіне әскер қатарында әлсіз, жігерсіз балалар қаптап кетті.

Қытайдағы шетелдің ірі кәсіпорындары бұл елден Үндістан, Малайзия, Вьетнамға көшіп жатыр. Сондықтан үш жыл бұрын бала санын 2 балаға көбейтуді енгізген. Алайда, 2 балаға рұқсат берсе де, қаладағы жас отбасылар бір бала да туғысы келмейді. Бұлар оны асырау, оқыту қымбатқа түседі деп ойлайды.

Тіпті, қыз бала болса ерте түсік жасату қалыпты құбылысқа айналды. Сондықтан мұнда ұл балалар 1,5 пайызға көп. Демек, Қытайда болашақта ер азаматтардың отбасылы болып кетуі үлкен мәселе. Ал «бір отбасы – бір бала саясатын» мүлдем алып тастау соны шешу үшін қолға алынса керек.

Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы:

Бала тууды шектеу саясатын мүлдем жойса, аз ұлттар жедел түрде өседі 

– Қытайда отбасыны жоспарлау, тууды шектеу саясаты 1970 жылдары басталды. 1980 жылдары үлкен мемлекеттік саясат ретінде жолға қойылды. Сол саясатты атқарғысы келмегендерге, яғни баланы өмірге әкелгісі келген ата-аналарға қатаң іс-шаралар қолданылды. Мысалы, егінші болса жерінен, малшы болса жайылымынан, қызметкер болса жұмысынан айырды. Бұл саясат 1980 жылдан бастап 2010 жылға дейін қауырт жүрді. Қытайдың және әлемдік деңгейдегі әлеуметтанушы ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде ұрпақ сабақтастығының үзіліп қалу және ұлттың қартаю қаупі бары айтылды.

Жалпы, бұдан бөлек өскелең буынның бойындағы эгоистік сезімнің шыңға шығып кетуі секілді әлеуметтік мәселелердің салдары «бір бала – бір отбасы» саясатын босаңсытты. Қалалық жерлерде бір баланы екі балаға, аз ұлттарға екі баладан үш балаға көбейтуге рұқсат берді. Егер үш баланың үшеуі де қыз болса, өмірге ұл бала әкелуге мүмкіндік туғызды.

Меніңше, бұл саясатты мүлдем алып тастамайтын шығар. Себебі, қазірдің өзінде Қытайда ресми санақ бойынша 1,5 млрд халық бар. Өзімнің болжамым бойынша, мұнда тіркелмеген азаматтардың саны да аз емес. Бәрін есептегенде, Қытай аумағында 2 млрд халық тұрады.

Осы тұрғыдан келгенде, Қытайдың жан саны өссе де, жерінің көлемі өспейді. Яғни, Қытай бала тууды өз еркіне жібере қоймас. Шынын айту керек, қазір қалаларында отбасын кеш құрып, перзент сүйгісі келмейтін жастар қалыптасқан. Ауылдарында бала көтерсе, туып жүре береді. Бұл саясатты мүлдем жойса, мұндағы аз ұлттар жедел түрде өседі. Мұсылман халықтары діни тұрғыдан баланы өмірге әкелуге тырысады. Ананың құрсағына біткен перзентті Алланың сыйы деп есептейді. Қытай билігі мұны да ескермей қоймас, сірә? Бұған дейін қытайландыру саясаты аз ұлттардың өсіп-өнуін шектеп келді. Әрине, бала тууға деген шектеуді мүлдем алып тастаса, біздің қандас бауырларға тиімді болар еді.         

Тегтер: